Бейсенбі, 25 сәуiр, 05:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Наубайханадағы жарты күн

04.05.2022

1096 0

Әдетте азық-түліктің бағасы өсіп немесе оның тапшылығы сезіле бастаса, жауаптылар ең алдымен тұрақтандыру қорын айтады. Расында, олар бағаны бақылап, азық-түлік қауіпсіз­дігіне жауап береді. Дегенмен дүкендегі бағаның күн сайын мың құбылуы тек тұрақтандыру қорына сеніп, қарап отыруға болмайтынын аңғартуда. Бүгінде «СПК Байқоңыр» әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясының «Тұ­рақтандыру қоры» басқар­ма­сының қоймасында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік жыл соңына дейін жеткілікті. Себебі мұнда өнімдер қап-қабымен, тонналап сақталып тұр.

Соңғы жылдары елімізде нан бағасы да күрт өсті. Тіпті халық арасында «ұн тап­шылығы сезіледі» деген жаң­сақ пікір тарады. Алайда тұрақ­тандыру қоры аймақта нан бағасын бір қалыпты ұстау үшін наубайханалармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Нәти­жесінде қаладағы әлеу­меттік дүкендерде нан бағасы 55 теңге. Ал жеке дүкенге наубайханашылар 75 теңгеден беріп, олар 80 теңгеден сатуы қажет. Дегенмен қазір әр дүкен әртүрлі баға ұсынып отыр. 

Аймақтағы «Алтын дән» қой­масына барып, азық-түлік­пен ұнның мөлшерін көріп қайттық. Тұрақтандыру қоры басқармасына басшылық қыз­метке енді ғана кіріскен Талғат Бекішов қойманы өзі аралап, заттарды әлеуметтік дүкендерге жіберіп жүр екен. Қасына біз де қосылдық. Ұн сақтаған қоймаға кіріп, жыл соңына дейін ұн тапшылығы болмайтынына көз жеткіздік. Басқарма басшысы біздің қасымызға ұнға жауапты тұрақтандыру қорының жетекші маманы Қанат Ташкеновті қосты.

– Қазіргі кезде қалада 9 нау­байхана бізбен бірге тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бүгінде наубайханаға ұн бағасын 128 теңгеден береміз. Олар дүкендерге  75 теңгеден беруде. Ал әлеуметтік дүкендерге нан 55 теңгеден келіп, олар сол бағаға сатуда. Қазір қала бойынша күніне 25 мыңға жуық нан шығаратын кәсіпкер бар. Ол «Нұғманова» жеке кәсіпкерлігі. Қаладағы 40 әлеуметтік дүкенге нанды ең арзан бағада беріп отыр. Оларға күн сайын 5 мыңға жуық нан жеткізіледі. Біздің өңірде ұн тапшылығына алаңдауға еш негіз жоқ. Қостанай облысында­ғы «Алатау Агро» ұн шығаратын зауытпен келісімшартқа отыр­дық. Қазір қоймада 220 тонна ұн бар. Бірінші сорттағы «Дәстүр» ұнынан 1020 тонна, 15 вагон келді. Тағы да жолда 7 вагон ұн келе жатыр. Келесі жылдың ортасына дейін ұн бар. Наубайханадан босатылған әрбір нанның сапасы мен бағасын күнделікті қадағалаймыз. Негізі статистика бойынша, нанның салмағы 500 гр болу керек. Дегенмен осы кезде 470-480 гр көрсетуде, – деді Қанат Ташкенов.

«Нан бар жерде ән бар». Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Осы тұста қаладағы ірі наубайхананың бірінің жұмысымен танысуды жөн көрдік. Ерінбей еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отыр­ғандар көп-ақ. Солардың бірі наубайхана өндірісін жолға қойып, отбасылық кәсіпке ай­­нал­дырып отырған Баян Нұғманова.

Қиындыққа мойымай, келе­шектен үмітін күтіп, шаруасын алға қарай сүйреген кәсіпкердің өзін кездестіре алмадық. Өйт­кені ол тағы да бір үлкен нау­байхананың құрылысын бастап, сол жақта жүр екен. Дегенмен наубайхананы өзіміздің үйіміз­дей еркін сезініп, жұмыс ба­рысымен таныстық. Бүгінде отбасылық кәсіпкерлер 100-ге жуық адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты тұтынушылары да бар. Наубайхана жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Себебі күндіз-түні жұмыс істеуде. «Табыс көзі – тірлікте» деген осы шығар.

– Қызылорда қаласы бойынша барлық дүкенге нан жеткіземіз. Қазір 13 нан таситын көлігіміз бар. Сондай-ақ түрлі тәттілерді де пісіреді. Өзіңіз көргендей қамырды өлшеп 520 гр етіп, қалыпқа салып жатырмыз. Нан піскенде 500 гр болады. Барынша тазалық сақтап, талапқа сай жұмыс істеуге тырысамыз. «Ас – адамның арқауы» демекші, нанның дәмді, сапалы болып шығуы бізге артылған үлкен жауапкершілік. Сол үдеден шығу үшін аянбай күні-түні демалыссыз жұмыс істейміз. Ыстық жерде азаннан қара кешке дейін аяқтан тік тұру оңай емес. Десе де жұмысшыларға жалақысын күнделікті беріп отырады. Сондай-ақ екі бөлке нан алып қайтамыз, – деді аға нан пісіруші Фарида Сәменова.

Көбіміз күнделікті сатып ал­ған нанды қайда, қалай дайын­дайтынын көргіміз, білгіміз келіп, қызығушылық танытамыз. Ең алдымен ас пісіретін жер таза ма екен деген сұрақ туындайды. Осы тұста наубайхананың ішкі жұмысына жатсынбай біз де қосыла кеттік. Мұндағы нан пісіретін қыздардың басында орамал, үстінде алжапқыш, қо­лында қолғап бар. Олардың шалт қимылына тіпті көз ілеспейді. Әдепкіде ілесе алмай, қамыр қолыма жабысып әбігерге түстім. Бір сәтте ыстық жерде маңдай термен жұмыс істеудің қандай қиын екенін түсіндік.

Қарап отырсақ, базар мен дүкен сөрелерінде ұнның түрлері көп-ақ. Тіпті сорттар арасында таңдау жасау қиынға соғады. Жасыратын несі бар, көбіміз жоғары сортты ұннан піскен нанның сапасы жақсы болады деп ойлаймыз. Алайда мамандардың айтуынша, бұл пікір қате екен.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: