Жұма, 26 сәуiр, 15:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Азаматтық неке бақытқа жеткізе ме?

26.04.2022

989 0

Осыдан он жыл бұрын үлкен өмірге қадам басып, жоғары оқу орнына түсіп, студент атандық. Бірінші курста жатақханаға жатуға тура келді. Ата-ананың қасынан жырақта, қалаға келіп өмір сүру – ауыл жастары үшін таңсық дүние. Басты мақсат – сабақты жақсы оқып, үйде тілеуіңді тілеп отырған жандардың үмітін ақтау. Осылайша уни­верситет жатақханасына орналастық. Жаңа өмірдің баспалдағынан аттағалы тұрған бізде қобалжу басым. 

Ал мұнда жан-жақтан жиналған жастардың қайнаған ортасы. Әрбір студент бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Бір бөлмеге 3 қыз орналастық. Арамыздағы үлкені – Әсел. Ол бізден 2 курс жоғары оқыды. Екі-үш ай бірге тұрып, басқа бөлмеге ауыс­ты. Басында өз құрбыларының қа­сына кеткен шығар деп ойладық. Алайда артынша жігітімен бірге тұрып жатқанын көрдік. Тұрмысқа шықпаған қыздың мұнысы несі деп таң қалғанымыз бар. Бірақ әрі қарай оны қазбаламадық.

Елімізде соңғы жылдары екі жастың азаматтық некеде тұруы әдетке айналды. Олар өзара келіспей қалған жағдайда екеуі екі жаққа кете барады. Жасыратын несі бар, әдепкіде үрке қарадық. Ал қазір көбінің көзі де,  құлағы да үйренді. Тіпті мән де бермейтін болдық. Дегенмен азаматтық некеден туған баланың өмірі не болмақ? Бұл сұраққа келгенде амал­сыздан үнсіз қаламыз. Өкінішті-ақ. Иә, неке алдымен Алланың, сосын ағайын-туыстың алдында жария түрде от­басын құрудың шарты. Ал уақытша бірге тұрғандарға «неке» деген қасиетті сөзді жалғауға бола ма? Себебі олардың бірге өмір сүруі көп жағдайда ешбір нәтиже бермейді. Анықтап айтсақ, аза­маттық неке дегеніміз, бұл ер адам мен әйел адамның ешбір құжатсыз, неке куәлігінсіз бірге тұруы. Қарап отырсақ, бұл некеде жарасып кететіндер қатары некен-саяқ. Өйткені оның  соңы ұзаққа бармайды.

Азаматтық некеге көбіне қыз-келіншектер сенеді екен. Ал жігіттер қауымы оған уақытша деп қарайды. Өкінішке орай, бүгінде осы арқылы балалы болып жатқан жұптар да жетерлік. Соның салдарынан некесіз дүниеге келген нәрестелер мен жетім балалар саны артуда. Қалай десек те, біз қозғап отырған бұл мәселе қазаққа жат ұғым. Өйткені уақытша некеге дінде де тыйым салынған. 

– Исламда бір ғана неке бар, ол – өмірлік неке. Адам отбасын құрып, бала сүйеді. Ер адам отбасы мүшелері үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал «азаматтық неке» деген ұғым­ның өзі дұрыс емес. Өйткені азамат деген бізде жақсы мағынада қолданатын сөз. Уақытша некені олай атап, оған нұқсан келтір­меген жөн. Осының бәрі – ата-ана­ның балаға дұрыс тәрбие бере алмағанынан туындап отырған мәсе­ле. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Бұрын ұрпағын басқа елге жібермес үшін жеңгесін қайын інісіне алып берген. Сондай-ақ көзкөрген жермен құда болып, ұл-қыздарын үлкендер ақылдаса отырып қосқан. Осылай түрлі келеңсіз жағ­дайдың алдын алған. Алайда мұндай оқиғаға тап болатындардың дені толық емес отбасынан шыққан жастар деп ойлаймыз. Қай кезде де ата-ананың тәрбиесі көзге көрініп тұрады. Не істеймін десе де, бетінен қағып, ақыл айтып отырған ешкім жоқ. Дінде уақытша некенің арбауына түскен әрбір адам зина жасағанмен бірдей. Ал зинаның күнәсі бәрінен де ауыр болады, – деді дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Бақтияр Оспанов.

Ертеңгі ұрпақтың өмірін бұлыңғыр етпес үшін бүгіннен бастап осы мәселенің алдын алу қажет. Сондықтан осындай батыстан келген жат нәрселер қазақ халқының тазалығы мен адалдығына балта шаппаса екен. Психологтың айтуынша, азаматтық некені жөн көрген ер адам былай ойлайды екен.

– Ол маған ұнайды. Бірақ мен еш­теңе уәде ете алмаймын. Алдын-ала ескерттім, мен басы бос, еркін адаммын. Ренжіскен күннің өзінде кете саламын. Әйел деген жетіп артылады емес пе?». Ал әйел болса: «Оны қолға түсірдім ғой, қайда кетер дейсің» деген үміт жетегінде жүреді екен. Сөйтіп, ол көнбістікке салынып, күндіз-түні «қай жағынан алып қарағанда да менен артық таппайсың» деп өзін-өзі дәлелдеумен күні өтетін көрінеді. Азаматтық неке шетелден келген ағым. Мәселен, Еуропада немесе Америкада азаматтық некені әйелдер қауымы менің «бойфрендім» бар десе, жігіттер менің  «гиелфрендім» бар дейтінін естіп жүрміз. Аудармасы әйел досым, еркек досым деген сөз. Қазақтың құлағына түрпідей тиіп отырған азаматтық неке, міне, осыдан келіп шыққан. Олардың бірге тұрғанымен, бір-біріне деген жауапкершілігі жоқ. Жасыратын не бар, бүгінде біздің елімізде де азаматтық некенің жастар мен студенттер арасында түрі өте көп. Мұны қолдайтын жастар да көп. Былайша айтқанда, еті үйреніп кеткен. Ал ата-ана ше? Рас, олар көп жағдайда баласының немесе қызының біреумен заңды некеге тіркелмей тұрып жатқанынан бейхабар болады. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сол. Бізге түрлі жағдайға тап болған қыз-келіншектер келеді. Өз мұңдарын айтып, тура жолды көрсетіп, ақыл-кеңес беруімізді сұрайды.  Бірге тұрса да оп-оңай ажырасып кете салатын азаматтық некеде тұрғандардың жан жарасы бірден жазылып кетпейді. Әсіресе, әйелдер психологиялық күйзе­ліске ұшырап жатады. Осындай неке салдарынан жалғызбасты ана­лардың саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Бірге тұрып, ақыры алданып, аяғы ауыр болып қалған қыздар баланың әкесінен әлеуметтік жәрдемақы ала алмай отыр. Сондықтан да мен бұл қадамға бармастан бұрын сізге осындай өмір керек пе, жоқ па, соны жақсылап ойланып алыңыз дейтін едім, – деді психолог Шынар Мырзағали.

Қазақ қашанда ар-ұятты бәрінен жоғары қояды. Сондай-ақ қыз баланың адалдығы, тазалығы – ең басты орында. «Қызды қырық үйден тыю» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, жастар тек бүгінімен ғана өмір сүрмеуі керек. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ұл-қызымыздың қайда барып, немен айналысып жүр­генін күнделікті қа­дағалап отырған жөн сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: