Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» облыстық орталық мешітінде жалғасты. Жиында 2026 жылы Қазақстанда Құрбан айт мерекесінің өту тәртібі, құрбан шалудың шариғи талаптары мен қайырымдылық шаралары кеңінен түсіндірілді.
Брифинг спикері ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» облыстық орталық мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев қасиетті мерекенің рухани мәніне тоқталып, Құрбан айттың қоғамдағы татулық пен жанашырлықты нығайтатын ұлық мейрам екенін айтты.
«Құрбан айт – тек құрбан шалумен шектелмейтін, мұсылман қауымын ынтымақ пен бірлікке үндейтін қасиетті уақыт. Бұл күндері мұқтаж жандарға көмек қолын созып, мейірім мен қайырымдылықты арттыруымыз қажет. Биыл һижри күнтізбесі бойынша зұлхижжа айы 18 мамырда басталып, 26 мамыр – Арапа күні, ал 27 мамыр Құрбан айттың алғашқы күні болып белгіленген. Айт намазы облыстағы барлық мешітте таңғы сағат 06:00-де оқылады», – деді Дастан Жанасұлы.
Брифинг барысында құрбан шалудың үкімі мен тәртібі де түсіндірілді. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара және түйе шалынатыны, малдың мінсіз әрі белгілі жасқа жеткен болуы шарт екені айтылды. Сонымен қатар, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату сауапты іс екені ерекше атап өтілді.
Өңір мешіттерінде мерекеге дайындық қызу жүргізілуде. Арнайы қасапханалар белгіленіп, еріктілер тобы жасақталған. Құрбан шалу рәсімдері санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылып, онлайн форматта да жүзеге асырылады. Ол үшін qurban.muftyat.kz платформасы арқылы тапсырыс беруге мүмкіндік қарастырылған.
Дастан Құрманбаев тұрғындарды күмәнді қорлар мен беймәлім ұйымдардың онлайн құрбандық акцияларынан сақ болуға шақырды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен құрбан малдарының бағасын негізсіз қымбаттатпау жөнінде үндеу жасады.
«Құрбан айт – жүректерге иман нұрын, көңілдерге шаттық сыйлайтын мереке. Осы күндері көпшілікке жақсылық жасап, елдің алғысын алайық. Өткен жылы облыс мешіттерінің ұйымдастыруымен мыңдаған отбасыға құрбан еті таратылып, қайырымдылық шаралары кең көлемде өткізілген. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын таппақ», – деді бас имам.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
