Жексенбі, 08 желтоқсан, 14:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қарыз ал да, көлік ал

09.04.2022

1135 0

Екі достың әңгімесі:

– Нұрсұлтан су жаңа машина мініп алыпты.

– Несиеге алған ғой.

Иә, көлік ерлердің ең сүйікті қажеттілігі. Тіпті көлікке қатты қызығатындар қорықпай несиеге де алып, темір тұлпарды тізгіндеп алған. Бүгінде қыз-келіншектер де машина айдауға құмартты. Қазіргі таңда көлікке деген сұраныс, қызығушылық өте жоғары. Әрине, көлікпен жүрсең біраз шаруаны тез бітіретінің анық. Дегенмен көлікке дәл қазіргі заманда бірден қол жеткізу мүмкін емес. «Айлықтан айлыққа дейін» күн көріп отырған отбасылар үшін жаңа көлікті міну – үлкен арман. Қарапайым халық тәуекел етіп несиеге де алып жатыр. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған болатын. Сол уақытта 80 мыңнан аса отандасымыз несиеге темір тұлпарды тізгіндепті.

4 %-пен

көлік алу тиімді ме?

Биыл елімізде 4 процентпен жеңіл автокөлікті рәсімдеу басталады. Автонесиені қаржыландыру үшін Қазақстанның даму банкі екінші деңгейлі банктерге 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022-2025 жылдарға 150 млрд теңге бөлінеді. Бағдарлама аясында биыл 30 млрд теңгені игеру жоспарланған. Бұл жобаға осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерден 15 мыңнан астам өтінім түскен. 

Сарапшылар жаңа бағдарламаның іске қосылуы көлік бағасының артуына әкеліп соғуы мүмкін дегенді де айтады. Себебі құзырлы министрлік көлік бағасын бір қалыпта ұстау бойынша автоөндірушілермен ешқандай келіссөз жүргізбеген. Былтыр автосалондарда көлік бағасы кұбылмалы болып, 5 мәрте көтерілген. Алайда көлік бағасы өскенмен, оны сұраушылар азайған емес.

– Жеңілдетілген автонесиеге сұраныс көп. Күніге келетін екі адамның бірі осы бағдарлама жөнінде сұрайды. Алайда нақты қашан басталатыны белгісіз болып отыр. Өкініштісі, бұл бағдарлама бойынша кез келген адам ала алмайды. Өзіндік шарттары бар. Өйткені бөлінген қаражат мөлшері шектеулі.  Автонесие туралы айтып өтетін болсақ, мұның аясында жаңа және тек отандық өндірістің көлігін аласыз. Мұндағы мақсат – отандық автонарықты дамыту. Бізде қазіргі уақытта көлік бағасы 7 миллион теңгеден басталады. Көлік саудасы тоқтап қалған емес. Темір тұлпарды нақты ақшамен де, несие арқылы алып жатқандар жеткілікті. Бүкіл модельге сұраныс бар. Бірақ та «Hyundai» маркасы қымбат болғанмен қазіргі бренд. «Accent» маркалы көлік арзандау бол­ғандықтан осыны алушылар көп. Бағдарлама басталса халыққа тиімді болары анық. Ескі көлікті әурелеп жүргеннен, жаңа көлікті мінген әлдеқайда жақсы. Әрі отандық өнімді қолдағанымыз, – дейді «Hyundai» KZ орталығының автокөлікті сату бөлімінің басшысы Берік Толыбаев.

Ал қаламыздағы «Тұран» ЖШС авто мекемесінің кеңесшісі Қорғанбек Садықовтың айтуынша, мұнда күніне 20-30 адам көлік іздеп келсе, оның тең жартысы жеңілдетілген бағдарлама бойынша көлік алу жөнінде сұрайды.

–  Алдымен бұл бағдарлама арқылы несие рәсімдеу екенін еске саламыз. Яғни автонесие арқылы көлік алуға қызыққандар алдымен банкке барады. Қанша теңгеде, қандай көлік алғысы келетінін айтады. Несие тарихына қарай азаматтарға несие беріле ме, сол анықталады. Мәселен біздің орталықта ең арзан отандық көлік «Chevrolet Nexia» 6190000 теңгеден басталады, – дейді ол.

Банк талабы қандай?

Жеңілдетілген бағдарламаның шарты өз­герген. Енді автомобиль құнына емес, несие көлеміне шек қойылады.

Бағдарламаға кез келген қазақстандық аза­мат қатыса алады. Алайда олардың басқа несиесі бар-жоғы мен қарызды қайтару мүм­кіндігін зерттеп, автонесиені беру-бермеу жөніндегі шешімді банк қабылдайды. Көлік алуға өтініш берушінің жасы 21-ден кем бол­мауы, ал қарыз аяқталған кездегі жасы 68- ден асып кетпеуі шарт. Бағдарлама аясында несиеге алынатын отан­дық көліктің бағасына шектеу жоқ. Бірақ несие көлік құнының 10 миллион теңгесіне ғана рәсімделеді. Қалғанын сатып алушы өзі төлейді. Қазақстандық авто­салондарда бағасы 10 млн теңге шамасында көліктің 2 маркасы мен моделі бар. 

Несие мерзімі бұрынғыдай 7 жыл. Ал жыл­дық сыйақысы 4% болып бекітілді. Бас­ты өзгеріс алғашқы жарнасы болмайды. Со­ны­мен қатар қосымша бағдарлама енгізу қа­рас­тырылуда. Көпбалалы отбасыларға, әс­ке­­ри­лерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге жеңіл­дікпен автонесие беру көзделген.  

Көлік алғысы келіп жүрген аза­маттың бірі Ақылбек Сыздықбаев бағаның өскенін анықтайды.

– Көлік бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Темір тұлпар тізгіндейін деген ой болғанмен, оған қажетті қаражатты жинау мүмкін емес. Күннен-күнге баға шарықтап барады. Биыл автонесие басталады дегенде халық қуанды. Жаңа кө­лікті осындай бағдарлама арқылы алуға ғана мүмкіндік бар. Жеңілдетілген несие арқылы автокөлік алуға өтініш беріп көрмекпін. Қашан басталатыны белгісіз. Бағ­дарлама іске қосылған уақытта банкке барып, несие жөнінде мәлімет аламын. Егер маған несие шыса, жаңа темір тұлпарды тізгіндеу ойымда бар, – дейді ол.

P.S. Көптеген маман көлікті несиеге алғаннан гөрі қолма-қол ақшаға сатып алуды ұсынады. Себебі банк ешқашан ұтылмайды. Машинаны мініп, ол тозамын дегенше несиеден әлі де құтылмауыңыз мүмкін. Сондықтан қымбатқа ұрынбай «жаяу жүргеннен машинамен жүргенім жақсы» деп орташа бағадағы көлікті таңдаған дұрыс.  Қалай десек те, несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Бұрын «қарыз алсаң да, әйел ал» деп, әзіл-шыны аралас айтылатын еді. Бұл сөз қазіргі уақытта «қарыз алсаң да, көлік ал» деп өзгерген секілді. Қарызға батып тұрғанын білсе де астында су жаңа көлігі барлар жетерлік. Сырт көз қымбат көлікті қарызға алғанын қайдан  білсін.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: