Жұма, 19 сәуiр, 09:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Азық-түлік» қауіпсіздігі бәрінен маңызды

25.01.2022

968 0

Бұрын бес мың теңгеге бір пакет зат алсақ, қазір тіпті ол ақшаға екі-үш заттың өзі әрең түседі.

«Баға қайда барасың?», «Қос бүйірден қысқан қымбатшылық-ай». Дәл қазіргі уақытта халықтың басты айтатын сөзі осындай. Жасыратын несі бар, қымбатшылықтан тапқан табысын біріне жетсе, біріне жеткізе алмай отырғандар жетерлік. Мәселен, біреу ет жеуді азайтса, енді бірі жеміс-жидекті доғарған. Өйткені тапқан таянғаны тек азық-түлік пен несие төлеуге әрең жетіп, жан бағып жүргендер көп.

Бағаны тұрақтандырудың жолы бар ма? Бағаны көтеру кәсіпкерлерге тиімді ме? Мүмкін халықтың жалақысын көтеру керек шығар? Әл де елдегі азық-түліктің бағасы көрші мемлекеттердің нарығына тәуелді ме? Әрине бұл – көптің көкейінде жүрген сауалдар. Дегенмен ешкімнен ешқандай жауап болмаған соң әркім өзінше пайым жасайды.

Мемлекет басшысы «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды» екенін баса айтты. Сонымен қатар алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін және нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін жеткізді.

Бүгінде Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық тізбектеу басталды. Нәтижесінде 5533 қатысушы анықталған. Сондай-ақ азық-түлік тауарын өндірушілер мен сауда субъектілерімен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін 300-ге жуық меморандумға қой қойылды.

Қарап отырғанымыздай, билік бағаны бұғаттау үшін барынша жұмыс істеуде. Әсіресе оны тұрақтандыру үшін арнайы бағдарлама жүзеге асты. Сондай-ақ азық-түліктің бағасы өңір басшысының тікелей қадағалауында. Олай дейтініміз, жыл басында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және жанар-жағармай бағаларын саралау үшін бірқатар сауда үйлері мен жанармай құю бекеттерін аралады. Ондағы басты мақсат – азық-түлік қорында жетіспеушілікті болдырмай, негізгі азық-түлік өнімнің бағасын шекті бағадан асырмау.

– Бүгінде 34 әлеуметтік дүкен мен 18 супермаркеттің әлеуметтік бұрыштарында 19 түрлі өнім шекті бағада сатылуда. Сондай-ақ елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты өңірдегі сауда желілерінде азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін Түркістан облысынан азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын 122 жеке кәсіпкердің тізімі жасалды. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорында 291,4 млн теңгені құрайтын өнімі бар. Оның ішінде бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық жармасы, күріш, макарон, күнбағыс майы, қант және көкөніс өнімдері секілді 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналған. Одан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК» арқылы «айналым схемасы» бойынша бағаны тұрақтандыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге 500 млн теңгеге келісім-шарт жа-салуда. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында республика бойынша нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен астық өндірмейтін оңтүстік өңірлерге арзандатылған бидай бөлу шаралары қабылдануда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бағытында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Одан бөлек, облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада қамтамасыз ету үшін сауда желілері арқылы облыс кәсіпкерлеріне айналым схемасы бойынша қарыз берілуде.

Елімізде 2012 жылдан бері жұмыс істей бастаған бұл тұрақтандыру қорларын қымбатшылықтың алдын алу, әлеуметтік азық-түліктің бағасын реттеудің тетігі деп жүрміз. Олардың басты мақсаты – Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тізім бойынша шаруалардан сатып алу. Одан кейін азық-түліктің

жетпеушілігі сезілген кезде қолжетімді бағамен сатылымға шығару. Бұл үшін бюджеттен қыруар қаржы да бөлінуде.

Ал «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев қырыққабат пен картоп бағасында өсімнің барын айтты. Ол тек тұрақтандыру қорының өнімдерімен жәрмеңке ұйымдастыру арқылы ғана бағаны ұстап тұру мүмкіндігі барын жеткізді.

– Бүгінде облыстық тұрақтандыру қорында 1398,7 тонна өнім бар. Оның ішінде 429,8 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 77,9 тонна қарақұмық жармасы, 181,7 тонна күріш. Сондай-ақ 58,4 тонна макарон, 99,2 тонна күнбағыс майы, 180 тонна қант өнімдері бар. Сонымен қатар қорда 72,2 тонна картоп, 200 тонна бас пияз, 100 тонна сәбіз сақтаулы тұр. Қазіргі кезде әлеуметтік дүкенде картоп 130 теңгеден сатылуда. Ал жұмыртқа 32 теңге, сүт 280 теңгені құрайды. Қазіргі кезде нан бағасын 90 теңгеден артық емес бағада сатуды қамтамасыз ету мақсатында наубайхана иелерімен келіссөздер жүргізілді. Алдағы уақытта нан бағасын наубайхана басынан 80-85 теңгеден босатып, бөлшек саудада 90 теңгеден асырмай сату жөнінде келісілді, – деді басқарма төрағасы.

Расында, әлеуметтік дүкендегі баға қалтаға салмақ салмайды. Десе де іздегенін таппай, сандалып қалатындар да жетерлік. Сондай-ақ мөлшермен алу керек деген шектеуі тағы бар. Дегенмен біз аралаған шағын дүкендер мен базардағы баға ырыққа көнбей тұр. Мәселен, шағын дүкенде картоп бағасы 250 теңгеден сатылуда. Басқасы айтпаса да түсінікті. Сондықтан базардағы баға мен жеке дүкендердегі азық-түліктің де бағасын бір сүзгіден өткізіп, бақылауға алған жөн секілді.

– Бәрі қымбаттап жатыр. Басқасын қойшы, азық-түліксіз қалай отырамыз. Ай сайын базарға барып азық-түлік аламыз. Осыдан бір-екі ай бұрын 20 мыңға алған тамақты, міне, осы айда 30 мыңға алып отырмын. Жеміс-жидек, қияр, қызанақ туралы қиялдамайтын болдық. Олардың бағалары 500-600-ге дейін барады, – деді базарда жолыққан қала тұрғыны Анар Жансейітова.

Базардағы саудагерлер де базынасын айтуда. Олар да азық-түліктің қымбаттауынан келіп түсер пайда жоғын жасырмады. Керісінше тауар бағасы өскеннен затты өткізу қиындап, шығын көбейетінін жеткізді. Ал қала тұрғыны Болатбек Мырзағалидің айтуынша, елімізде жанар-жағармайдың құны түспей, азық-түліктің де бағасы арзандамайды екен. Сондай-ақ малдың жем-шөбінің қымбаттауы да азық-түлік құнына, ет өнімдеріне қосылып отыр. Оның үстіне көкөністерді сақтайтын қоймаларды жалға беру ақысы өсіпті. Нәтижесінде кәсіпкерлер тауардың құнын көтеріп жіберген.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің мәлімдеуінше, бүгінде жанар-жағармай бағасының шекті мәннен аспауына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Аймақта 147 жанармай құю бекеті бар. Ал АИ-92 маркалы бензинінің 4 574,1 тонна, дизель отынының 3 339,6 тонна қоры сақтаулы.

Айта кету керек, көршілес Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеу бойынша жұмыстар күнделікті бақылауға алынған. Мәселен, қарапайым халық бағаның көтерілу фактілері бойынша арнайы сенім телефонына хабарласып мәлімет бере алады. Бүгінде «Magnum Cash&Carry» мен бірнеше сауда орнында тауарлар нарықтағы бағадан 10-15 процент төмен бағамен сатылуда. Аталған өңірде және аудан, қалаларында ӘМАТ 19 түрінен кемінде 1,5 айға жететін қор жасақталған.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: