Бейсенбі, 25 сәуiр, 14:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ашушаң бала: себеп пен салдар

19.11.2022

1407 0

Ақгүлдің бастауыш сыныпқа сабақ бергеніне де 30 жылдан асты. Осы жыл­дар ішінде талай баланы көрді. Бір сыныптың ішінде 20 бала болса, 20 түрлі әлеммен тіл табысу тәжірибелі мұғалім үшін  соншалықты қиын емес. Алайда соңғы жылдары өзге әріптестері үлгі тұтатын, кеңес сұрайтын Ақгүл апайдың да балалармен тіл табысу қиынға соғып, шаршап жүргенін жасырмайды. Себебі кейінгі кезде ашушаң балалар қатары көбейді. Ескерту айтса, қаламын лақтырып, тіпті жазу жазбай безеріп отырып алатын бала көп. Мұғалім ата-анаға айтса, ата-ана бұл мәселенің шешімін табуды мұғалімге итеріп әлек. Енді қайтпек керек?..

Бұл бір ғана мұғалімнің уайымы ғана емес, қоғамдағы көкейкесті мә­селе десек артық болмас. Шынында, бүгінде ашушаң бала көбейіп барады. Айтқанынан қайтпайтын, ойындағысы болмаса ашудан көгеріп, өсе келе қаті­гездік жасаудан да қорықпайтын көріністер қалыпты жағдайға айналып барады. Көп ата-ана бұған «бала ғой, өскен соң қояды» деп немқұрайдылық танытудың соңы күрделі мәселеге айналуда. Себебі ашушаң баланың мінезі өсе келе қиындай түсіп, үйінен қашып кету, ортадан оқшаулану, тіпті суицидке дейін жетіп отырғаны жасырын емес. Демек, ашушаң бала қалыпты жағдай емес деген сөз.

Әлем дабыл қағуда

Жүйкесі жұқарған бала. Әрине, жақсы анықтама емес. Адам өмірінің тап-таза алаңсыз шағында жүйкеге салмақ түсетіндей не мәселе бар? Бұл сұрақ ата-ананы да алаңдатыны рас. Осы орайда психолог-мамандардың пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Білікті балалар психологы Жұмагүл Баянованы да бұл жағдай алаңдатады.

– Қазір балалардан баяғы алаңсыз балалық, анадан маза кеткен. Бұл бізді ғана емес бүкіл әлемді толғандырған мәселе болып отыр. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, дүние­жүзі бойынша балалардың 5 пайызында невроздың бар екенін айтып дабыл қағуда. Бұл бүкіл әлемге шақсақ та үлкен сан. Демек, неврологиялық реакциясы келе-келе неврологиялық күйге алмасады, одан кейін ұлтымызда невроз ұрпақтар көбейеді дегенге саяды. Ол деп отырғанымыз келер ұрпақ көңіл-күйі тұрақсыз, қорқынышы басым, ұйқысы, тәбеті мен зейіні нашар болады деген сөз. Әлемдік психикалық сала мамандары қазір зерттеулер жасай бастады. Демек, бұл мәселеге бейқам емеспіз, – дейді балалар психологы.

Психологтың айтуынша, ашушаң, мазасыз баланың жүйке жүйесі де әлсіз. Жалпы жүйке неге әлсіз? Маман оған әсер ететін фактордың жеткілікті екенін алға тартады. Психолог бұл орайда бірнеше факторларды атап айтты. Мәселен, жүкті әйелдің күйзелісі, босану кезіндегі қиындықтары да балаға әсер етпей қой­майды. Сонымен қатар экологиялық ай­мақтың да кері әсері бар. Отбасылық факторлар, яғни жүкті әйелдің отбасының атмосферасы. Тағы бір айта кетерілігі, бұған генетика да әсер етеді. Баланың жүйке жүйесінің қозуы, тежелуі, икемділігі мұның бәрі тұқым қуалайды. Сондай-ақ бала денсаулығының нашарлығы да жүйкеге салмақ түсіреді.

Нәзік жүйкенің

үлкен мәселесі

Көптің түсінігінде балаға әлі кішкентай деп қарау көзқарасы қалыптасқан. Мәселен,  «кіп-кішкентай болып, мінезі бар» деп қоя саламыз. Ал оның себеп-салдарына үңіле бермейміз. Бала неге ашушаң? Олардың жүй­кесі неге әлсіз?  Бұл сұ­раққа жоғары санатты пси­хиатр-дәрігер Мұрат Шаумбасов жауап берді:

– Жаңа туған баланың фи­зикалық және психикалық денсаулығы болады. Психикалық денсаулықтың даму про­цесінде 1-3-6-12 жас аралығында психикалық өзгерістер болуы мүм­кін. Алайда бұл өзгерісті байқау үшін арнайы мамандарға тексертіп отыр­ған жөн. Бұл жастағы балаларда пси­хикалық бұзылыстар пайда болғанда ашуланшақтық, мінез тұрақсыздығы, сөз көтермеу секілді психикалық бұзылыстар болуы мүмкін. Олар арнайы мамандардың бақылауында болып, ем алуы керек. Ал екінші жағы – балалық кездегі пси­хикалық жарақат деген болады. Ол әртүрлі себептерге байланысты. Даму процесіне, тәрбиесіне, қоршаған ортаға немесе өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың мінез-құлқында өзге­рістер пайда болады. Кез келген уа­қыт­та балалардың бойынан күйзелістің белгілерін байқауға болады. Оның салдары суицид әрекетіне алып келеді. Бұл әртүрлі жағдайларға байланысты. Баланың сіркесі су көтермеуі көбіне отбасылық жағдайға, тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің де түр-түрі бар. Демократиялық, авторитарлық, шамадан тыс қамқорлық және бала мен отбасындағы салқындық. Мұның салдары баланы ашуланшақтыққа, сөз көтермеуге алып келеді.

Дағдарыс кезеңі

Психологтың айтуынша, дағдарыс кезеңінде баланың мінез-құлқында өзге­рістер болады.

– Баланың жас кризистері – баланың психологиялық дамуының бір бөлігі. Бала жасының кризисі өмірдің бір сатысынан екінші бір сатысына ауысуы. Осы кез­де балаңыздан күтпеген жағдайлар бай­қауыңыз мүмкін. Нақтырақ айтсақ, мінез-құлық күрт өзгеруі  және көп жағдайда жаман жағына өзгеруі мүмкін. Ал ата-ана осы қиын кезеңдерге іштей дайын болуы керек. Бала кризистік кезеңнен өткен кезде жаңа дағдыларға, жаңа қабілетке ие болып, жаңа қасиеттерді меңгереді. Ба­ладағы кризистік ке­зеңдер 1, 3, 7, 11-13 және 17 жаста болады. Психолог қызметіне кө­біне  жүгінетін жас осы кризистік кезеңдегі балалар – дейді психолог Жұмагүл Баянова.

Көзқарастар қайшылығы

Әр уақыттың өз талабы бар. Бала тәр­биесі де заман ағымына қарай өзгеріп оты­ратынын дәлелдеудің қажеті жоқ. Мәселен, отбасы тәрбиесінде бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға келмейді.

Мәселен, 70-80 жылдардағы тәрбие берумен бүгінгі тәрбиені салыстыруға болмайды. Психиатрдың пікірінше, баланы шектей берудің де зияны бар.

– 70-80 жылдардағы бала тәрбиесінде шектеу көп болды. Меніңше, сол шектеудің кері әсері де тиіп жатыр. Мүмкін бұл тәрбиені өзгерту керек деп ойлаймын. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Қазір оқушылардың өмірге деген көзқарасы, ой санасы мүлдем басқаша. Сондықтан да болар шектеумен өскен буын мен қазіргі балалардың көзқарасы қарама-қайшы келеді. Сол себепті де бала тәрбиесіне жаңа методика қажет деп ойлаймын дейді, – психиатр-дәрігер Мұрат Шаумбасов.

Виртуалды әлемнің тәрбиесі

Бүгінде баланы виртуалды әлем тәрбиелеп жатыр десек, ешкім қарсы дау айта алмас. Табыс табудан қолы тимейтін ата-ананың балаға көңіл бөлетін уақыты жоқ. Дегенмен баланы бақылау қажет. Тіпті балабақша, мектепте баланы ақпаратты талғай алатын талғамын қалыптастыру қажет. Маман пікірлері де осыған саяды. Мәселен, психиатр-дәрігер мектептерде балалар мен жасөспірімдердің өзіне пайдалы ақпаратты ғана көруге үйрететін бір жоба жүзеге асуы керегін айтады. Бір сөзбен айтқанда, медиа сауатын арттыру қажет.

– Баланы пайдалы ақпарат алуға бала кезден үйрету қажет. Мәселен, бала­бақшадан бастап ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бір жоба енгізілсе деймін. Оқушы өзіне қажет мәліметті ғана таңдай алатын нәтижеге жеткізу қажет. Бала еліктегіш келеді. Интернеттегі түрлі ойын кейіпкерлеріне, мультфильм, кино, ер­тегі кейіпкерлеріне елік­теп, соның істегенін қайталағысы келеді. Бұл орайда бір айта кетерлігі, балаға шынайы өмір мен виртуалды әлемнің ара жігін ажыратып, зиян нәрселерді түсін­діре білу керек, – дейді психиатр-дәрігер.

Ал психолог баланы мүмкіндігінше табиғатқа жақындатудың пайдалы екенін айтады. Жылдың төрт мезгілінің әсерін сезіну, жазда құмда ойнау, күзде жеміс теру, табиғат тартуын сезіну, қыста қарда ойнау баланың эмоциясын шығарып, айналаға мейірімділігін де оятады екен. Құстардың дауысы, күзде жапырақтың түсуі секілді табиғаттың барлық құбылысын балаға сезіндіру қажет. Ал үйден шықпай, гаджетке байланған бала күйзеліске түсуге бейім. Демек, телефон алып берумен бала тәрбиесі шешімін таппайтынын ата-ана түсінуі қажет.

Кімнің баласы

ақылды?

Балалар психологы Жұмагүл Баянова ата-ананың өз баласын өзгемен салыстыра тәрбиелеуі ең үлкен қателік екенін айтады.

 – Қарапайым мысал айтайын, қазақтың қанына сіңген «салыстыру» деген қасиет бар. Бұл жай салыстыру болғанымен ба­ланың психологиясына кері әсер береді. Осының салдарынан балада ішкі қарама-қайшылық туады да үнемі мазасызданып жүруі мүмкін. Қарапайым мысал, дастархан басында ұлыңызға: «Қарашы, қарындасың тамағын тауысып жеп қойды», «інің немесе көршінің баласы дым жыламайды, ал сен жылап отырсың» дедіңіз. Қарапайым сөздер сияқты иә? Болмаса балаңыз: «Анашым, бүгін досым математикадан бес алды» десе, «сен неше алдың?» дейміз. Тіпті қалай  салыстырып тұрғанымызды байқамай қаламыз. Ал осы салыстыру біздің балаларымызға деген пассивті агрессиямыз,  яғни пассивті түрде жазалап тұрмыз. Бұл әрекеттерден бала болашақта қандай нәтиже беретінін біле жүріңіз:

– ылғи жарысып өмір сүреді;

 – біреуден озбаса өзін бақытсыз сезінеді, содан өзін-өзі бағалауы төмендейді;

Бір сөзбен айтқанда, баланы «қуып жету, басып озу» сценарийімен өмір сүруге бейімдейміз. Ал бұл баланың үнемі мазасыздануына, ашушаң болуына әкеледі.

Мінез немесе Мағжан «Педагогикасы»

Кейде адамның теріс мінезін байқап қалсақ, «мінезі жаман» деп бір сөзбен баға бере салатынымыз шындық. Тіпті ата-ананың өзін-өзі ақтап алуы үшін «баланы туғанмен, мінезін туған жоқпын» деген сөзін де жиі естиміз.  Жалпы мінез өзгере ме?  Осы орайда ұлы Абайдың «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ал бала тәрбиесі туралы жазған Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде мінез туралы былай дейді: «Мінез адамның жаратылысына қарай тума болады һәм басқа сыртқы себептермен – тұрмыс түрі, жаратылысы, жолдас, тәрбие сықылды жүре пайда болады. Тума мінез көбінесе тұқым қуалап келеді. Дененің аурулы яки сау болуы, ақылды, ақымақ болу, ашулы, жасық болу сықылды тума мінез темперамент деп аталады.

Бірақ берік білу керек, темпераменттің анасы жақсы, мынасы жаман, анадай темпераментті ірі адам, мынадай темпераментті төмен адам деуге болмайды. Адамды ірі қылатын темперамент емес, ақыл мен құлық. Ақылы терең, құлқы сау адам қандай темпераментті болса да тізгіндеп, түзу жолға түсіп кете алады. Темпераментті тізгіндей білу үшін адамның жақсы тәрбиеленуі керек» деп түйеді. Демек, жақсы мінез қалыптастыру – тәрбиеден. Бұл пікірге дәрігер-психиатр да қосылады.

– Адамда темперамент болады, бұл – мінез-құлық. Оның төрт түрі бар. Сол төрт түрге байланысты айналадағы оқиғаларды әр адамның қабылдауы әртүрлі. Мәселен, бір жаңалықты естігенде пессимист кері тартса, оптимист қуанып қабылдайды. Баланың өсіп-даму процесінде өмірге деген көзқарасын қалыптастыру, қиындыққа төтеп беру, өмірдің құндылықтарын насихаттаумен тәрбиелесе, ол бала өсе келе кез келген жағдайдан жол таба алатын болады, – дейді маман.

Бір қызығы, баланың психологиясы­мен жұмыс істейтін ата-аналар санаулы. Мамандардың айтуынша, ата-аналар дабыл қағатындай өзгерістер болған жағдайда болмаса, бала бойындағы ашушаңдық, күйзеліс секілді өзгерістерге жеңіл-желпі қарайды. Ал бала ашушаңдығы өсе келе қандай жағдайға әкелетінін ойлай бермейді. Демек, бұл немқұрайлы қарайтын мәселе емес.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: