Бейсенбі, 30 мамыр, 23:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Өрт болса не істеу керек?

05.11.2022

825 0

Тілсіз жау қашанда қауіпті. Әсіресе өрттен келер қауіп көп. Ал өрт шықса не істеу керектігін көбі біледі деу қиын. Сондықтан оның алдын алу шараларын жүргізудің маңызы жоғары. Міне, осындай оқу-жаттығуды облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өткізді.

Жалаңтөс Бахадүр атындағы «олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың» жатақхана ғимаратында өрт-так­тикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Бұл жатақхана 250 тәрбиеленуші тұратын Қызылорда­дағы ірі білім беру нысандарының бірі. Мектеп-интернат кешенінің құрамына оқу ғимараты, жатақхана, асхана, көкөніс қоймасы, шаруашылық корпусы мен гараждар кіреді.

Оқу-жаттығудың тактикалық жоспары бойынша өрт үшінші қабаттағы жатақхана бөлмелерінің бірін­де орын алып жатқаны туралы хабарлама 16 сағат 15 минутта «112» құтқару қызметіне келіп түсті. Аталған шақырту бойынша өрт сөндіру қызметінен арнайы күштер мен құралдар жұмылдырылды. Ал қажетті көмек келгенше интернат қызметкерлеріне балаларды ғимараттың корпусынан шығару үшін бес минуттан аз уақыт қажет болды. Жедел жеткен өрт сөндірушілер барлау жұмыстарын жүргізіп, газ түтінінен қорғау буындары ғимарат ішінде қалып қойған 4 зардап шегуші оқушы шығарылды.

− Жаттығудың  негізгі мақсаты өрт сондірушілердің кәсіби шеберлігін шыңдау. Соны­мен қатар мектеп қызметкерлері мен оқушыларға өрт жағдайында өзін қалай ұстау қажеттігі және аламдардың қауіпсіз жерге өздігімен шыға алу тәсілдерін үйрету де маңызды. Алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану әдістерін көрсету де осы шараның негізгі мақсатының бірі болды, − дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» бастығы Әбділда Баекеев.

«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» бас­шысы сондай-ақ мұндай жаттығулар өткізу өрт сөндіруші мамандарға қандай оң нәтиже беретінін де айтып берді.

− Төтенше жағ­дай айтып келмейді. Ал біздің өрт сөнді­рушер кез келген жағдайда дайын бо­луы керек. Осындай жат­тығулардың нәтиже­сінде өрт сөндіруші және офицерлік құрам ны­санның конструк­циялық ерекше­лік­­терімен, эва­куа­­циялық жос­­­па­рымен та­ны­­­сады. Бұл өз ке­зе­гінде тіл­сіз жау­ды дер ке­зін­де өшіріп, зар­дап шеккен аза­мат­тарды аман алып қалу үшін фи­зи­калық және так­тикалық дайындығын шыңдайды. Мәселен, ны­санды тоқ көзінен ажырату орны, жақын орналасқан су көздері, күндізгі және түнгі мезгілде болатын адамдардың санын анықтайды. Жаттығу кезінде берілген дәрістер мен тәжірибелік іс-шаралар төтенше жағдай уақытында адамдардың өз өмірлері мен жақындарын  қорғауға септігін тигізеді, − дейді азаматтық қорғау полковнигі Әбділда Сәрсенбайұлы.

Жалпы облыс аумағында 14 өрт сөндіру бөлімі мен 2 өрт сөндіру бекеттері, сонымен қатар Қызылорда қаласында және Қамыстыбас елді мекенінде 1 жедел құтқару жасағының станциясы бар. Дегенмен қала және аудан аумақтары кеңеюде. Заманауи биік ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Мамандардың айтуынша Қызылорданың сол жағалауынан бой көтерген жаңа ықшам ауданына өрт сөндіру бөлімін және Арал ауданы Сексеуіл кентіне өрт сөндіру бекетін салу маңызды болып отыр.

Ал техникалық жабдықталу бойынша бүгінде өңірде автотехникалар саны 106 бірлікті құрайды екен. 2020-2021 жылдары республикалық бюджет­тен 9 бірлік техника, жергілікті бюджеттен 3 бірлік негізгі өрт сөндіру автокөліктері берілген.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: