Сейсенбі, 19 наурыз, 15:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Акциядан әркімнің де бар үміті…

29.11.2021

981 0

… «Өткен жетіде Қазақстан қор биржасы (KASE) тізіміндегі және Курсив-20 индексіне енген 20 эмитент қағаздарының алдыңғы аптада құлдыраған бағасы қайта қалпына келді. Индекс мәні 1 298,47-ден (03.11.2021 сауда күнінің соңындағы) 1 345,62 пунктке (10.11.2021 ж. 15:00 жағдай бойынша) өсті».

Қазір осы мазмұндағы ақпаратқа көпшілікті елең ететіні жасырын емес. Себебі соңғы кезде қор биржасына тек инвесторлар ғана емес, сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар да қызығушылық танытып жүр. Тіпті қарапайым халықтың өзі дәл қазір акция сатып алатындай жағдайы болмаса да, бағалы қағаздар туралы ақпаратты білуге ұмтылысы сезіледі. Бұл – айлықтан-айлыққа өмір сүретін көпшіліктің қалай табыс көзін арттырамын деп қаржылық сауаттылығын арттыруға деген ықыласы. Сондай-ақ жұртшылықтың ақшасының басын құрап, акция сатып алуға қызығуына соңғы кезде брокерлік компаниялардың көбеюі мен мобильді қосымшалардың пайда болуы да әсер етсе керек. Біздің  бұл тақырыпқа қалам тартуымыздың себебі де сол, оқырман сұранысынан туған еді. Сонымен бүгінде қор нарығындағы белгілі компаниялардың акциясын сатып алу жолдары біршама жеңілдеді. Сондай-ақ қор нарығындағы жақсы жаңалықтың бірі – шетелдік компаниялардың акциясын теңгемен сатып алуға мүм­кіндік жасалды. Қор биржасының баспасөз қызметі хабарлағандай, KASE-тің ресми тізімінде Bank of America Corporation, Apple Inc, Форд, Coca-cola, Nike компанияларының жай акциялары бар. Жуырда ғана елге келген Pfizer вакцинасын өндіруші компания акцияларын да KASE-тен сатып алуға болады. Әлемге белгілі кофеханалар желісі  Starbuks корпорациясының жай акциялары Tesla, Exxon Mobil, Microsoft кор­порациясының жай акциялары да отандық биржа тізімінде бар.

Акцияны қалай сатып алады? Мамандар кеңесіне сүйенсек, ең алдымен брокерлік компанияны таңдап, инвестициялық стратегияңызды анықтап, келісімшартқа қол қойып, трейдерлік терминалды жүктеп, брокерлік шотты толтыру керек. Брокер сіздің өтінішіңізді биржаға өткізген соң барып, акциялар иелене аласыз. Акция сатып алу жөнінде  қаржы тақырыбында жазатын журналист-блогер Дәулет Төлеутайұлы акция таңдауда компанияны таңдау әркімнің өз құқы екенін айтады. «Сіз акция сатып аларда қай компанияны таңдауды өзіңіз шешесіз. Мамандар тек болжамын айтады.  Болжам бұл бір ауа-райы секілді. Акцияға негізі ешкім 100 процент өседі деп кепілдік бере алмайды. Егер біреу сізге салған ақшаңызды өсірем десе, күмәнмен қараңыз», – дейді ол.

Бір айта кетерлігі, соңғы екі жылда елде жеке инвес­торлар жасара түскені байқалады. Инвестор жасына талдау жасаған «Курсив» газетіне жарияланған дерекке сүйенсек, 2019 жылдан бері 18-24 жастағы брокерлік шот иелерінің қатары 8 есе көбейсе, 25-34 жастағы жеке инвесторлар саны екі есе өскен.

Орталық депозитарий дерегі бойынша жыл басынан бері жеке тұлғаларды брокерлік шоттары 1,5 есе өсіп, 1 қа­занда 198 461-ге жеткен. Жас шамасына қарай алсақ, 35-54 жастағы инвесторлардың үлесі басым (40,56%), екінші орында – 25-34 жас аралығындағы топ (26,02%), үшінші орында – 55-тен асқан инвесторлар (23,56%), төртінші орында – 18-24 аралығындағы жастар (9,73%).

Егер осы деректерді 2019 жылдың басындағы көрсеткіштермен салыстырар болсақ, шамамен екі жарым жыл ішінде 35-54 және 55+ жастағы инвесторлардың үлес-салмағы азайғаны байқалады. Жасы 55-тен асқан шот иелерінің үлесі 33 пайыздан бірден 24%-ға дейін төмендеген. 35-54 жастағы инвесторлар үлесі де 44 пайыздан 40,56%-ға дейін азайған.

Есесіне 25-34 жас аралығындағы инвесторлар үлесі 20-дан – 26%-ке, ал 18-24 жастағылардың үлесі 2%-тен 10%-ке дейін өскен. 18-24 аралығындағы жас инвесторлар қатары пандемия басталғалы қарқынды өсе бастаған. 2020 жылы осы топтағы инвесторлар саны 2,6 есе, ал биыл сегіз айда шамамен төрт есе өсті.

Айта кетейік, кәмелет жасқа толмағандарға да брокерлік шот ашуға болады, алайда олардың саны әзірге 300-ден енді асқан.

Бөлшек сауда брокерлері де өз клиенттерінің айтарлықтай жасарып келе жатқанын байқап отыр. «Фридом Финанс» АҚ  18-24 жастағы клиенттерінің  үлесі 9%-тен асса (шамамен 76 мың), 25-34 жас аралығындағылардың үлесі шамамен 27%-ті құраса, Freedom Finance Global клиенттерінің арасында (21 мың шот) 18-24 жастағылардың үлесі екі есе жоғары –  18%-тен асады, 25-34 жастағы жеке инвесторлар қатары шамамен 38%-ті құрайды.

Halyk Finance ашқан 51 мың брокерлік шоттың 9,5 мыңға жуығы –  18 бен 24 жас аралығындағы клиенттерге тиесілі. 25-34 жастағы инвесторлар ашқан шот саны 18 мыңға жуықтаған. Осылайша бұл брокердің клиент базасы­ның 54%-ін 35 жасқа дейінгі инвесторлар құрап отыр.

Жас инвестор қатарының көбеюіне брокерлік шот ашу процесінің жеңілдеуі мен мобильді қосымша арқылы қашықтан толыққанды сауда-саттық жасау мүмкіндігі ықпал еткен.

«Жастар – қоғамның дижитал құралдарды көп пайдаланатын өкілі, сондықтан 35 жасқа дейінгі инвес­торлар үлесінің артуы да түсінікті»  дейді Halyk Finance сарапшылары.

Сауалнамаға қатысқан брокерлердің ішінде жас клиенттері ең көп өскен – Jusan Invest.  Бұл брокер клиенттерінің 30,4%-ін 18-24 жас аралығындағы инвестор­лар құрайды, ал 25-34 жас аралығындағы клиенттердің үлесі  40%-ке жеткен.

Жас жеке инвесторлардың нарықтағы іс-әрекеті сауда-саттықты айтарлықтай белсенді жүргізуімен сипатталады дейді Halyk Finance өкілдері. Брокердің айтуынша, ай сайынғы транзакциялардың жартысына жуығын 35 жасқа дейінгі инвесторлар жасайды, ал белсенді клиенттер арасындағы үлесі шамамен 57%-ті құрайды. Әрине, жас инвесторлардың чегі де соншалықты қымбат емес.  KASE мәліметтері бойынша, биржадағы жеке инвесторлардың орташа чегі 210 мың теңге айналасында екен.

Halyk Finance-тың жас клиенттері KASE-де сауда жасағанды жөн көреді. 35 жасқа дейінгі инвесторлар жасайтын мәмілелердің 95%-тен астамы осы алаңда өтеді.

KASE-тегі қағаздардың арасында бұл аудиторияға ең танымал құралдар қатарында Халық банктің, Kcell мобильді операторы, «ҚазТрансОйл» сынды компаниялардың акциялары бар. Сондай-ақ KASE-те листингтен өткен ресейлік эмитенттер: «Газпром», Сбербанк, ВТБ акциялары да сұранысқа ие.

«Фридом Финанс» АҚ мәліметтері бойынша, 18-24 жастағы клиенттер басымдық беретін бағалы қағаз санымен қазақстандық көк фишкалы компаниялар мен ресейлік компаниялар акциялары көш бастап тұр. Сонымен қатар мұндай инвесторлардың портфелінде борыштық бағалы қағаздар да бар: Қазақстан Даму Банкінің еурооблигациялары, KazOnlineFinance мик­­роқаржы ұйы­мының купондық облига­циялары. Көш басында ҚазТрансОйл, Freedom Holding Corp, Kcell, «Бастапқы орналастыру қоры­ның» акциялары тұр.

Брокердің 25-34 жас то­бын­дағы клиенттері қа­зақстандық және ресейлік компаниялардың акцияла­ры­нан бөлек, Қазақстан орнықтылық қорының об­лигацияларын, «Техноли­зинг» және Capital Leasing тобының жоғары табысты ку­пондық облигацияларын жақсы сатып алады.

Ал Jusan Invest-тің жас клиент­тері арасында жоғарыда атал­ған көк фишкалармен қатар, «doSTAR» және «harMONEY» инвес­ти­циялық қорының пайлары мен KASE-те сатылып жатқан Apple акцияларына сұраныс жоғары.

Halyk Finance клиенттері AIX алаңында биржалық ноталарды сатып алғанды жөн көреді, өйткені бұл қаржы құралының бағасы біршама төмен, қолжетімді.

AIX мәліметі бойынша, биржалық нота сатып алуға болатын Tabys қосымшасына 22 қазанға дейін 13 000-ға жуық пайдаланушы тіркелген.  Соның ішінде 18%-і  – 18-24 жас аралығындағы клиенттер, ал 41%-ке жуығы –  25-35 жастағылар.

AIX және шетел биржаларында сауда жасауға мүмкіндік жасайтын Freedom Finance Global компаниясы жас клиенттердің шетелдік көк фишкалар мен IPO-ға деген қызығушылығын атап өтеді. Осылайша, 18-24  жастағылар қызығатын құралдар қатарына ВТБ Банк, Қытайдың TAL Education Group және Nio, сондай-ақ американдық Apple, Tesla, Bank of America, Wells Fargo & Company акциялары кірді.

25-34 жастағы клиенттер де жоғарыда аталған қытайлық компаниялар мен ВТБ Банкінің акцияларын жақсы сатып алған. Сонымен қатар олардың қоржынында IPO-ға жақында шыққан компаниялар: Didi, Robinhood, Clover Health Investments Corp. бағалы қағаздары бар.

Halyk Finance мамандары алдағы уақытта брокерлерге комиссияны 35 жасқа дейінгі инвесторлар төлеп, табысының басым бөлігін қамтамасыз етеді деп тұжырымдайды. «Жас клиенттердің қор нарығына деген қызығушылығы қазірдің өзінде айтарлықтай жоғары екенін атап айтады.

Дегенмен акция сатып алу жағынан өзгелермен са­лыстырғанда қазақстандықтардың үлесі әлі де аз. Дерекке сүйенсек, Қазақстанда 330 000 адамның брокерлік шоты бар екен. Бұл халықтың 2 проценттейі ғана.

Деректерге сүйене отырып, бір байқағанымыз бүгінде жастардың табыс көзін көбейту, ақша жинау тәсілі өзгеше.Сандыққа ақша жинайтын немесе талай купондардан аузы күйген аға буын мен бүгінгі толқынның пікірі бір арнада тоғыспайды. Жастардың қаржы басқарудағы жаңашылдыққа ілесуі де жаңалық.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: