Сенбі, 07 желтоқсан, 23:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Оқушылардың ораза ұстауы дұрыс па?

26.04.2022

1424 0

Рамазан айы ізгілікке толы ай. Бұл айда барша мұсылман ораза ұстап, жақсылық жасауға талпынады. Ал жақсылық жасау үлкен кішіге қарамайды. Айдың сұлтаны Рамазан айы басталысымен әлеуметтік желіде, әсіресе, жастардың ораза ұстауға ден қойғаны жөнінде айтыла бастады.

«Қазіргі уақытта оқушылар ара­сында ораза ұстайтындар көбейді. Бұл қаншалықты дұрыс?» деген секілді сұрақтарға әр тарап пікір білдірді. Қостағандар да бар. «Жас жеткіншекке обал, сауаптың мәнін жіті түсіне ме? Еліктеп ораза ұстап жүрген болар» деп кері пікір айтқандар да болды. 

Тіпті әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің «whatsapp» чаттарында ораза ұстаған оқушы­лардың оқу үлгерімі мен ден­сау­лығына қатысты мәселелер ашық талқыланып жатқаны жөнінде ай­тылды. 

Осыған орай біз қос тараптың пікірін тыңдағанды жөн көрдік.

– Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау міндетті емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адам­­нан, оянғанға дейін ұйқыдағы адам­нан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен бали­­ғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.

Екіншіден, балиғатқа және кә­ме­летке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның ағзасында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін.

Бұл жағдай кішкентай бүлдір­шін­нің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүм­кін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз.

Үшіншіден, ата-аналардан бали­ғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұ­раймыз.

Кез-келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қа­рауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындай­ды, – дейді «Ақмешіт-Сырдария» ме­шітінің наиб имамы Мағжан Өмірбеков.

Ислам дінімізде балиғат жасына жеткен балаға ораза ұстауға рұқсат берілген. Ал мектеп мұғалімдері оқушының ораза ұстауы білім алуына кері әсерін тигізеді деп шулап жүр. Мәселен, сабақ оқымай келген оқушылар мектеп партасында ұйықтап қалған. Әлеуметтік желіні шолып шыққанымызда ұстаздар қауымы  «Ораза ұстау қазіргі таңда сәнге айналып кеткен сияқты. Оның амал сауабын жастар түсіне ме? Мектеп жасындағы балалар­дың арасында алдында тек бір мақсат тұр. Ол білім нәрін бойына сіңі­ріп, егемен еліміздің білімді, саналы азаматы болу. Оқушылардың ораза ұстауы білім алуына кері әсерін тигізіп жатыр» деген пікірлер қалдырған.

Байқап отырсақ, қоғамдағы пікір екіге жарылған. Кей кісілер бес парыздың бірі – оразаны ұс­тау дұрыс десе, екіншісі мұндай қадамға бару орынсыз деп ойлайды. Қалай десек те, баланы тәрбиелеу ата-ананың міндеті. Сондықтан осы тұрғыда ата-ананың да пікірін тың­дағанды жөн көрдік.

– Исламда балиғат жасына тол­ған балаға ораза ұстауға рұқсат етілген. Қыз балалар 9 жастан,  ер балалар 12 жастан бастап отыз күн ораза ұстауына болады. Ислам дініміз рұқсат беріп тұрған мәселеге қоғам не үшін даурығып жатқанын түсінбеймін. Білімнің деңгейі дәл осы отыз күн ораза ішінде белгілі болмасы анық. Тоғыз ай бойы сабақ оқымай, мектепке бірде келіп, бірде келмейтін оқушылар бар. Ал бір сыныпта көп болса ораза ұстаған бала 3-5-еу шығар. Сол бір-екі бала өзін-өзі ізгілікке, рухани жағынан тәрбиелегісі келсе, біз неге қарсы болуымыз керек? Кез келген адам өзін ас-су ішіп жеуден тиып, ұстамдылыққа тәрбиелей алмайды. Балалардың өзін иманды болуға тәрбиелеуі – ерлік. Өз бауыр­­ларымыздың жасаған құлшы­лықтарын қолдауға тиістіміз. Ораза ұстаған оқушыға кө­мектесейік. Амал сауабын жіті түсін­дірейік. Өзін-өзі тәрбиелеп жүр­ген балаларға көмектесу біздің міндетіміз. Ораза ұстау арқылы олар жаман әдеттен, былапыт сөз айтудан өздерін тыйып жүр. Менің үлкен екі ұлым балиғат жасына толған сәттен бастап, ораза ұстады. Білмегенін түсіндіріп, көмектесіп жүрдім. Ата-ана да, ұстаз да баланың бір жағында жүріп, оразасын дұрыс өтеуіне бағыт-бағдар берген дұрыс. «Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең істің бәр бос» деген ғой. Балалардың жақсыға қадам басқанына қуанып, қолдау біздің міндетіміз. Қоғамда айтатын басқа да күрделі мәселелер жеткілікті. Ал қазіргі таңда өзін-өзі тәрбиелеп жүрген балалардың әрекетін мәселе қылып, даурығудың қажеті жоқ, – дейді ата-ана Серікжан Жүнісбаев.

Иә, ораза ұстау әрбірімізге парыз. Мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі саналатын осы кезеңде жақсы ой ойлап, жақсы іс жасау міндет етілген. Сондықтан оқушылар сауапты ойлап, сабақты қойып қойды деп даурықпаған әсте дұрыс шығар. Қай жағынан қарасақ та оқушының сауатты болғаны дұрыс. Сіз не дейсіз, оқырман?

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: