Сурет дереккөзден
Өткенде бір мұғалім әлеуметтік желіге газетке жазылу дегеннен стресске түсетінін айтып, шағымданып хат жазыпты. Ойланып қалдым. Стреске түсетіндей не жағдай болыпты? ХХ ғасырдың 60-шы жылдары канадалық эндокринолог дәрігерлер «стресс» атауын алғаш медицинаға енгізгенмен, осы бір жағымсыз күйден шыға алмай, күйзелетіндер де, өмірден түңілетіндер де кейінгі жылдары күрт көбейді. Психолог мамандар да жылдан-жылға жүйкесі жұқарған, ашушаң баланың да, үлкеннің де көбейіп бара жатқанын айтып жүр. Оған дәлел де керек емес. Күн сайын ел әлеуметтік желідегі електен өтпейтін ақпараттар легінен алақанындағы смартфон арқылы бар жаңалықты біліп отыр. Жаңалық болғанда да «өлтіріп кетті, өртеп жіберді, секіріп кетті» деген сияқты жағымсыз ақпараттардың көптігінен-ақ бүгінде жүйкесі жүн болған жандар аз емес екенін аңғаруға болады. Қалай айтқанда да стресс жақсы емес. Мұғалімнің газетке жазылу үшін өз сөзімен айтқанда, стреске түскені… Құдай-ау, оқу дегенің өмірден түңілетіндей қорқыныш па? Оқу дегенді жан рахаты деп жүрген жоқпыз ба? Мына бір қызылды-жасыл аласапыран дүниеден сәл дамылдап, бір уақыт газет-журнал ақтарып, кітап оқысаң рухани демалып, айналаға басқаша көзқараспен қарай бастаған сәтті сезінуден артық қуаныш бар ма? Кейде күйкі тірлік көңіл-күйді бұзғанда бір сәт кітап оқысаң, әлемді басқаша танығандай күй кешетін сезімді бастан кешкен боларсыз?
Айналамыздағылар бір-бірімен кітап алмасып, газет-журналдан оқығанын, алған әсерін бөлісуге асыққан бақытты сәтті күн сайын бастан кешетін болғандықтан, осы бір сөйлем хабар өзіме қатты әсер етті. Оқудан стреске түсетіндей қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз өзі? Иә, жасыратыны жоқ, газет-кітап оқудан теріс айналған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. (Алайда бұл да уақытша. Бұл да бір сынақ шығар). Телефонға телмірген заманда, тіпті бір отбасындағы адамдардың арқа-жарқа болып әңгімелесуден де қалып, дастархан үстінде де телефонсыз ас батпайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай сынақ кезеңінде кейбіреулерге газет-кітап туралы әңгіме айтудың өзі күлкілі көрінетіні де жасырын емес. Иә, ащы да болса, шындық, халыққа газетке жазылуды насихаттамаса, өз еркімен ешкімнің газет-журналға жазылуы қай кезде де екіталай. Үйіндегі болашағын ойлаған санаулы қауым ғана болмаса, жалпы жұрт жаппай газетке жазылмайтыны қай уақыттан да дәлелденген нәрсе. Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза бір сұхбатында халыққа оқуды насихаттамаса, газетке жазылуды міндеттеу керегін смартфонсыз заманда айтқанын еске алсақ, «бар жаңалықты оқып отырмын» деп сылтауы дайын мына заманда газетке жазылып, кітап оқитындар қатары тіпті азайып кеткені белгілі. Оның үстіне мәртебелі заңын алға тартып, оқымауды мәртебе көріп жүрген кейбір құрметті мамандық иелерінің деңгейіне қарның ашады.
Өткенде бір ата-анадан хат келді. Мұғалімге өкпесі бар екен. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бастауыш сынып балаларына тәуелсіздік туралы өлең жаттауы тиіс екенін тапсырып, интернеттен асығыс-үсігіс жүктеген жарты бет өлеңді ата-анаға «ватсап» арқылы жіберіп, «интернеттен алдым, авторын таба алмадым, өзіңіз іздеп тауып аларсыз» деп сәлемдеме жолдапты. Авторы белгісіз, ұйқасы жоқ, мағынасы да төмен, өлең жазуға талпынған талапты бір жастың өлеңі болса керек. «Сонда оқушыға таңдамай-талғамай кез келген өлеңді жаттата бере ме? Белгілі ақын-жазушылардың өлеңдері қайда жоғалып кетті?» деп күйініп хат жазады ата-ана. Нағыз стреске түсірген хат осы болды….
Талғамсыз мұғалім қайдан шықты? Бұл туралы тәжірибелі мұғалімдермен пікірлестік. Еңбек жолын бала тәрбиесіне арнаған білікті де білімді ұстаздар білім саласында ізін жалғастырар кейінгі буын – жас маманның газет, кітап оқымайтынын жасырмады. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген тәжірибелі ұстаздар жас маманға сын айту да қиын болып бара жатқанын тілге тиек етті. «Өзім білемге салатын, сын көтере алмайтын жас мұғалімдер бар. Оларға жол көрсетсең, жеккөрінішті боласың. Ең дұрысы – үндемеу, әркім өз жұмысын істеу», – дейді тәжірибелі ұстаздың бірі. Сондай-ақ білім саласының ардагері саналатын білікті ұстаздар жас мамандардың балаға жақсыны үйретуде ізденбейтініне де қынжылды. «Шынында, мектепте өлең оқудан байқаулар, ашық тәрбие сағаттары өткенде бүлдіршіндер кімнің өлеңін жаттағанын білмейсің. Интернеттен ала салады, осымен іс бітті. Ол өлеңді кім жазған, оқушы ма, студент пе, ол жағы белгісіз. Қазіргі мұғалім кітап ақтарып жатпайды, керегін интернеттен ала салады, осымен іс бітті. Ең қиыны да осы. Білім саласындағы аға буынның пікірі осыған саяды.
Психология саласын зерттеп жүрген ғалымдар қайбір жылы адамдардың не себепті күйзеліске бейім екенін зерттеп көрген. Бұл мәселенің түйіні – адамның кітап оқудан алыстап кетуінен деген түйін жасаған. Себебі кітап оқымаған адамда сөздік қоры да аз, ойын толық жеткізе алмайды. Ал ойды жеткізе алмау күйзеліске түсіреді екен. Сондай-ақ дүниетанымы кең, рухани тоқ болмаған адам жеңіл-желпіге, арзан дүниеге үйір. Тіпті жаңалықтар желден жылдам ақпараттар ғасырында нені оқып, нені үйрену керек, қайсы ақпарат шындыққа жанасатынына талдау жасай алмауы да талайды сан соқтырып жүр.
Жақында жақсы бастаманы көзіміз шалып қалды. Анығын айтқанда, белгілі блогер, әлеуметтік желі арқылы оқырмандарына қаржылық сауатты үйретіп жүрген, «Қаржы қағидалары», «Лайфхактар» кітабының авторы Данияр Жігітбек «Қазақстанды оқитын елге айналдырайық» миссиясы аясында «Ауылға кітап» жобасын бастады. Жоба аясында қазақ тіліндегі 50 кітаптың тізімін жасап, алыс ауылдардағы мектептерге кітап таратуда. «Құдайға шүкір, елімізде қайырымдылық қорлары көп. Мұқтаж жандарға үй, азық-түлік таратып жүр. Бірақ біз «балық берме, қармақ бер» принципін ұстанамыз. Білімсіздіктен асқан кедейлік бар ма? Еліміз қазір білімге мұқтаж. Сол үшін біз кітап тарату жолын таңдадық» , – деп жазады жоба авторы.
«Қазақстан неге кітап оқитын елге айналуы керек?» деген оқырман сұрағына:
– Олай болмаса, хәләулім көретін, ставкі тігетін, сосын қарызға бататын, баласына травма жасап, психологиялық мүгедек қылып тастайтын, оқымайтын, кедей елге айналамыз. Проблеманың бәрі ойланбаудан. Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлануды тоқтатады, – деп жазады жоба авторы.
Жақында қос министр жалпы халыққа жақсы үлгі көрсетті. Сөзбен емес, іспен. Яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы Қазпошта бөлімшесіне арнайы барып, газет-журналға жазылды. Түсінгенге қос министрдің бұл ісі қоғамға газет-журнал керек екенін, жалпы оқу қажеттігін үндемей-ақ насихаттады десек артық айтқандық емес.
Ақыры, газет-журнал оқуды насихаттаған екенбіз, газеттен не оқимыз деген сұраққа оқырман ретінде жауап беріп көрейік. Себебі «оқитын ешнәрсе жоқ» деп оқырман үшін тәуір дүние жазуға тыраштанған, тасқа басылғандай ел тарихын қағаз бетіне қалдырып жатқан жорналшы қауымның еңбегі ерен. Мәселен «Егемен Қазақстан» газетіндегі экономикалық талдаулар қарапайым оқырманға түсінікті, егжей-тегжейлі жазылады. «Егеменді» үнемі оқысаңыз ватсаптан келген «шот ашыңыз, балаңызға ақша түседі» немесе «несиеңіз жабылады» деген фейк ақпараттарға елеңдемес едіңіз. Сондай-ақ ата басылымның «Әдеби калейдоскоп» бетінде қазақ және әлем әдебиетіне талдау жасауы да оқырман үшін ең пайдалы дүние. Әдемі талдауларды оқи отырып, сол кітапты алып оқығанша асығасыз. Бір сөзбен айтқанда, оқырманына қандай кітап оқуға бағыт беріп отырады десек артық айтқандық емес. Ал облыстық «Сыр бойы» газетінен аймақтың тыныс-тіршілігі ғана емес, елдегі жаңалықтарды сараптаған мақалаларды тұшына оқисыз. Еңбек адамдарын елге танытатын, айдынды Аралдан қарт Қаратауға дейін аралап, ауылдың тыныс-тіршілігін елге жеткізетін тілшілердің жолсапарлары да ешкімге ұқсамайтын бөлек дүние. Облыстық «Ақмешіт жастары» газетінен жаңашыл жастардың жобаларын, білім қуған, кәсіп бастаған жаңа есімдерді тану үшін апта сайын оқуға асығасың.
Ал, құрметті оқырман, өзіңіздің «Ақмешіт апталығы» деп аталатын сүйікті басылымыңыз қандай тақырыпты қаузап жүргенін атап айтып жату артық болар. Дегенмен айта кетерлігі, қалалық газет деп аталғанмен, уақыт талабына сай әлем жаңалығымен түгел қамтуға ұмтылған басылым оқырман талғамына сай болуға еңбек етіп келеді. Шетелдік ақпарат көздерінен ағылшын тілінен аударып, сараптап ұсынатын «Әбігер әлем» айдарындағы дүниелерді оқи отырып, «Нью-Йорк Таймсты» оқығандай әсерде боласыз. «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдарымен сүйікті қалаңыздың сіз біле бермейтін талай тарихи мәліметтерді оқып та жүрсіз. Бұл орайда басылым еліміздің алғашқы астанасы туралы бір зерттеу кітабына жүк боларлық тың дүниелер жариялады десек артық айтқандық емес. Сонымен қатар «Экономика», «Отбасы» «Денсаулық», «Кел балалар, оқылық», «Спорт», «Қуақы», «Руханият» сынды арнаулы беттер арқылы сараптамалық мақалалар, оқырман сұранысына сай тәуір дүниелер ұсынып жүрміз. Бұл өзімізді-өзіміз мақтау емес, жыл аяқталар тұста оқырманға есеп беріп, келер жылы да газет оқитындар қатары азаймасын деген тілек қана.
Яғни күйзелістегі қоғамға айналмау үшін оқитын елге айналайық!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!