Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев мәлімдеді.
«Ұлттық Банктің «Антифрод» жүйесіне 1493 күмәнді операция енгізіліп, 5 млн теңгеден астам қаражат бұғатталды. Оның 1,2 млн теңгеден астамы жәбірленушілерге қайтарылып, қалған қаражатты өндіріп беру жұмыстары жалғасуда. Интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде 765 бейнеролик жарияланып, жаңа заң талаптары кеңінен түсіндірілуде», – деді Серік Әбдімәуленұлы.
Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 211 дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға төмендеген. Аталған қылмыстарды ашу көрсеткіші 50 пайызға дейін өскен. Сонымен бірге «дропперлердің» заңсыз әрекеттеріне қатысты 17 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 11-і сотқа жіберілді.
«Интернет-алаяқтыққа қарсы күресте тұрғындардың құқықтық сауаттылығы өте маңызды. Азаматтар белгісіз адамдарға жеке деректерін бермей, күмәнді сілтемелерге өтпеуі қажет. Ал балалардың қауіпсіздігі – ата-ана, мектеп және полицияның ортақ жауапкершілігі», – деді Серік Тоқтыбаев.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да кешенді шаралар қабылданған. «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» іс-шаралары ұйымдастырылып, күнделікті рейдтер өткізілді. Нәтижесінде 6957 құқық бұзушылық анықталып, қараусыз жүрген 155 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында 791 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Спикердің айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
