Бейсенбі, 09 мамыр, 10:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Қазақ баланы неге қырқынан шығарады?

15.10.2022

8308 0

Қазақтың салт-дәстүрі таусылған ба? Әсіресе дүниеге келген сәбиге қатыстысы  жетерлік. Соның бірі – баланы қырқынан шығару.

Бұл дәстүр бала өміріндегі ең маңызды шақтың бірі. Себебі ата-бабамыз жаңа туған нәрестені қырық күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей ұстайды. Бұл дәстүр кеше ғана пайда болған жоқ.

Жалпы, қазақ халқы тілге бай ғой. Әр сөзін талдап, оған жіті мән берген. Қазақ үшін сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті, тәрбиелік мәні мен орны бар. Расында, бір санынан бастап, әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелігін саралаған. Осы орайда жазушы Зейнеп Ахметованың 40 са­нына қатысты ойлары еріксіз еске түседі. Ол 40 санын адамның жаратылысымен тікелей бай­ланысты деп қарастырады.

– Баланы не үшін қырқынан шығарады? Себебі 40 күн ана үшін де, бала үшін де қатерлі кезең. Мәселен, қырқынан шықпаған баланың терісін ұстап көрсең, еті бөлек, терісі бөлек жүреді. 40 күнде ғана баланың еті мен сүйегі бірігеді. Адам қайтыс болғанда да қырқын береді ғой. Өйткені 40 күнде ет пен сүйек ажырайды, соған біз құдайы берміз. Ал мына жерде ананы 40 күн бойы қалжалап, күтеді. Ананың дені сау болмаса, баланың да жағдайы жақсы болмайды. Сон­дықтан 40 күн – ана мен бала үшін күтім мезгілі. Тіпті дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі 6 аптаны жас босанған ана мен балаға қауіпті дейді. Алты апта – 42 күн. Ал әжелеріміз сол қырық күннің қатерлі екенін қалай білген? Жас босанған анаға ауыр жұмыс істетпейді. Бір сөзбен айтқанда, кір жуғызбайды, салқын су ішкізбейді, қой сойып, сорпа беріп, қалжалап баптайды. Бұл уақыт баланың өмірге бейімделетін кезеңі. Қырқынан шықпаған баланың көзі тұманданып тұрады. Ал қалай қырқынан шы­ғады солай жарыққа қарайды. Дыбысқа елеңдейді. Бұл медициналық жағынан да дәлелденген дүние. Баланы қырқынан шығарғанда тырнақ пен шашты ер адамға алғызу керек. Бұл – ырым. Ал сәбидің ит­көйлегін бала көтермеген әйелге ырым етіп берген дұрыс, – деп жазады Зейнеп Ахметова.

Расында, сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды суға алма-кезек шомылдырып отырады. Үлкендердің айтуынша, тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр келе­ді. Сондай-ақ түрлі аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады. Ал сабынды су денесіндегі микробты тазартады. Ал баланы қырқынан шығару дәстүрі – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.   Сондықтан сәбиді қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан жоқ.

Сонмен баланы қырқынан қалай шы­ғарады? Негізі ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), ал қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. «Қыздың қырық шырағы бар» деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Ер мен әйел адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздері­не тән ерекшеліктері бар. Қыз баланың болмы­сы нәзік, ал ұлдар төзімді, қайсар келеді. Сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныштың өз орны бар. Қарап отырсақ, бала мазасызданып жыласа, дұрыс ұйықтамаса  үлкендер жағы «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, Құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталады.

Қырқынан шығару рәсімін тек қана әйел­дер атқарады. Баланы шомылдыратын ыдыс­тың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс тиын сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – тазалықтың белгісі. Сондықтан күміс салынған су ең таза су. Сондай-ақ оған жын-шайтан жоламайды екен. Сәбиді шомылдырып болған соң, сүт тырнағы мен қарын шашын алады. Одан кейін қарын шашын ақ шүберекке түйіп, бесіктің басына қадап қояды. Ал «сүт тырнағын» адам баспайтын жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды. Осылайша қырқынан шыққан сәбиді бетінен сүйіп, адам қатарын қосады. Бір айта кетерлігі, баланы қырқынан шықпай, бетінен сүйгізбейді. Тек иіскеуге ғана рұқсат етеді.

Жазушы Мағжан Жұмабаевтың «Педаго­гика» еңбегі баланың дені мен жаны сау болуына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Педагог өз оқулығында «Баланы шомылдыру» жайында кеңінен жазған.

– Баланы шомылдыру оны кірден тазар­тады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді. Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жы­лылығы үш айға дейін Рьюмер бойын­ша – 29 градус. Үшінші айдан жыл аяғына дейін 28 градус, екінші жылда 27 градус, мұнан бы­лайғы жылдарда 26-25 градус болып, бала өскен сайын төмендей берсін. Ең төмендегенде 22 градустан кем болмауға тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға болмайды. Бала әлсіреп қалады. Әуелгі тоғыз күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға дейін бір рет, 6 айға дейін жетіде 3-2 рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйық­таудың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылы­лығы 17-18 гра­дустан жоғарырақ болсын. Баланы шо­мыл­дырып болған соң, әсіресе қолтығын, мойнын, шабын жақсылап қарау керек. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазалаушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазалап отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шынаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Сонда аузында иіс болмайды, тісі бұзылмайды. Пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Баланы «өс, өс, өс» деп денесінің құрыс-тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. «Өс, өс, өс» деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме,  – деп жазады Мағжан Жұмабаев.

Қарап отырсақ, «Педагогика» кітабы  1922 жылы жарық көрді. Жазушы жаңа туған нәрестені қалай шомылдыру керегін сол кездің өзінде жан-жақты зерттеп, айға таңба басқандай анық көрсетіп кетті. Ата-баба­мыздың көрегенділігі сонша, сол кездегі ақыл-кеңестері әлі күнге дейін бізге азық болуда.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: