Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Нан қиқымында береке бар

15.10.2022

1322 0

Әлемнің кез келген елінде нан қашан да бағалы. БҰҰ 2017 жылдың 16 қазан күнін Бүкіләлемдік нан күні ретінде тіркеу туралы шешім шығарды. Нан – үйдегі молшылық пен жақсылықтың нышаны. Қиын-қыспақ, соғыс, зобалаң кезеңдерде талай адам бір үзім нанмен амалдап, жан баққаны туралы тарихи деректер де аз емес. Сондықтан ас атасы – нанды қадірлеу біздің міндетіміз. 2019 жылғы қыркүйекте ел Үкіметінің қаулысымен мерекелік күндердің тізбесі толықты. Соған сәйкес 16 қазан – Нан күні болып белгіленді. Атаулы күн – астық және ұн өнімдерінің құрметін арттырып, қазақстандық диқандардың, ұн тартушылар мен наубайханалардың еңбегін елеу үшін арнайы белгіленді.

Әдеттегідей таңғы се­гіз­де қызым Нұрсезім екеу­міз біріміз сабаққа, біріміз жұ­мысқа асығамыз. Кенет жолда бір үзім нан жатыр екен. Қызым дереу жүгіріп барып: «Анашым, нанды жерге тастауға болмайды ғой. Кім тастап кеткен?… Оны алып торғайларға тастау керек. Әйтпесе үйде нан таусылып қалады екен. Мұны маған апай айтты», – деді. Қызыма осындай өмірлік тәлім үйреткен ұстазға іштей риза болдым.

Расымен, «Бүгінгі ұрпақ емес қасиетті қара нанның қадірін осы үлкендердің өздері біледі ме екен?» деген сұрақ көкейіме келді. Себебі қалада нанды кө­рінген жерге тастайтын «кесел» етек алып бара жатқандай. Бұл сөзіме келіс­пейтіндер қаладағы қоқыс тастайтын орындарға барса көз жеткізері анық. Онда шашылып жатқан нанның неше түрін көресің. Тіпті кейбіреулер адам басады-ау демейді. «Құстар жейді» деп кез келген жерге лақтыра салатын секілді. Кейбір иманды жандар көшедегі шарбаққа іліп кетеді.

Алайда атам қазақ нанның қасиетін ұғына білген. Қазақта  «қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, аман болайық» деген сөз бар. «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нан­ды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің бар­лығы – сол астың қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Оның қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес.

Мәселен, адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады деген. Сондықтан нанды ешқашан баспаған. Оның қасиетті Құраннан да  жоғары екендігін еске салдық. Сондай-ақ үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиеді. Оның себебі адамдардың арасындағы ынтымақ бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарханның үсті­не қойылған нан арқылы нығая түседі деп сенген. Яғни, нан ауыз тиген үйіне қазақ жамандық тілемеген. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан қалған.

Оның қиқымының өзі киелі. «Нанның қиқымын жеген бала сауапқа қалады» – деген сөзді ата-әжелеріміз көп айтатын. Себебі қиыншылық кездерде бір үзім нан көптеген адамның жанына жалау болып, өмірден үмітін үзбеуге себеп болған. Тіпті қазірдің өзінде әлемде бір үзім нанға зар болып отырған елдер аз ба? Айлығы шайлығына жетпей, қалт-құлт етіп бір үзім нан үшін базар жағалап жүргендер өзімізде де бар. Олардың күйін көйлегі көк адамдар сезіне алмас. Олар жанының қадірін білмесе де, нан­ның қадірін жақсы түсінеді.

Жалпы, әр нәрсенің қаді­рін білу үшін оқу керек деп ойлаймын. Ал бүгінгінің жас­тары кітап та оқымайды. Тек әлеуметтік желіге салынған сурет салумен және оған пікір жазумен шектелуде. Оқу­шы кезімізде Б.Майлиннің «Күлпәш» әңгімесін оқығанда өзіміз сол аштықты сезініп отыр­ғандай, кітапты оқи оты­рып, жыладық. Бір үзім нан мен бір жапырақ ет үшін қасі­рет шеккен Күлпәштың күйін бастан өткергендей, көзі­мізге елестете аянышты хал­ге түскенім есім­де. Қазақ жазу­шылары арасында нан­­ның қа­дірі туралы қалам тартқандар аз емес. Шерхан Мұртазаның «Ин­тернат наны» шығармасы да те­рең ойға қалдырады. Мәселе – бү­гінгі өрендердің осындай та­­­­ғы­­лымды шығармаларды оқы­­­май­тындығында. Бүгінгі ұр­пақ ешқандай қиындық көрмес­тен, әрбір дүниенің қандай қиын­дықпен келгенін ұғын­­бастан өсуде.

Күнде көзбен көріп жүр­гендіктен қоқыс толы нанды көргенде ішің ашиды. Мұндай  көрініс обал-сауаптың жоқтығы­нан, иманның әлсірегенінен шы­ғар деп ойлаймын. Қоғамда иманды кісілер азайып бара жатқандай сезінемін. Бір үзім нанның киесі ұратынын ұғыну қажет. Алдымен, рухани тұрғыда жастарға тәрбие берілу керек секілді. Біздің айтпағымыз, көп­қабатты үй тұрғындары нан тастайтын жер таппаса, ар­найы орын белгілеп, жинап алу жағын ойластырған жөн болар еді. Сонымен қатар  түрлі іс-шараларды қолға алып, жас ұрпақтың бойына қасиетті астың қадірін сіңірсе дейміз. Әйтпесе тоқтықтан нан қадірін білмей жүргендейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: