Бейсенбі, 23 қыркүйек, 14:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77 (1777)
21.09.2021
PDF мұрағаты

Азамат, сен отанның қорғанысың!

07.05.2021

1600 0

Бір замандарда қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз…» деп қазақ қанша жерден момын болса да елі мен жерін қорғай алатын айбынды жұрт екенін айтып кеткен. Егемен еліміздің айбыны, шекарамызды қорғаушы, мемлекетіміздің тірегі әскеріміз екені әмбеге аян. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан Қарулы Күштері бүгінде мемлекетіміздің шын мәніндегі қорғанына айналды.

Тарихқа үңілсек, қазақтан шыққан батырлар аз емес. Қазақ-жоңғар соғысында батырлығымен дараланған Бө­генбай мен Қабанбайды, сұлтан біткен аяқ тартқан Исатай мен Махамбетті, немістің қоршауын сан мәрте бұ­зып шық­қан Бауыржанды, қайсарлығымен ерекшеленген Қасымды, Рейгстахқа ту тіккен Рақымжанды, жауды әуеден тойтарған Талғатты, «Еркек тоқты құрбандық» деп тәуелсіздік жолында жанын қиған Қайратты бар қазақ қадір тұтады. Өйткені олар қазақтың қайсар рухты ұлдары деген атқа әбден лайық. Ел шебін ерлермен бірдей қорғаған қыз­дар да жеткілікті. Сонау Тұмар патшайымнан бастап Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта қайсарлығымен елдің даңқын асырған арулар қашанда ұрпақ жадында сақталатын болады.

Бұл батырлардың аттарын тектен-текке айтып отыр­ғанымыз жоқ. Ат жалын тартып мінген азамат үшін Отан қорғаудан қасиетті міндет жоқ. Қастерлі тудың түбінде тұрып, ант беріп, аманат арқалаған азаматтарымыз сенімді ақтап, тәуелсіз ел шекарасын кірпік  қақпай күзетіп келеді.

Халық даналығында «Отаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Елімізді мекен етіп, осы дархан даладан бақыт тапқан барша ұлттың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – Отанымыздың амандығы, тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырлылығы мен еліміздің тұтастығы. Шынында да, адамзат баласы үшін ата-анасымен, отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық – Отан. Елін сүйетін әрбір азамат үшін бұл сөз ең қастерлі ұғымның бірі болуы тиіс. Елімізді бір шаңырақтың астына біріктіріп, Қазақ елі деп аталатын қастерлі атауға ұйытып отырған ұлы ұғым да – осы Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету – әрбір Қазақстан азаматының ардақты борышы, перзенттік парызы.

Бүгінде Қазақстан әскерінің қуаты жыл санап артып келеді. Қарулы Күштер қажетті техникамен жабдықталып, сарбаздарды дайындауда озық әдістер мен тәсілдер енгізілуде. Мемлекет Отан қорғаушыларды барынша қолдап, қамқорлық көрсетуін тоқтатқан емес. Әскердің тәртібі қатаң екені рас. Бірақ бұл ауыр болса да аса абыройлы Отан қорғау міндетінің жүгі. Сондықтан дені сау, Отанын қорғауға қабілетті әр азамат әскер қатарында болуы тиіс. Өйткені еліміздің Қарулы Күштері – егемендігіміздің берік қалқаны. Бір сөзбен айтқанда, әскер – мемлекет Тәуелсіздігінің, Қазақстандағы әрбір шаңырақтың ты­ныштығы мен алаңсыз өмірінің кепілі.

Туған елі мен жерін қорғау – әрбір азаматтың парызы. Қазақ баласын осылай тәрбиелеп өсіргендігінің арқасында осынау ұлан-ғайыр атырапқа ие болдық. Бабаларамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін территорияны бізге аманат етті. Енді біз Алтай мен Атыраудың арасын жайлап жатқан байтақ жерімізді қорғап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, Қазақстанымызды Мәңгілік Ел ету жолында аянбай еңбектенуіміз қажет. Өскелең ұрпаққа беретін тәрбиемізді де осы бағытқа негіздеп, туған жердің қасиеті мен киесін ұғындырғанымыз абзал.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: