Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың жері сатылмайды

15.05.2021

2448 0

Қазақ баласы үшін жер мәселесі жаннан қымбат екенін алыс-жақын көршінің бәрі жақсы біледі. Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын орда, Түркі қағанатының тұсында да Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз жан мен жер саудаға түссе, ойланбастан жерді таңдаған. Кешегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары да ата-бабадан қалған жеріміздің бар байлығы тек қазаққа тиесілі екенін айтқан. Соңғы кезде жер мәселесі қайта көтеріліп, шетелдіктерге сату, жалға беру туралы айтыла бастады. Бұл өз кезегінде намысы бар қазақтың тамырында ағып жатқан қанын тулатты. Мәселенің мәнісіне үңілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада бұл мәселеге біржолата нүкте қойды.

«Ақ орданың» баспасөз қыз­­­­меті Мемлекет басшысы «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қа­­ты­настары мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Қазақстан Республи­касының Заңына қол қойғанын хабарлады. 

Оқырманға түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын тарқатып ай­тайық. 2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетел­діктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жал­ға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке мен­шік­ке беруге мораторий енгізілген болатын. Құжат бойынша моро­торий мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Қазақстан Президенті осыны на­зар­ға алып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында шетел­дік­терге және шетелдік заңды тұл­ғаларға ауыл шаруашылығы жер­лерін сатуға, жалға беруге заң­нама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.

Көп ұзамай Президенттің жер­ге байланысты заң жобасын Парла­ментке жібергені мәлім болды. Онан соң  Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру ен­гізу туралы» заң жобасы бірін­ші оқылымда мақұлдап, Мәжі­ліс Сенатқа жолдады. Сенат бұл заң жобасын талқылап, Мәжіліске қай­тарған еді. Мәжіліс жерді ше­телдіктерге сатпау ту­ралы құ­жатқа Сенат енгізген өзгеріс­термен келісті. Бұл заң бойынша ауыл шаруашылығы жер­лерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлға­ларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заң­ды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша ауыл шаруашылығы жер­­лерін пайдалану құқығы тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлға­ларға берілетін болды.

Қазақстан Президенті әуел бас­тан жеріміздің шетелдіктерге беруге болмайтынын кесіп айтты. Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өн­ген. Қысқаша айтқанда, ұлттық та­рихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», – деп қазақтың сайын даласы ұш­қан құстың қанаты, жүгірген аң­ның тұяғы талатын Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты алып жатқанын тағы бір мәрте еске салды.

Мақаламызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұл­жымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», – деген сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: