Сенбі, 27 сәуiр, 04:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қай ел қалай тойлайды?

03.12.2021

1373 0

1 желтоқсан – тәуелсіз қазақ елінің күнтізбесінде белгіленген мереке. 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Заңда 1 жел­тоқсан  – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеген еді. Сол уақыттан бері қыстың ал­ғашқы күні тұңғыш Президент күні мерекесі ретінде тойланып келеді.

Жалпы мұндай атаулы күн бірнеше елде бар. Мереке қарсаңында Президент күні мерекесін атап өтетін елдерге шолу жасап көрдік…

Америкалықтар ақпанның үшінші дүйсенбісінде демалады. Бұл күні 1885 жылы тұңғыш президент Джордж Вашингтонның құрметіне белгіленген Президент күнін атап өтеді. 1782 жылы Алғаш рет Виргиния штатында жұртшылық Вашингтонның туған күнін атап өткен. Олар бұл күні балл, парад, түскі қонақ асын ұйымдастырған. Бірнеше штатта бұл дәстүр жалғасын тауып, 1855 жылы жалпы ұлттық мейрам деп жарияланды.

Джордж Вашингтон 1732 жылы 22 ақпанда дүниеге келген. 70-жылдардың басына дейін мейрам осы күні ғана аталып өтті. Алайда президент Никсон ақпанның үшінші дүйсенбісіне ауыстырып, Президент күнін тек Вашингтонның ғана емес, АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольннің де құрметіне атап өтуді ұсынды.

Ал Ұлыбританияда 8 маусымда пат­шайымның туған күні тойланады. Британ монархы ІІ Елизавета сәуірде дүниеге келген. Алайда VII Эдуард бекіткен дәстүр бойынша Біріккен Корольдігі бұл күнді маусымның екінші сенбісінде атап өтеді. Патшаның пікірінше бұл күні ауа райы мерекені бұза алмайды.

ІІ Елизавета – Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Соломон аралдары, Ямайка секілді 15 мемлекеттің пат­шайымы. Алайда ол елдердің өздерінің «Патшайым күні» бар.

Мысалы, 24 мамырда канадалықтар Виктория патшайымның туған күнін атап өтеді. Австралияда шаңғы мау­сымы басталатын кезде маусымның екінші дүйсенбісінде тойлайды. Жаңа Зеландияда патшайым күнін тау шаң­ғысы маусымы басталатын уақытта, яғни маусымның бірінші дүйсенбісінде атап өтеді.

Исландияда Президент күні 14 мамырда дүниеге келген елдің бесінші президенті Олавур Рагнар Гримссонның құрметіне бекітілген. 1966 жылы билікке келген Гримссон 2016 жылдың бірінші тамызында орнын Гвюдни Йоуханнессонге босатты. Исландияда Президенттің туған күні мемлекеттік мереке. Бұл күні Исландияда мем­лекеттік ту көтеріліп, әртүрлі көңіл кө­теру шаралары мен халықтық шеру ұйымдастырылады екен.

Нидерланд – король (патшайым) басқаратын конституциялық монархия. Ұлттық мейрам Патша күні Виллем Александрдың туған күні 27 сәуірде аталып өтеді. Осыған дейін 31 тамыз бен 30 сәуірде тойланып келген. Бұл күні сонымен бірге ұлттық бірлік күні аталып өтеді. Осы күні голландтықтар Оран әулетінен келе жатқан сарғылт түсті киім киеді. Қалаларда роктан рейвке дейін әртүрлі жанрда музыкалық концерттер өтеді. Барлық жерден көше музыканттарын кездестіруге болады. Гаага секілді қалаларда түн ауған шақта «Koningsnacht» деп аталатын Патшайым түні тойланады. Көшелерді сарғылт түсті лента, гирлянда, шармен безендіріп, қазіргі монархтың портреті мен ұлттық туын іледі. Бұл күні елдегі дүкендерге тауарларын ҚҚС-сыз (қосылған құн салығы) сатуға рұқсат беріледі және бұл мерекеде кез келген адам көшеге шығып өз тауарын еркін сата алады. Барлығы жылдың «сарғылт» мейрамын шат-шадыман атап өтеді.

Мереке тарихы 1885 жылдан бас­талады. Ең бірінші либералды партия халықтар бірлігі күнін белгілеуді жөн көрген. 31 тамызда Вильгельмина хан­шайымның туған күніне орай Ханшайым күні тойланған. Ханшайым патшайымға айналған кезде мейрам атауы Патшайым күні деп өзгертілді.

1948 жылы таққа Юлиана пат­шайым келген соң мейрам 30 сәуірге ауыстырылды. Бұл күн Юлиананың туған күні еді. Патшайымның қызы Беатрикс анасының орнына отырған соң бұл мейрамды өзінің туған күніне ауыстырмағанды жөн көрді. Анасын еске алу үшін 30 сәуірді мереке күні деп қалдырды, әрі өзі туған күн 30 қаңтар мейрамды тойлау үшін қолайсыз еді. 2013 жылы Беатрикс таққа Вильгелм-Александрды отырғызды. Корльдің ту­ған күні 27 сәуір болған соң патшайым күні «Король күні» деп өзгертілді.

Ангола халқы да тұңғыш президент күнін тойлайды. Анголаның тұңғыш президенті Агоштинью Нетудің құр­метіне орай басқаша атаумен «Ұлт батырлары күнін» атап өтеді.

Ол 1922 жылы 17 қыркүйекте про­тестанттар шіркеуі қызметкерлерінің отбасында дүниеге келген. 1950 жыл­дары Нетудың қатысуымен Пор­тугалиядан тәуелсіздігін алу үшін күрескен Анголаны азат ету халықтық қозғалысы құрылды. 1975 жылы Ангола тәуелсіздік алған соң Нету оның алғашқы президенті атанды.

Ұлт батырлары күні Нетудің құр­метіне ғана аталып өтпейді. 20 жыл­ға жуық ел тәуелсіздігі жолында күрескен Анголаны азат ету халықтық қозғалысының барлық мүшелерінің және 1975-2002 жылдар аралығындағы азаматтық соғысқа қатысушылардың құрметіне тойланады. Мереке күні ұлт батырларының сіңірген еңбегі айтылып, халық қошемет білдіреді. Елде спорттық шаралар мен еске алу шаралары өтеді.

Бұл елдің мемлекеттік мейрамдарына президент күні де кіреді. 17 қарашада халық тұңғыш президенттері Амата Кабуаның туған күнін атап өтеді. Маршалл халқы ел тәуелсіздігі жо­лында бірқатар келіссөздер жүргізіп, тәуелсіздіктің негізін қалаған Кабуаны ерекше құрметтейді.

Ол 1979 жылы Маршалл аралда­рының президенті болып сайланды. 1996 жылға дейін ақтық демі қалғанша бес президенттік мерзімде мемлекет басшысы қызметін атқарды.

Амата Кабуа елдің тұңғыш президенті ғана емес, «Маршалл аралдары мәңгілік» атты ұлттық әнұранның әні мен сөзін жазған.

Оңтүстік Африкадағы ең дамыған елдердің бірі. Мереке екі күнге со­зылады. Тұңғыш президент Серетсе Кхама құрметіне Президент күнін шіл­денің үшінші дүйсенбісінде атап өтеді. Ол өмірінің соңына дейін елді 14 жыл басқарған (1966 жылдан 1980 жылға дейін). Жемқорлықпен аянбай күресті, салықтың ең төменгі деңгейін ұстап тұрды және тұрақты демократиялық режимді құрды.

Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алған кезде Ботсван әлемдегі ең кедей елдің бірі еді. 1966 жылы ел егемендігін алды. Келесі 35 жылда елдің ЖІӨ қарқынды түрде өсіп, экономикасы жылдам өскен елдердің ішінде екінші орын алды.

1994 жылы 6 қарашада Эмомоали Рахмон Тәжікстан Республикасының президенті болып сайланды. 2016 жылы 15 сәуірде Тәжікстан пар­ламентінің төменгі палатасы 16 қа­рашаны Пре­зидент күні деп бекітті. Парламент бұл шешімді жеке тұлғаны дәріптеу емес, қосымша шығынды қажет етпейтін мейрам екенін айтқан болатын.

16 қарашада Эмомали Рахмоналидің қайраткерлігін дәріптейтін кітапхана, көрме залдары мен білім беру ме­кемелерінде тақырыптық шаралар өтеді. Тәжікстан көшелері мен алаңдары «Біздің Президент – біздің лидер» деген жазуы бар Эмомали Рахмонның үлкен портреттерімен безендіріледі.

Жыл сайын 23 қазанда Таиланд халқы V Рама королін еске алу күні жалпыхалықтық мерекесін атап өтеді.

P.S. Ел Президенті күнін атап өту әр елде түрлі сән-салтанатпен өтеді. Қазақ елінде бұл күн Тәуелсіздік та­рихымен астасып жатқандықтан болар, қызылды-жасылды сән-салтанат емес, ел тәуелсіздігін әспеттеген рухани ме­рекеге айналды.

Г.ҚЫМБАТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: