Бейсенбі, 02 мамыр, 08:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Неше түрлі мәйітті көрсек те, мұндай сұмдықты көрмедік»: марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы

13.11.2023

899 0

Сурет: Stan.kz алынды

Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкенов қарындасы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректерді журналист Болат Аманбаевқа мәлімдеп, тек Бишімбаев емес, оның інісі мен қол астындағылардың бәріне іс қозғалып, топпен жасалған қылмыс ретінде қарастырылуын талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайрат Нүкеновтың айтуынша, Салтанат бала кезінен ашық жарқын, ақкөңіл болған. Ол қыздың колледжде де, университетте де жақсы оқығанын айтады. 

“Ол ешқашан біреуге тәуелді болмаған. Ешкімнен ақша сұрамайтын, өйткені өз нәпақасын өзі таба алатын жан еді.  Барлық адамға сый-құрмет көрсетіп, әдептен озбайтын”, – деді ол.

Жәбірленушінің ағасы айыпталушы тарап қызды таңнан өлімше етіп сабап, кешке дейін жан тәсілім еткенін күткенін айтады. Сөзінше, тіпті оқиға болған жердегі бейнежазбаның көзін құртып, қылмысын жасырмақ болған. Ол Бишімбаевқа ешқашан кешірім бермейміз дейді.

“Қазіргі таңда көп блогерлер ақша үшін Бишімбаевты ақтағысы кеп жатыр. Оларды “блогер” деуге де ауыз бармайды. Бірақ олар өз бастарына осындай жағдай түскенде, қандай әрекетке барғандарын түсінеді. Бишімбаевтар әулеті ұлын қорғай бастады. Бірақ біз үшін ол – қаскөй және қанішер. Біз оны ешқашан кешірмейміз. Егер күдікті байқамай жазым етіп алса, кешіруге болушы еді. Алайда ол қатігездікпен өлтірген. Мұндай адамды кешіруге болмайды. Кешірсек, тағы біреуді өлтіреді. Ол адамның өлімі біздің мойнымызда қалады”, – деді Нүкенов.

Бұрынғы әкімнің айтуынша, тергеу барысында шикіліктер бар. Сараптама бұрмаланғанына сенімді.

“Оның мас болғаны мәлім, бірақ сараптама нәтижесінде қанның құрамында алкоголь мөлшері 0,65 промилле ғана. Түнімен ішімдік ішкен адамның қанында осындай ғана алкоголь болады деу қисынсыз. Біз бұл сараптамаға күмәнмен қараймыз. Тіпті көпшілік оны есірткі қолданды дейді, бірақ сараптама кезінде есірткі мүлдем табылған жоқ. Яғни тергеу оны жауапкершіліктен алыстатуға тырысып жатқанын көріп отырмыз”, – деді Салтанаттың  ағасы.

Айтуынша, қыздың денесінде сау жері қалмаған.

“Мәйітті жуғандар шошып шықты, беттерінен қорқыныш байқадық. Трансқа түсіп кеткен. “Неше түрлі мәйітті көрсек те, мұндай сұмдықты көрмедік” деді. Жаралар өте көп, сау-тамтығын қалдырмаған”, – дейді марқұмның туысы.

Ол істі топпен жасалған қылмыс деп қарауды сұрайды. Өйткені күдіктінің інісі қылмысты жасырмақ болып, жедел жәрдемді шақырмаған. 

«Бишімбаев інісін шақырып, Салтанаттың өлгенін күткен. Ол бөлмеге бірнеше рет кіріп, оның тірі, тірі емес екенін тексеріп жүрген. Тек ол мерт болғаннан кейін ғана жедел жәрдем шақырды. Інісін қылмысты хабарламағаны үшін ғана емес, қылмысқа сыбайлас ретінде жауапқа тарту керек деп санаймын. Бейнебақылау камераларынан барлық бейнелерді өшіріп тастаған адам да қылмысқа сыбайлас», – деді Павлодар қаласының бұрынғы әкімі.

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік. Бүгінде марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары тергеудің әділ өтуін талап етуде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: