2011 жылы «Ақмешіт апталығы» газетінің редакторы қызметінде болдым. Осы жылы ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіне қайта тіркелген «Ақмешіт апталығы» газетінің тарихындағы екінші кезең еді. Басылымның құрылымы мен бағыты да өзгерді. Басылым «қалалық қоғамдық-саяси газет» болды. Қала әкімдігінің жанынан «Қызылорда медиа» кәсіпорны құрылды. Айтуға оңай болғанымен жаңа кәсіпорын құру дегенің қазабат шаруа екен. Үш ай табанымыздан тозып, түрлі мекеме араладық. Ерекше айта кету керек, газеттің дизайнын өзгертіп, түрлі-түсті форматта шығара бастадық. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарды кеңірек көрсеттік. Мәселен, «Бүгінгі мен бұрынғы», «Сырт көз» айдарлары жарыққа шықты. Арнайы беттер жасадық.
Осылайша сыни матералдар бере бастадық. Аз уақыт ішінде таралым 1,5 мыңнан 5 мың данаға өсті. Осы жылы газеттің мекенжайы өзгеріп, Қызылорда қаласы, Бөкейхан көшесіндегі ғимаратқа көшті. Ол ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарын редакция ұжымы өзіміз келіп істедік. Бұл да естен кетпес қызықты сәттер. Ешкімді көмекке шақырмай-ақ сенбі, жексенбі күндері келіп, барлық кабинетті әктеп, сырладық. Әкімдік бөлген қаржыға «Toyota Hiace» автокөлігін алдық. Редакцияның бүкіл мүлік-мүккәмалын жаңарттық. Әкімдік «Hiace» автокөлігін алыңыздар деді.
Дәл сол кезде Жапонияда үлкен апат болып, көліктерін сыртқа шығармай қойды. Бәріміз жан-жақтан іздедік. Күн өтіп бара жатыр. Бөлінген ақшаны тезірек игеріп, көлік алу керек. Сол уақытта Арабия шығарған көліктерді әкеп сататындарды таптық. Бірақ қымбаттау болды. Сөйтіп жүргенде Астанаға іс-сапармен барып, сол жақтағы автосалоннан таптық. Онда да жалғыз «Toyota Hiace» тұр екен. Соны көріп, алып үлгердік. Ең бірінші көлікті көргенде редакция ұжымының қуанғанын көрсеңіз. Бәріміз балаша мәз болып, суретке түскеніміз бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!