Жұма, 23 ақпан, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2025)
20.02.2024
PDF мұрағаты

Қайғыға салмай жүрегін, анаға дұрыс қараңдар

06.03.2022

977 0

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп қашанда тіршіліктің бастауында аналардың тұратынын айтып өткендей. «Баламның табанына шөңге кіргенше, менің маңдайыма кірсін» дейтін аналар қауымы жылы жүрегімен, нұрлы жүзімен адамзат баласына шаттық сыйлап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді.

«Ата – арым, ана – дәрім» деген жұртпыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жанымыздан ең бірінші анамыз табылады. Іңгәлап бесікте жатқан кезімізде де жұбатып, түн ұйқысын төрт бөлетін де анамыз. Ананың ар-ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі секілді үш бақыты бар. Олар өмірін де осы үш бақытпен байланыстыра өрбітеді. Әйел баласының ерін күтуі, оған адалдығы өз алдына бөлек әңгіме.

Аналарға арнап жыр жазбаған ақын, қалам тербемеген жазушы, ән арнамаған сазгер жоқ шығар. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген әнді жаттап өстік. Көктеммен бірге келетін 8 наурыз мерекесінде жыл сайын орындадық, әлі де шырқап келеміз. Ана тақырыбын адам баласы ізгі ниетпен сөз етеді. «Жер-Ана», «Табиғат-Ана», «Ана тілі» деуіміздің өзі тегін емес. Әнұранымыздың сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтей ақын:

«Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты…» – деп тебіренеді. Тұманбай Молдағалиев:

«Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,

Қалған кезде бойымдағы күш бұғып.

«Сөнбейсің» деп дауыстайды анашым,

Мен орнымнан жығыламын үш тұрып» – деп ана махаббатының бала біткенді кез келген қиындықтан шығаратынын жырға арқау етеді. Мұқағали Мақатаев болса: «Шеше, сен бақыттысың» деп өлең арнайды.

Арғы-бергі тарихқа үңілсек, Ұмай ана, Тұмар патшайым, Зарина ханшайым, Бегім ана, Домалақ ана сияқты тұлғаларды кездестіреміз. Сақ патшайымы – Тұмар әлемді жаулап алу үшін соғыс ашқан парсы патшасы Кирдің көзін жойған. Ал Ұмай, Бегім, Домалақ аналар парасаттылығымен дараланады.

Небір ғалымдар мен ел билеген патшалардың өзі аналардың алдында дәрменсіз. Ананың бойындағы қасиеті балаға ақ сүті мен тәлімі арқылы беріледі. Зере мен Ұлжандай аналардың тәлімін алған Құнанбай мен Абай тарихи тұлғаларға айналды. Шоқан да ел анасы атанған Айғаным әжесінің тәрбиесін көрген. «Алып анадан туады» деген тәмсілдің негізінде шындық жатыр.

Жер бетін қандай қатыгездік жайласа да, мынау жаһанда мың жыл соғыс болса да, айналаны топаң су басса да, әсем табиғат отқа оранып, күлге айналса да осының бәрінен құтқаратын мейірімге толы сәулелі үміт шуағы болады. Сол үміт пен мейірім жаны жылылыққа толы ана жүрегіне жайғасқан дер едім. Сондықтан да ананың бойынан адам баласына біткен бар игі жақсы қасиетті табуға болады. Өйткені өмірінің соңына дейін өзін емес ұрпағын ойлап өтетін аналар қауымына тіршіліктің бастауында-ақ атқарар міндеті мен арқалар жүгі сеніп тапсырылған. Бір өкініштісі, «мен кимесем кимейін, балам кисін, мен жемесем жемейін, балам жесін» деп бүкіл ғұмырын ұрпағына арнайтын аналарға лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе? Мемлекеттен берілетін түрлі деңгейдегі көмектен бөлек қоғамда ауыз айтуға ұялатын небір келеңсіз жағдайларды бұл жерде санамалап жазбай-ақ қояйық. Өйткені аналарға көрсетілетін құрмет біз ойлағаннан да биік болуы керек. Аналар жасасын, өйткені әйелдің бақыты – ана болу. Сөз соңын

«Айналайын, адамдар!

Бәріңнің де анаң бар.

Қайғыға салмай жүрегін,

Анаға дұрыс қараңдар» деген ақынның өлеңімен аяқтағанды жөн санадық.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: