Ауызсу мәселесі – бүкіл адам баласына ортақ проблема. Жыл санап таза суды тұтыну көлемі де артып келеді. Сол себепті де Мемлекет басшысы халықты таза әрі сапалы ауызсумен қамту мәселесін қойып отыр.
Халықты таза ауызсумен қамту бар да, оның сапасына мән беру бар. Күнделікті ішетін суымыз қаншалықты сапалы? Мамандар Қызылорда облысындағы ауызсудан 17 сәйкессіздік анықталды дейді. Сонда ішуге жарамды ма, жарамсыз ба?
Қолда бар деректерге сүйенсек, Сыр өңіріндегі тұрғындар 99,9 пайыз ауызсу жүйесіне қосылған. Оның 98,7 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанын атап өткен жөн. Ал 1,2 пайызы орталықтандырылмаған су жүйесіне қосылған. Бізде ауызсуды тасымалды түрде қолданатындар да бар. Олардың үлесі 0,1 пайызды құрайды. Негізінен жерасты су көздері пайдаланылуда.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сүйенсек, биылғы 9 айда микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 1462 ауызсу сынамасы алынған екен. Бұл жайлы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.
– Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде микробиологиялық көрсеткіштерге 1462 ауызсу сынамасы алынып, оның 17-сі талаптарға сәйкес келмеді. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 1430 ауызсу сынамасы алынып, оның 44-нен сәйкессіздік анықталды, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Маман аймақтағы барлық сумен жабдықтау нысанында тазалау жұмыстары жүргенін де мәлім етті.
– Облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектісінде жуу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстары толығымен жүргізілді. Халық арасында су факторына байланысты аурушаңдық тіркелген жоқ, – деді Әлия Әбдіқайымова бізге берген ақпаратында.
А.БЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!