Сейсенбі, 06 желтоқсан, 15:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97 (1901)
06.12.2022
PDF мұрағаты

Өзгерісті өзімізден бастасақ…

17.03.2022

732 0

16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялады. Саяси өзгерістерге басымдық берген Президент елде бірқатар маңызды өзгерістер болатынын айтты. Жеткен жетістіктер мен бағындырған белестерімізді жоғалтып алмас үшін ең алдымен береке-бірлік керектігін баса айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл Жолдауы бұрынғыдан ерекше екендігі анық. Осы тұста Қызылордадағы әртүрлі сала мамандарының, тұрғындардың Жолдау туралы пікірін тыңдағанды жөн көрдік.

Халықтың көңілінен шыққан бірден-бір Президент бастамасы – Қазақстанның кей облыстарындағы өзгерістер. Алматы облысының Жетісу мен Алматы облысы деп екіге бөліп, орталықтарын Қапшағай мен Талдықорған етіп өзгерту – құптарлық мәселе. Осы орайда қала тұрғыны, жеке кәсіп­кер Нұртас Бекмырзаев өз ойын білдірді.

–  Президенттің бұл Жолдауын­да көтерген біраз мәселе көңілім­нен шықты. Елде бірқатар саяси өзгеріс жасауды көздеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың ше­шімдерін қарапайым халық ретінде қол­даймын. Әсіресе Қазақстандағы облыстар санын арттыру мәселе­сі ерекше көңілімнен шықты. Алматы облысын екіге бөліп, Қапшағайға халықтың біртуар перзенті, ел үшін ерен қызмет еткен тұлға Дінмұхамед Қонаев­тың есімін беруді қолдайтыны дұрыс шешім деп білемін. Президент бұл ұсынысты халықтың ұсыныс-пі­кірін ескеріп барып жасап отыр.Семей аймағынан құрылатын жаңа облысты Абай облысы деп атау да жүрекке жылу ұялатқан шешім болды. Одан бөлек Ұлытау облысын құрып, Жезқазғанды қай­тадан облыс орталығы ету – құп­тарлық. Біріншіден, бұл сол аймақтарда тұратын көпшілік­тің көңілінен шығары анық. Екіншіден, облыстардың көп болуы Президент айтқандай, олардың дамуына оң септігін тигізеді, – дейді қала тұрғыны Нұртас Бекмырзаев.

Президент Жолдауда өзгеріс орнатуға көпшілік болып жұмылу керектігін, әр адам өзгерістерді өзі­нен бастауы керектігін айтты. Бұл туралы №3 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Ахмет өз пі­кірін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден көрдім. Мемлекет басшысы айтқандай, өзгерісті ең бірінші өзімізден бастап, әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Расында, бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасамайтыны белгілі. Сол себептен «Жаңа Қазақстан» құруға барлығымыз бір кісідей бірігуіміз керек. «Халықтың қолдауы болса біз мақсатымызға жететініміз анық деп сенемін», де­ген Мемлекет басшысының сенімін ақтау, Жолдауда ба­сымдық берілген бағыт-бағда­ры­мызды айқындайтын нақты өзгерістерге қол жеткізуі сіз бен біздің қолымызда екенін естен шығармауымыз керек, –  дейді ол.

Мемлекет басшысының Жол­дауы еліміздің болашағына ба­ғыт-бағдар беріп, қоғамдық-сая­си жүйедегі жаңа реформалық өзгерістерге жол ашты деуге толық негіз бар. Бұл жайында Қызылорда облысының дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ма­маны Ердәулет Кәкімжанов ойы­мен бөлісті.

– Мемлекет басшысы «Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жал­ғастыруымыз керек. Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды» дей отырып, бұл құрылымның орнына ұлттық құрылтай құру жөнінде ұсыныс берді. Билік пен халықтың арасын жалғауы тиіс ұлттық құрылтай құрамына барлық аймақтың өкіл­дері, халық қалаулылары мен Қазақстан халқы ассамблеясы, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері кірмек. Атауының өзі көңілге жылылық ұялатқан құрылтай жұмысынан болашақта күтеріміз мол, қордаланған проблемаларды, көкейкесті мәселелерді шешіп, көптің көңілінен шығатын құры­лым болады деп сенеміз. Бұл халық үшін пайдалы болмақ, – деді Ердәулет Кәкімжанов.

Жолдауда біршама шешім қа­былданды. Президент бұл саяси реформалар ел ішінде тек саяси бағыттағы жұмыстарға емес, әлеу­меттік-экономикалық дамуға серпін беретінін айтты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қыз­метінің маманы Құралай Бердәлі былай дейді:

– Президенттің Жолдаудағы бастамалары ол бір күнде әзір­ленген жұмыс емес екені барша­мызға белгілі.  Барлық талдау сарап­таулардан өтіп, қоғам тала­бына сай жасалып отыр және алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Қалай болғанда да ең маңыздысы – халықтың мүддесі болмақ. Бар игілік – Қазақстан халқына! Ел Президенті осыны қадап айтты, баса көрсетті.

Сондай-ақ елімізде Абай, Ұлы­тау, Жетісу облыстарының құ­рыла­тыны жөніндегі жаңалық­тар мен Қапшағай қаласына елі­­міздің біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру жөніндегі ұсыныс көпшілікті қуантып, қол­дауға ие болуда. Ендігі жерде «Жаңа Қазақстанды» құруға жол ашқан мазмұны ерек­ше Жолдау­дың жүзеге асып, мақ­сат­тың орын­далуы барша елімізге жүк­телген жауапкершілік бол­мақ, – дейді ол.

А.БІТІМБАЙ

Тағы да оқыңыз: