Жұма, 19 сәуiр, 14:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Арал, біз сенімен біргеміз!

10.07.2021

1758 0

Осы аптаның бейсенбісінде редакциядағы жігіттер жиналып, Қарауылтөбеге қарай бет алдық. Мақсатымыз – Аралдағы ағайынның төрт түлігіне жем-шөп дайындауға жәрдемдесу. Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараға жүзге жуық ерікті қатысты.

Біз Қарауылтөбе ауылына жақындағаннан алдымыздан жастар ресурстық орталығының үлкен автобусы көрінді. Одан бөлек бес-алты жеңіл автокөлік бар. Барлығына көмекке қолын созған жастар мінгескен. Бәрінің ойға алған мүддесі ортақ, мақсаты бір. Бойларын жігер жаныған жастар ауыл маңында орналасқан күріш алқабының жиегіндегі шалғынға орақ салуды көздеп келеді.

Сонымен межелі орынға да жеттік. Дархан дала төсін самал жел тербеп тұр. Бұл сол сәттегі жастарға жасалған Жаратқанның жәрдемі іспетті. Әйтпесе, бұған дейін Қызылорданың ми қайнатар ыстығы  төбе тесердей еді.

Жол бойы алқапта егілген жоңышқа да көз жауын алардай көкпеңбек. Сондай-ақ суға бастырылған сыр маржаны да жаныңа шуақ сеуіп тұр.

Шынын айту керек, атадан балаға мирас болған мал шаруашылығының жағдайы биыл мәз емес. Арал ауданында қуаңшылық орын алып, ондағы халықтың 500-ден аса малы өлген. Бұл – ресми деректегі сан ғана.  Ал аман қалған төрт түлікке қажетті 9 мың тоннадан аса шөптің 22 проценті сонда жеткізілген дейді мамандар. Бұған дейін мәселенің мән жайын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өз бақылауында екенін мәлімдеді.

– Арал ауданында су жағдайына байланысты мал азығының жетіспеушілігі байқалып отыр. Осы ретте аймақтағы шаруа қожалықтары шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Бос жатқан егіс алқабының атыз жағалауындағы шөптерді жинауға жастарды, еріктілерді жұмылдыру қажет. Бірлік көрсеткен жағдайда ғана бұл кезеңнен шығамыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Өз кезегінде облыстық жастар ресурстық орталығы «Аралға кө­мектесейік» атты үндеу жариялап, оған  аймағымыздың түкпір-түкпірінен қолдау көрсетушілер қатары күн санап артуда. Қиналғанға қол ұшын беріп, жабыққанның жанынан табылу халқымыздың қанында бар қасиет. «Көңіл көңілден су ішеді» дейді байырғы бабаларымыз. Біз де осы мақсатпен көптің қатарына қосылдық. Үндеуге қолдау көрсеткен қала жастары  Қарауылтөбеден табылды. Шөп оруға «Жасыл ел» еңбек жасағының елуге жуық өкілі, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері және жастар орталығының қызметкерлері де барды. Ә дегеннен білек сыбанып, жұмысқа кірістік. Мұндайда қарап тұруға болмайтынын түсінген жастар ширақ қимылдай бастады. Біз жұмыс істеп жүріп, шабындыққа барған ауыл тұрғынын әңгімеге тарттық.

– Қарауылтөбе ауылында орылатын шөп жеткілікті. Өзі­міздің жергілікті тұрғындар өздеріне тиесілі орын­дарды белгілеп, содан орады. Мұндай аты жаман қуаңшылықтың бұрын болғанын әкелерімізден ести­тінбіз. Халқымызда саулық сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» деп жатады. Қазақ халқы үшін төрт түліктің орны бөлек. Бұйырса, бұл қиындықтан да іркілмей шығамыз деп ойлаймын. Шабылған шөптің межелі орынға жеткізілуі міндеттелген мекемелерге байланысты. Шараға шарапатын ти­гізген жастарға аталық алғысымды айта­­мын, – дейді Қарауылтөбе ауылының тұр­ғыны Тынымбек Сейілханов.

Облыстық жас­тар ресурстық орталы­ғының басшысы Азамат Мүкеев өзі бас болып, шөп оруға кірісті.

– Арал ауданын­да­ғы экологиялық жағдай Сыр жастарын да алаңдатып отыр. Сондағы су тап­шылығы тұрғындардың ата кәсі­бінің құлдырауына әкеп соғуда. Осы рет­те аймақ жастары арал­дық жерлестеріне гуманитар­лық көмек көрсету мақ­сатында облыстық жастар ре­сурстық орталығы жа­­риялаған «Жастар­дан жәрдем» атты акцияға үн қосуда. Игі шараға аймақтағы барлық аудан жастары атсалысуда. Апта соңына қарай жастар мен еріктілердің еңбегі­мен және кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауымен жинақталған жем-шөп, мал азықтары «Жастардан жәрдем» атты керуен болып, Арал ауданына жолға шықпақ, – деді ол.

Бір кештің өзінде бір кө­лікке жүк боларлық шөп орылды. Бұл тек бастамасы ғана дейді белсенді жастар. Облыстық жас­тар ресурстық орталығының басшысы Азамат Мүкеевтің айтуынша, Аралға көмектесемін деген кәсіпкерлер де бар кө­рінеді. Осындайда жұдырықтай жұмылған жұрттың ынты­мақты тірлігіне разы боласың. Құдды бір дүйім жұрт «Арал, мен сенімен біргемін!» деп тұрғандай әсер қал­дырады. Қа­ламды ораққа айырбас­тап, ерік­тілермен бірге шөп оруға барған біз күн бата егістік алқаптан қалаға қарай бет түзедік.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ         

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: