Қызылорда облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полиция қызметін цифрландыру бағытындағы жұмыстар оң нәтиже беруде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев баяндады.
Алты айдың қорытындысында облыста жол-көлік оқиғалары 6,4 пайызға азайған. Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында полиция қызметкерлері өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жандандырған. Нәтижесінде 174 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталып, оның жартысынан астамы жол апатына тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтар болған.
Полиция қызметін цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Облыстағы барлық аудандық полиция бөлімдері Жедел басқару орталықтарымен қамтылып, бейнебақылау жүйелері мен автоматтандырылған бақылау құралдары іске қосылып отыр. Бет-әлпетті тану функциясы енгізілген камералардың көмегімен 53 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
«Балалардың қауіпсіздігін күшейту үшін білім беру ұйымдарындағы 14 мыңнан астам бейнекамера полицияның Жедел басқару орталықтарына қосылған. Сонымен қатар облыс орталығында SOS дабыл батырмалары, «102» мобильді қосымшасы және ұшқышсыз ұшу аппараттары тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Заманауи технологиялар полиция жұмысының тиімділігін едәуір арттырды. Бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллект элементтері мен дрондарды пайдалану қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда», – деді Серік Тоқтыбаев.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
