Сенбі, 27 сәуiр, 06:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қателік қайдан демеңіз, тәрбиеден кетсе есеңіз…

11.01.2022

1091 0

Бірнеше күн бұрын бейбіт түрде басталған шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Салдарынан елдегі ахуал күрт нашарлап, кейбір жастар арампиғылдылардың жалған ұранына еріп кетті. Әрине, бұл жерде арнайы ұйымдасқан топтар бар. Олар қолға түсіп те жатыр. Бірақ кейбір жастар басқа мақсатты көздегендерге не себепті ерді? Қай жерден қателік кетті? Мұны арнайы мамандар зерттей жатар. Қазір жасыратыны жоқ, адамдар ашушаң болып кеткен. Әсіресе жастар жағында сөз көтере алмайтындар көп. Тіпті басынан сөз асырғысы келмейтіндер бар десек, артық айтқандық емес. Дегенмен адамның санасын улайтын кейбір компьютерлік ойындардың жастардың мінез-құлқына әсер ететінін айтқымыз келеді.

Ұрпақ тәрбиесіне келгенде селқостық танытуға болмайды. Қазіргі аналардың көпшілігі жұмыс істейді. Сондықтан бала уақытының көбін теледидар, компьютер алдында өткізеді. Болып жатқан түрлі жағдайлар жас өреннің психикасын улап, балалар мен олардың ата-анасы арасындағы қарым-қатынас процесін қиындатады. Интернеттегі кейбір ойындардың атын атауға қорқасың. Өйткені олардың басым бөлігі қырып-жоюға арналған. Жатқан атыс-шабыс. Бірін­де террористермен атысса, енді бірінде көшені кезіп білгенін жасап жүреді. Балалар көп ойнайтын компьютерлік екі ойынды назарға алайық. Бірі – контрстрайк, екіншісі – ГТА. Мұндай ойындарда балалар адамды қалай өлтіру қажет, ол үшін қандай қару қолданатынын жадына әбден тоқиды. Бұл дегенің масқара ғой. «Мұндайда баламды бақылауда ұстаймын не болмаса қазақы тәрбие беремін деу бекершілік сияқты», – дейді қалалық №3 емхана психологы Гүлдана Садықова. Ол: «Өзгеге еліктеп өскен сәби көп жағдайда ата-анасына қарсы шығып, оларды тыңдамай өз дегенімен жүреді. Әртүрлі жат қылықтар жасап, ата-анасының атына кір келтіреді. Бала тәрбиесін бақылаусыз жіберіп, артынан сан соғып отырмайық. Егер ол өзге пиғылды діни ағымның жетегіне еріп кетсе, бағып өсірген ата-анасының жағдайы не болмақ? Несін жасырамыз, ондайлар қоғамда бар. Бұл жағдайға сонда кім кінәлі? Ата-ананың балаға берген тәрбиесі ме, әлде, баланың ата-анаға жасаған іс-әрекеті ме? Қалай айтсақ та, адамның психикасына әсер ететін әрекеттерден баланы аулақ ұстаған жөн», – дейді психолог.

Біз мәселені жан-жақты талқылау үшін тұрғын­дарды сөзге тартқан едік. Соның бірі – 8 баланың анасы Патыма Аманбайқызы.  Көпбалалы ана: «Тәрбие бесіктен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-анаға да байланысты. Қазақ баласына қол көтермей-ақ айтар ойын көзбен жеткізген. Осының өзінен қазақы тәрбиенің даналығы мен даралығын көруге болады.  «Балалы үй – базар», «Баланы – жастан», «Бала – болашағымыз», «Ұл-қыз – ұрпағымыз» деп жатамыз. Осы сөздің бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Отбасы тәрбиесіне, әке-шешенің мейірімі мен жылы сөзіне, «Балам, жақсы бол, азамат бол, бұзық болма, тәр­тіпті, үлгілі болып өс» деп, перзентінің басынан ыстық алақанымен жай ғана сипап өткенге ештеңе жетпейді», – деген ойымен бөлісті.

Балабақшаға баратын бала­ларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Олардың өзі де интернет арқылы ойнайтын ойындарды үлкен­дерден жақсы біледі. Біз балабақша тәр­биешісінің пікірін назарға ұсынғанды жөн көрдік. «Балабақшадағы баланың өзі ұялы телефонға құмар. Тіпті бізден жақсы біледі десем де болады. Ондағы кейбір ойындардың қаншалықты зиян екенін мамандар айтып та жүр. Сол себепті ата-аналарды қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және оларға үлгі болар тұлға екендеріңізді ұмыт­пайық», – дейді Назерке Сәдірбаева есімді «Сыр еркесі» балабақшасының тәрбишісі.

«Ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым» деген қазақтың ұрпағымыз. Олардың тәрбиесіне келгенде барлығын талбесіктен бастағанды жөн санайтын халықпыз. «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» дейді ғой. Бабаларымыз балаға ана сүтімен бірге ана тілінің, бойына ұлттық тәрбие мен салт-сана даритынын әлдеқашан айтып кетті.

«Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі». «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын». «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар». «Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле». «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес». «Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады» деген бабадан қалған асыл сөздерде. Қалай болғанда да ізімізді жалғар ұлымыз бен өрісімізді кеңейтер қызымыз ата-анасына қарап өсетінін ұмытпайық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: