Жұма, 06 желтоқсан, 22:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Қоғамға қарсы бүлік – халыққа қарсы қастандық

18.01.2022

837 0

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығы мен еркіндігіне қол жеткізген еліміз тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын кеше ғана тойлап, қоғам дамуындағы жетістіктер мен табыстарын бір бағамдап алған еді.

Бірақ жаңа жылдың алғашқы күндері еліміздің бірнеше қаласында болған қантөгіске апарған террористік актілер қоға­мымызды дүр сілкіндірді. Бұл дүрбелең бүгінгі біздің қоға­­мымыздың панорамасын тағы бір қырынан көрсетіп берді.

Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың үкіметке ұсынған әлеуметтік сипаттағы талаптарын орындату жолындағы шерулеріне қолдау көрсету мақсатындағы елдің басқа өңір­леріндегі жұртшылықтың бейбіт шерулері, осындай қарулы сойқандыққа ұласатынын ешкім де болжамағаны анық.

Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз және т.б. қала­лардағы халықтың әлеуметтік және саяси талаптары мен көшеге шыққан бейбіт шерулері азаматтардың конституциялық құқық­тарының пайдалану көрінісі деп санауға болатын. Көп ұзамай бейбіт шерушілер қатарына, бейбіт тұрғындар кейпіндегі, экстремистік шаралар жүргізуді мақсат еткен лаңкестердің қосыла кетуі жағдайды күрт шиеленістіріп жіберді. Халықтың өз қатарына арам пиғылды лаңкестерді шақырмағаны айдан анық. Лаңкестердің құқық қорғау өкілдеріне қарсы қарулы қақтығыстар мен стратегиялық маңызды нысандарға шабуыл жасап, қирату, өрт қою секілді радикалдық бағыттағы өрескел қылмыстары қарапайым халық арасында алғашқы кезде жұмбақ түсінбестік туғызды. Құқық қорғау өкілдері мен бейбіт шерушілер арасындағы жазықсыз қаза тапқан құрбандардың пайда бола бастауы қоғам жұртшылығын әрі-сәрі күйге түсірді. Көпшілік жұрт бейбіт басталған шерудің қандай сипатқа айналғанын түсіне алмай қалды.

Әсіресе, Алматы қаласындағы лаңкестердің құқық қор­ғаушылар мен қарапайым халыққа жасаған қатыгез, озбыр қылмыстары мен ашық түрдегі тонаушылық әрекеттері жан түршіктірді. Тонаушылық қылмыстарға бей­біт тұрғындар өкілдерінің де қатысып, пендешілік күнәға батқандары да байқалып қалды. Мұндай лаңкестік топтардың радикалдық сипаттағы белсенділіктерімен кенеттен пайда болуы, жұртшылық арасында түрлі қауесеттер мен саяси сипаттағы сыбыстардың пайда болуын өршіте түсті.

Кейінгі күндердегі ашық ақпарат көздерінен лаңкестік топтардың алдын-ала арнайы дайындықтан өтіп, осы іс-шараларға дайындалғаны және жоспарлы түрде қоғамның саяси құрылымын шайқалтуға бағытталғаны белгілі болды.Ізгілікті қарекеттерде түсінігі аз, қанды тәуекелге бас тіккен лаңкес топтардың бейбіт қоғамда аяқ астынан пайда болуы және бұларды құқық қорғау жүйелерінің осы күнге дейін білмей, көрмей қалуы көпшілікті қайран қалдырды.

Соңғы ақпараттардағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың мәлімдеуінше, лаңкестік топтарды ұйымдастырушылар тобының мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталғаны белгілі болды.

Дегенмен мұндай экстремистік пиғылдағы лаңкестік топтарды кімдердің ұйымдастырғаны және кімдердің мүддесі үшін ауыр қылмыстарға барған деген сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр. Сонда да болса, елдегі жағдайды өз қолына алып үлгерген Президент алдағы уақытта қоғамға қарсы жасалған зор бүліншіліктің алғышарттары мен себептерін, осыған мүдделі топтардың мақсат-пиғылдарын анықтап берер деген үміттеміз.

«Уақыт – төреші, халық – сарапшы» дегендей қоғамға қарсы бұл зобалаңның да себеп-салдары анықталып, патша халық өз бағасын берер күнге де жетерміз.

Түрлі деңгейдегі саяси процестердің әсерінен қоғамдық сананың уақыт өте келе өзгеріп отыратыны бұрыннан белгілі. Сондықтан алдағы уақытта азаматтар қазақ қоғамына зор қауіп төндірген осындай қылмыстардан сабақ алып, саяси саналылыққа ұмтылу қажеттігін түсінетін болар деп санаймын.

Саралы сөздің түйіні зор дегендей, қоғамның тұрақтылығы мен бейбітшілігін сақтау үшін бәріміз азаматтық саналы белсенділік танытумен қатар, Президенттің ел жағдайын қалыпқа келтіру жолындағы осы таңдағы антитеррорлық бағыттағы батыл шешімдері мен бастамаларына қолдау көрсетуіміз қажет деп санаймын.

Ербол ӘБЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

«Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер»

кафедрасының доценті, с.ғ.к.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: