Жұма, 10 мамыр, 09:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Негізгі бағыттың бірі – бағаны тежеу

19.08.2023

625 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ортамерзімді кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсімді 6% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ел үкіметі бұл тапсырманы қалай орындауда? Қазіргідей алмағайып кезеңде экономикада өсімді қамтамасыз ету мүмкін бе? Оның үстіне баға да бұғауға көнбей тұр.

Экономикалық ахуал қалай?

Осы аптаның сейсінбісінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтіп, онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы және өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндама жасады.

Алқалы жиында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасында өсім барын жеткізді. Министрдің сөзінше, нақты сектор 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы 4,7%-ға жеткен. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсеткен.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%, білім беру­де – 24,3%, саудада – 22,6%, ауыл шаруашылығын­да – 21,3%, өнеркәсіпте – 9%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 8,4% пайызға өсті.

Тағы бір айта кететін жәйт, сыртқы сауда айналымы да өскен. Нақтырақ айтсақ, қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 млрд долларды құрады. Экспорт 38 млрд долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жеткен. Тауар импорты 29,3 млрд долларға жеткен.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңге кіріс түскенін мәлім етті. Бас қаржыгердің баяндауынша,  республика бюджеті 6,8 трлн теңгеге, жергілікті бюджет 3,5 трлн теңгеге толыққан.

Үкімет басшысы 7 айдың қорытындысы бойын­ша ел экономикасы дамуының оң динамикасына нақты сектор айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өсім – 3%-ды, азық-түлік өндірісінде – 4,5%-ды, сусындар өндірісінде 6,4%-ды құрады. Жеңіл өнеркәсіп 21%-ға өсті. Сонымен қатар пластмасса және дайын металл бұйымдарының өндірісі – 8%-ға, химия өнеркәсібі 4,1%-ға артты. Машина жасау саласы 29%-ға өсті. Оған автомобиль жасауда – 43%, электр жабдығы өндірісінде – шамамен 34,5%, локомотивтер мен вагондар жасауда 30% өсім есебінен қол жеткізілді.

Жиһаз өндірісі де артқан. Құрылыс саласы  12% тұрақты өсім көрсетіп, 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

– Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері негізгі макроэко­номикалық көрсет­кіш­терге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуге тиіс,  –  деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы экономиканы әртараптандыру шараларын күшейту қажеттігін қаперге салды.

– Экономиканың өсуін ынталандыру үшін жүйе­лі түрде пәрменді шаралар қабылдау қажет. Экономиканы әртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан әрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек, – деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, бағаның өсуін тежеу де Үкіметтің басым бағыты болып қала береді. «Бұл ретте біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері жалғастырып отырғанын ескере келіп, алдын алу шараларын уақытылы қабылдау қажет. Бұл үшін барлық қажетті мүмкіндік бар. Бұлар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрсетілген», деді Үкімет басшысы.

Оқу жылына дайындық жайы пысықталды

Үкімет отырысында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы да сараланды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын баяндады. Республика президентінің тапсырмасын орындау мақсатында 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін хабарлады.

Министрдің сөзіне сенсек, бірінші қыркүйекке қарай республикада 65,6 мың балаға арналған 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп пайдалануға беріледі екен. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешеді. Бұған қоса жайлы орта құру мақсатында 260 мектеп күрделі жөндеуден өтуде.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында 3103 мектеп ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, 2075 мектеп лицензияланған күзет агенттіктерінің қызметтерімен қамтылған, сонымен қатар 3327 мектепте дабыл түймелері орнатылған. Аталған бағыттардағы жұ­мыстар әлі де жалғасын тауып жатыр.

Үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев та білім беру нысандарындағы қауіпсіздік туралы баяндама жасады.

Өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтарындағы салаға қатысты жағдайларды баяндады.

ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың төраға­лығымен Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Министрлер мен өңір әкімдері білім беру нысандарын жаңғырту бойынша атқарылған жұ­мыстарын баяндады.

Сыр мектептері

оқу жылына дайын ба?

Тақырыпқа орайластырып, Қызылордадағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына қаншалықты дайын екенін сөз еткенді жөн көрдік. Осыдан оншақты күн бұрын Премьер-министр Ә.Смайыловтың төрағалығымен Президенттің сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысы өткен болатын. Республикалық штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

– Шағын қалаларда,  аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын мектептерді заманауи стандарттар бойынша жаңғырту мәселесі күн тәртібіне қойылған. Облыста өткен жылы 47 мек­теп жаңғыртылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджет­тен 1564 млн теңге қаржы бөлініп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілді. Биыл да 47 мектепті жаң­ғыртудан өткізуге бекітілген бюджеттен 529,5 млн теңге бөлінді. Барлық жұмыстар жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы керек. Жаңа оқу жылы жоспарлы түрде, еш кедергісіз басталуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, Арал ауданында  7, Қазалыда 7, Қармақшыда 6, Жалағашта 6, Сырдарияда 6, Шиеліде 6, Жаңақорғанда 9 мектеп жаңғыртылмақ. Биылға жоспарланған 47 мектепке ағымдағы жөн­деу жүргізу, 24 мектепке пәндік кабинет, көркем әдебиеттер алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Жиында  мектептерге қажетті құрал-жаб­дықтар мен техникалар сатып алу мәселесі қа­ралды.  Мемлекет басшысының 7000 заманауи робо­тотехника, химия, биология, физика, STEM кабинеттерін ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2021 жылы 56, былтыр 63 кабинет алынды. Қазір 46 кабинет бойынша жеңімпаздар анықталып, қажетті құрылғылар жеткізіліп орнатылуда.

Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау талабына сай  барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Қала, аудан орталықтарындағы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталығына және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім басқармасына мектептерді жаңғырту жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толық аяқтап, пайдалануға берілетін мектептердің ашылуын жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды. Облыстық полиция департаментімен бірлесіп барлық білім беру ұйым­дарының қауіпсіздігін  қамтамасыз ету жүктелді.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: