Жұма, 11 қазан, 04:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

23.01.2022

920 0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, пікір алмасты. Коронавирустық шектеулерге байланысты өңір басшысы ардагерлермен шағын құрамда кездесті.

Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов шақырылды.

Алдымен аймақ басшысы ардагерлер қай кезде де ұрпақтар сабастығын берік орнатуда парасаттылық танытып, салиқалы пікір айтып, қоғамдық өмірдің жандануына ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова қайраткер азаматтардағы шақырудағы мақсат алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарды саралау және ортақ мәселелерді бірлесіп талқылау мен ой-пікірді тыңдау екенін жеткізді.

– Қазақ халқы қай кезде де үлкенін құрметтеп, алдыңғы буын ағалардың пікіріне құлақ асып, ақсақалдармен кеңесіп отырған. Бұл ретте Сіздердің өмірден түйген тәжірибелеріңіз көп, әрбіріңіздің Сыр өңірі үшін орындарыңыз бөлек. Еліміз өзінің жаңа тарихындағы ең күрделі сәттерді өткеруде. Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына аяқ басқан алғашқы күндері ел берекесін алған дүрбелең басталып, тұтастығымыз бен елдігімізге нұқсан келтіруге бағытталған іс-қимылдар орын алды.

Сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы жедел әрі батыл шешімдер қабылдап, халқымыз сын сағаттан аман өтті. Президент 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі дамытудың жаңа міндеттерін белгілеп, елімізде тарихи өзгерістер кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Басты мақсат – күш-жігерімізді біріктіріп бар қиындықтарды еңсеру және қуатты Жаңа Қазақстанды құру. Осы ретте, өңірдегі зиялы қауым өкілдеріне артылар жауапкершілік одан әрі күшейе түсетіні анық. Сондықтан бірінші кезекте Өздеріңізбен кездесіп, кеңесіп, алдағы жоспарларымызды бірлесе жүзеге асырсақ деген ниетпен жиналып отырмыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Басқосуда медицина майталманы Тұрғанбай Маханов соңғы кездері ақсақалдар мен жастар арасындағы сабақтастықтың ажырап кеткенін айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Ақсақалдар кеңесі мен Жастар орталығының бірлескен жұмыстарын жандандыру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, діни тұрғыда бағытынан адасып жүрген жастарға рухани тәлім-тәрбие беру ісіне де жете мән беру керектігін атап өтті. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жастардың ой-санасына әсер ететін түрлі ақпараттарға тосқауыл қойып, бірлікке үндейтін танымдық басқосуларды арттыру қажет деген ұсынысын ортаға салды.

Кездесуде ардагер Биғали Қаюпов технологиялық өзгерістер қоғамында өмір сүретін жастармен ашық дискуссия орнату қажеттігін және нақты әрекеттерге негізделген «Жаңа Қазақстан» бастамасына қолдау білдіруде барлық буынның дайын болуы тиіс екенін еске салды. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындауда білімді, парасаты биік азаматтарды тарту қажеттілігіне тоқталды.

Жиын соңында облыс әкімі ортақ мәселелерді бірлесіп шешуде әрбір ұсыныс ескерілетінін және зиялы қауым өкілдерін Президент ұстанымына қолдау білдіруге шақырды.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: