Облыста өткен жылу беру маусымы өрт қауіпсіздігі мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті. Тұрғын үй секторларында тіркелген өрт оқиғалары мен олардың себептері халықтың қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарауының салдарын айқындап берді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу шараларын күшейтіп, кең ауқымды түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов баяндады.
Жылу беру кезеңінде облыс аумағындағы тұрғын секторларда 105 өрт оқиғасы тіркеліп, 3 адам жарақат алған. Спикердің айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарауынан туындайды. Атап айтқанда, пештердің техникалық жағдайын уақытылы тексермеу, электр желілерін дұрыс пайдаланбау және балаларды қараусыз қалдыру негізгі себептердің қатарында.
-Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік осал топтағы 6 825 тұрғын үйдің тізімі нақтыланып, осы отбасыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен 484 табиғи газды және 100 көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар барлық аудандарда бірдей деңгейде жүргізілмей отыр. Апта сайын полиция департаменті және волонтерлік ұйымдардың қатысуымен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, барлығы 129 874 тұрғын үйдің ауласы араланды. Сонымен қатар, тұрғындармен 350 кездесу өткізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелері кеңінен түсіндірілді. Одан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында да арнайы жиын ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптары таныстырылды. Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, улы газдан улану фактілерінің алдын алу және өрттің санын азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл-баршаға ортақ жауапкершілік, – деді Бейбітхан Оразайұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
