Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Азаттық рухы

16.12.2021

8540 0

Тәуелсіздік! Осы бір сөздің мағынасын терең түсініп жүрміз бе? «Біз тәуелсіз елміз» деген сөзді естігенде қанша қазақтың көңілі толқып, жүрегі қаттырақ соғады екен? Шын мәнінде бұл сөз айтуға ғана оңай. Ал оның астарында, түпкі мәнінде терең мағына жатыр. Отанды қастерлеу, елдің ынтымақ-бірлігін сақтау – сайып келгенде егемендікті көздің қарашығындай сақтайтын әр қазақтың міндеті. Сол себепті де әр қазақ баласы азаттықты жанынан артық қастерлеуі қажет. Өйткені тәуелсіздік бізге оңай жеткен жоқ, өздігінен келген жоқ. Егемендікті еншілеп, тәуелсіз ел атанамын дегенше қазақ халқының басынан небір нәубетті жағдайлар өтті. Бірақ соның біріне де мойымай бойымызға атаның қаны мен ананың сүті арқылы сіңген қасиетіміз Қазақ елін алға қарай бастай берді. Бір кездегі үш жүздің басын қосып, өз алдына хандық құрған Керей мен Жәнібекте де, ел бірлігін көздеген Асан қайғы мен Бұқар секілді жырауларда да, ақ киізге көтерген Абылайханда да, туған елін қорғап, туған жерін жауға таптатпаған Бөгенбай мен Қабанбайда да, тіпті Исатай мен Махамбетте де бір үлкен тылсым күш болды. Бұл күш қазақ халқын азаттыққа бастайтын рух еді. Сол азаттық рухы бәрібір қазақты бостандыққа бастары, ерте ме, кеш пе алаш баласының егемендік алатыны айқын еді. Ақыры сол рух 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының бойынан көрініп, 70 жыл бойы өз үстемдігін құрған кеңестік үкіметтің мәңгі құламастай болып көрінген қабырғасын сөкті. Биыл ызғарлы қыста тәуелсіздікке жол салған Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр.

Өткен тарихқа үңілсек, қазақ даласында үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Барлығына түгел тоқталмасақ та Кенесары ханның патшалы Ресейге қарсы он жылдан астам уақытқа созылған соғысын, Исатай мен Махамбеттің көтерілісін, Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық күресті атап өтуге болады. Желтоқсан оқиғасы – осы ұлт-азаттық көтерілістердің жалғасы.

Қазақ халқын басқа біреудің билеуіне бермей, сол кезеңде жастар «қазақты қазақ қана билесін» деген ұранмен Алматыдағы алаңға шыққан еді. Ал қазақты қазақ қана билеу керектігі, қазаққа қазақтан басқаның уәжі жүрмейтіні сол кезден-ақ аян болатын.

Бойында қазақтың қаны бар, жүрегі «Мен қазақпын» деп соғып тұрған азаматтар кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің ұзақ жылдар Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаевты бір күнде ауыстырып, орнына Колбинді әкеліп қойғанына шыдамады. Басқаның бәріне көнсе де қазақтай бүтін бір ұлысты өзге ұлттың өкілі басқаруына жол бере алмады. Алматыдағы орталық алаңға сол кезде жастар көптеп жиналып, бейбіт шеру жасап, өз ойларын білдіріп бақты. Бұл 1986 жылғы 16 желтоқсан болатын. Иә, тек өз ойларын ғана айтқан, бейбіт шеру жасап пікірлерін білдірмек болған жастарды мұздай қаруланған кеңестік әскер күшпен тарқатты. Жастар жалаң қолмен БТР-лерге қарсы шықты. Көз алдарында Сәбира мен Ләззат секілді жәудіреген қаракөз қыздарының шаштарынан тартып, желтоқсанның қаһарлы суығында мұз үстінде сүйреп бара жатқан бақайшағына дейін қаруланған қаныпезер әскерилерді көргенде, бейбіт шеруге шыққан топтың ішіндегі ержүрек ұландар қарап қала алмады. Оққа қарсы кеудесін тоса құтқармаққа ұмтылды. Олардың ішінде желтоқсаншылар арасынан алғашқы құрбандық болған Ербол, «Атам десең атыңдар» деген Қайрат сынды батырлар бар еді. Желтоқсаншылар тәуелсіздік жолындағы жүздеген ұрыста қазақ үшін жандарын қиып кеткен бабалар ерлігін қайталады. Ақ маңдайлы арулар, жігерін ту еткен арыстай жігіттер бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Әнұранына айналған Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазып, Шәмші Қалдаяқов әнін шығарған «Менің Қазақстанымды» тікеден-тік тұрып орындаған да болатын. Бұл ән жастардың жүрегіне жалын ұялатып, тәуелсіздікке бастаған жыр еді. Тарих шындығы бәрібір ашылады. Бұл өлеңнің қазақ халқын біріктіріп, рухтандыратын жыр екені осыдан-ақ көрініп тұр. Ақыры, Елбасының бастамасымен ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің Әнұранына айналды.

Биыл желтоқсан оқиғасына 35 жыл болса, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде Қазақстан әлем мойындаған елге айналды. Осы уақытқа дейінгі жасалған дұрыс жұмыстардың басында қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдап, Семей сынақ-полигонын жауып, ядролық қарудан біржолата бас тартуымыз болатын.

Әлем картасындағы тоғызыншы территорияны иеленіп жатқан осынау ұлан-байтақ елімізде жер бетінде алғашқылардың бірі болып салынған «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Тәуелсіздік алып, егемендік еншілегеннен кейін өзімізден шыққан ұшқышты ғарышқа ұшыру бақыты да бұйырды. Бұл абыройлы міндет Тоқтар Әубәкіровке тапсырылды. Сөйтіп, Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Одан Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтей азаматтарымыз зеңгір көкке самғады. Елбасы бастамасымен ТМД, Кеден одағы, ШЫҰ, Еуразиялық одақтар құрылды. Қазақстан халықтары ассамблеясы жұмыс істеп тұр.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, шекарамыз шегенделді. Бүгінде ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жаңа белеске, жаңа шыңға шығару жолында еңбектенуде. Жаратқан Алла жар болса, күллі әлем халықтары таңдана қарайтын Мәңгілік Қазақстанды құрамыз әлі. Тек тірлігіміз берекелі, ісіміз баянды болсын!

Қазақты азаттықтың, егемендіктің, тәуелсіздіктің рухы алға бастай берсін!

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: