Бейсенбі, 28 наурыз, 16:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда облысында 556 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған

18.04.2022

1006 0

Қызылорда облысында 556 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ директоры Ерғазы Алданазаров хабарлады.

Дүниежүзілік мәдени мұраларды сақтау мен қорғау мәселелеріне жалпы жұртшылықтың назарын аудару мақсатында 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрікті орындар мәселелері бойынша Халықаралық кеңес Ассамблеясы (ИКОМОС) 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін бекіткен. Бұл күн мемлекетаралық деңгейде алғаш рет 1984 жылы 18 сәуірден бастап аталып өтілуде және әлемдік деңгейде тарихи-мәдени мұраны сақтауда жасалған маңызды қадамдардың бірі болған.

Бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 556 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Оның ішінде 31 республикалық, 256 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері, ал 269 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізімде.

«Тәуелсіздік жылдары 15 археологиялық ескерткішке зерттеулер, 38 сәулет ескерткішіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 125 монументті өнер құрылыстары салынды. 77 ескерткіштің қорғау, құрылыс салуды реттеу, қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, қорғау, насихаттау барысында ескерткіштерді сақтап қалумен қатар, тарихы терең мол мұраларымызды цифрлық форматқа көшіріп, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі. Осы мақсатта, Өздеріңіз білесіздер, virtualmap.xyz (виртуалмап) сайты арқылы облыс көлемінде 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы жұмыс жасаса, 174 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды. Бұл жұмыстарды биылғы жылы да жалғастыру жоспарымызда бар», – дейді Ерғазы Алданазаров.

Биылғы жылы 3 археологиялық ескерткішке – ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Қызылорда қаласы мен аудандарда ескерткіштер аумағында сенбіліктер ұйымдастырылып, түрлі бағытта мәдени-көпшілік шараларды өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, бүгін сағат 12.00-де Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Ескерткіштер елге мұра, ұрпаққа аманат» атты ауқымды көрменің ашылуы өтеді. Онда облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің фотосуреттері, қазба нәтижесінде табылған жәдігерлер, жарыққа шыққан кітаптар көрермен назарына ұсынылады. Осы сәтті пайдалана отырып, барлықтарыңызда аталған шараларды тамашалауға шақырамын. Айтулы күнге орай мәдениет және өнер мекемелерінде көрмелер, танымдық кештер, ақпараттық турлар өткізіледі», – дейді Ерғазы Алданазаров.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: