Қызылорда қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана қала тұрғындарына сапалы кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастар мен балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жоба шеңберінде Талсуат ауылында «Кітап керуені» мәдени-ағартушылық шарасы ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына жаңа әдебиеттер таныстырылды. Осындай шаралар барлық ауылдарда да жалғасын тауып, кітап көрмелері, әдеби кездесулер мен танымдық бағдарламалар өткізілуде және кітаптың қоғам өміріндегі маңызы кеңінен насихатталуда.
Оқырман белсенділігін арттыру мақсатында «Kitap Fest», «Кітап Time», оқу марафондары, әдеби ойындар, зияткерлік сайыстар мен түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Кітап оқуды дәріптеу бағытында «Кітап құрттары» оқырмандар клубымен бірлескен шаралар ұйымдастырылып, кітапсүйер жастардың қатарын көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Oqyrman Club» және «Book Club», NIS-тің «Руханият» клубымен әріптестік байланыс нығайып, олардың қатарын көбейтуге жұмыс жасалуда. Бұл шаралар белсенді оқырмандарды қолдауға, жаңа қатысушыларды тартуға және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
