Бейсенбі, 25 сәуiр, 08:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қадір түні – иманды қуаттайтын мезгіл

26.04.2022

864 0

Ислам Маратұлы
Қызылорда облыстық орталық “Ақмешіт-Сырдария” мешітінің наиб имамы

Көптеген мұсылмандардың пікірінше Рамазан айының 27-ші түні – мәртебелі Қадір түні. Ғалымдар болса, бұл мезгіл Рамазанның соңғы 10 түнінің бірінде келеді деп айтады. Ең дұрысын Алла біледі.

Бәріміз бұл түнді асыға күтетіндіктен, Құран Кәрімнің 97-ші сүресінің аяттарын еске алсақ:

«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады».

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

Шаъби: «Ол күннің түні күндізі іспетті, ал күндізі де түні сияқты», – десе, Саъид бин Мусәйяб: «Қадір түні құптан намазында (жамағатпен бірге) болған кісі, сол түннен өзіне тиесілі несібесін алған болып есептеледі», – дейді.

Қадыр түнінің ерекшелігі неде? Неліктен Алла Тағала бұл түнді мың айдан қайырлы етті? Бұл түн мүлдем болмағанда не болар еді?

Көп ғасыр бұрын дәл осы түні Нұр тауындағы Хира үңгірінде Жәбірейіл періште Құранның алғашқы аяттарын оқыды. Оның алдында отырған адам кейіннен адамзаттың асылы, екі дүние сұлтаны деген атқа ие болатын ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) еді.

Осы түнде Хира үңгірін нұрға бөлеп, пайғамбарымыздың жан дүниесін тебіренткен сәуле ғасырлар бойы барша мұсылмандардың өмірлеріне де әсер етуде.

Құрметті бауырлар, әпке-қарындастар!

Біз үйімізде энергия қуаты мен судың болуы үшін әрекет жасаймыз. Ішкі дүниемізге қажетті рухани азық жайлы да ұмытпайық.

Қадыр түні қарсаңында ниеттеніп, бойымыздағы иманның батареясын қуаттайық. Құдіретті түнінің әр сәтін Алла Тағаланы еске алып, зікірмен, шүкірлік етумен өткізейік. Жаратушы Алладан кешірім сұрайық, дұға етейік.

Құрметті бауырлар, әпке-қарындастар!

Қасиетті Қадыр түні Жаратушы Алла тарапынан түсетін ерекше берекет пен ізгілік біздің өмірімізді өзгертуі мүмкін екенін есімізден шығармайық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: