Бейсенбі, 02 мамыр, 02:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ораза – сабыр мектебі

04.04.2022

1513 0

Бүгін күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті, он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол Рамазан айы басталды. Бұл айда Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылады. Сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын сабыр мектебі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза– тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп оразаның қадір қасиетін баяндаған. Сондықтан қасиетті айда жасалатын құлшылық жөнінде көп көкейіндегі сұрақтарды облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаевқа қойған едік.

– Алдымен ораза сөзіне түсінік беріп өтсеңіз?

– Исламның бес парызының бірі – рамазан айы келгенде бір ай ораза ұстау. Дәлірек айтқанда, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа жеткен әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз. Ораза ғибадаты  бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретімізде тозақ отынан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себеп болған сауапты амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім шынайы сеніммен, сауабын Алладан күтіп, рамазан оразасын ұстаса, өткен күнәлары кешіріледі»,  – дейді.

– Рамазан айының құндылығы қандай? 

– Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мұнымен қатар мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың еншісінде. Сол себепті Рамазан айлардың сұлтаны, қадірлісі. Ораза ұстау – жақсы амалдарға жетелеп, бойды күнәлардан тазартып, Алланың разылығы мен сый-сауабына кенелуге мол мүмкіндік береді. Рамазан айында парыз болған оразаның адамға берер сан-қырлы пайдасы бар. Мәселен, ораза ұстаған адам таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден ғана тыйылмайды, күллі жағымсыз жаман істерден де тыйылып, жақсы да игі амалдарын көбейтеді. Ораза адамның мінез-құлқын түзеп, мейірім-шапағатын арттырады, сабырлы болуға, барға қанағат, Алланың берген нығметтеріне шүкір етуге тәрбиелейді. Рамазан осындай құндылықтарымен ерекше ай.

– Бүгінде жастар құндылықты түсінбей «ораза тұтсам болды» деп жүр. Осыған орай, адамдардың ниеті мен көңілі туралы айтып өтсеңіз?

– Алланың әміріне мойынсұнған барша мұ­сылман бір ай бойы ораза тұтады. Таң сәріден күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан сақтанып, күнә істерден бойын  алыс ұстайды және сабырлық, мейірімділік, қана­ғатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді. Бір хадисте: «Егер адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес», – делінген. Бұл хадис оразаның мән-мағынасы қаншалықты тереңде екенін байқатады. Сондықтан ораза ұстауда бірінші кезекте ниетіміз Алла разылығы үшін болу керек. Екінші, күллі жаман сөздерден, жеккөрілген істерден сақтану қажет. Сонда ғана ораза ғибадатының сауабы болады. Ораза ұстап жатқан жастардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанамыз. Кей жастардың жіберген кемшілігін бетіне баспай, оған оразаның құндылығын, берілетін шексіз сауабын, қасиетті Рамазан айының қадірін айтып түсіндірген жөн.

Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам сабыр мен төзімнің үлгісі бола білуі тиіс. Тіптен, ораза кезінде айыптап, ауыр сөз айтқан кісінің өзіне де шыдамдылық танытып, пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінде айтылғандай «Мен – оразамын» деп жауап берген абзал.

– Қандай жағдайда ораза тұтпауға болады?

– Алла Тағала денсаулығы жарайтын, балиғатқа толған, ақыл-есі бүтін мұсылманға оразаны парыз етті. Алла Тағала Құран Кәрімде  былай деген: «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді» («Бақара» сүресі, 185-аят) Аят бізге мынаны түсіндіреді. Алла Тағала кей құлдарына рамазан айында белгілі бір себеппен ораза ұстамауына рұқсат еткен. Алайда белгілі себептермен рамазан айында ораза ұстай алмаған кісі кейін оразасының қазасын өтеуі міндетті. Қысқаша айтсақ, жолаушы кісі, науқас, жүкті немесе емізулі әйелдер уақытша парыз оразадан себепке сай уақытша босатылады. Дегенмен жолаушы сапары аяқталған соң, сырқат дертінен жазылғаннан кейін, жүкті немесе емізу­лі әйел денсаулығына қауіп төнбейтін уа­қытқа жеткенде рамазан айында қарыз болған ораза­сының қазасын өтейді. Құдси-хадистердің бірінде: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін», – деп Алла Тағала пендесін қуантады. Сондықтан ораза ұстауға ниеттенуіміз керек.

– Ораза айында немен айналысқан дұрыс?

– Рамазан айы жылына бір келетін қасиетті ай. Сондықтан бұл айдың қадірін біліп, сауапты амалдарды арттырған жөн болады. Мұсылманға берекелі айда сауап істерден қапы қалуына болмайды. Сол игілікті істердің бастысын  атасақ: Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту. Тарауих және тәһәжүд намаздарын оқу. Құран оқу. Жоқ-жітікке садақа беру. Ауызашар жасау. Ауызашарда дұға-тілек тілеу. Қадір түнін құлшылықпен өткізу. Ұдайы дәретпен жүру. Алла Тағаланы көп зікір ету. Әрдайым истиғфар дұғасын айту. Күнә-қателіктерге тәубе жасау секілді амалдар жасаған жөн.

– Ораза қай кезде бұзылады? Бұзбайтын жағдайлар қайсы?

– Оразаны бұзатын жағдайлар: 1.Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынаста болу. 2.Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту; 3.Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар: 1.Ұмытып ішіп-жеу; 2.Қан алдыру; 3.Ауыз, мұрынды шаю; 4.Шомылу, төбеден су құйынып жуыну; 5.Бой дәретсіз таң аттыру; 6.Еріксіз құсу; 7.Көзге сүрме жағу; 8.Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру; 9.Түкірік жұту; 10.Тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.

– Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, және аяғында үш күн ауыз бекітсе, бір ай оразаға тең келеді деп жүргендер бар. Нақты жауабын айтсаңыз?

– Бұл қате ұғым. Рамазан айында бір ай толығымен ораза ұстау парыз. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын», – деп бұйырылған.

– Ораза алдында қырық күн тазару қажет деп жатады? Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз. Қалай тазару керек? Мәселен, ораза алдында 2-3 күн бұрын ішімдік ішкен адам ораза тұтса бола ма?

– Мұндай түсінік, ұғым жоқ. Әрине, әрбір мұсылман қасиетті айға алдын-ала рухани дайын­дығын жасап, дұрыс ниеттеніп, ораза ұстауға қамданатыны сөзсіз. Рамазан айынан бұрын келетін ережеп және шағбан айы бізге қасиетті рамазан айының жақындап келе жат­қанын есімізге салады. Бұл айларда нәпіл ораза­ларымызды, сауапты амалдарымызды жасап, рамазан айына рухани дайындықты қуаттай түсеміз. Себебі шағбан айының соңғы күнінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан екен: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді».

Ішімдік ішу әрине күнә, күллі жамандықтың кілті де осы ішімдік. Одан түбегейлі сақтану қажет. Рамазан айында ішімдігін біржола қойып, тәубеге келіп, ораза ұстауға ниет ету қажет. Бір ескеретін жайт, ораза айы біткеннен кейін баяғы таз қалпына түсіп, ішімдігін қайта ішіп кетпеуі керек. Тесік шелекпен су тасығанның халін кешпеген дұрыс. Сауап орнына таудай күнә арқалау әбден мүмкін.

– Фидия деген не? Кей кісілер «ораза ұстамай фидия төлеуге болады» дейді. Мұны қалай түсінеміз?

– Рамаза айындағы парыз оразасын еш өтей алмайтындай және оразадан кейін де сол қаза күндерін өтеуге денсаулығы болмайтын, яғни созылмалы науқасы бар кісілер ораза күндерінің орнын фидия садақасын беру арқылы өтейді. Оразасының әр күні үшін бір міскінді таңертең және кешке тамақтандырады. Ал денсаулығы бар кісіге фидия садақасын беріп, ораза ұстамай жүруіне болмайды. Кей кісілердің «ораза ұстамай-ақ фидия төлеуге болады» деуі қате түсінік. Дені сау адамға рамазан айында ораза ұстау парыз. Сондай-ақ ораза кезінде науқастанып қалса, кейін дертінен айыққан қаза оразасын ұстайды.

– Ораза айт күндерінде қандай амалдар жасау қажет?

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа басқосу» деген мағыналарды білдіреді. Олай болса, ораза айт мейрамында халықтың шат-шадыман қуанатын, бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, бауырластық көрсететін сәті. Хадис-шарифте былай келеді: «Алла Тағала: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…»,  – дейді. Айт күнінде толық жуынып, әдемі иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Сондықтан бұл күндері Алланы ұлықтау, айт намазына қатысу, садақа беру, жетімнің басынан сипау, ағайын-туысқанды айт мейрамымен құттықтап, оларға сыйлық беру айт күні жасайтын жақсы амалдарымыз болып табылады екен.

– Әңгімеңізге рахмет. Алла ниетімізді қабыл етсін.

Сұхбаттасқан Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: