Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорданың құлпынайын жедіңіз бе?

23.12.2023

626 0

Кәсіптің көзін тауып ерінбеген адамға Құдайдың сыйы болады.  Қыстың көзі қырауда құлпынайдың  көзден бұлбұл ұшып көрінбей кететіні рас. Дүкен сөрелерінен, базардан  оқта-текте көз қызықтырып көрінгенмен қымбат бағада  сатылады. Әсіресе жаңа жылдың алдында бағасы тіпті шарықтайды. Себебі құлпынай  өзге өңірден тасымалданады және  үлкен бапты қажет етеді.

Жылы жақта өсіруге бейім құлпынайдың бабын тапса, біздің Қызылордада да жеміс береді екен. Осы жемісті егудің құпиясын зерттеп білген Талсуат ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дөңес Күншығаров  ауласына жылыжай орнатып, құлпынай мен қияр өсіріп, жемісін жеп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ол жемістерді өсірудің, оны зиянкестерден қорғаудың жолын үйрететін көмекші құралдарды сатып алып, маманданған бағбандардан ақыл-кеңес сұрауға ерінбейді.  Ауласынан табиғаттың тамаша жемісін баладай баптап, өсіріп отырғаны Қызылордада жеміс өсіру қиын деген жерлестерімізге сабақ боларлықтай. 

– Алғашында қобалжығаным рас. Кейіннен «нар тәуекел» деп кәсіпті бастау үшін  2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Микробизнес – Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микро қаржылық ұйымынан 5 жылға  6 пайызбен 7 500 000 теңге несие  алдым.

Әрине, қияр өсіру оңай болғанмен құлпынай  өсіру, біздің өңірге жерсіндіру оңайға түскен жоқ.  Көп бапты керек ететінін байқадым. Алайда бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Жан-жақтағы мамандардан кеңес алдым, «Болашақ»  университетінің жылыжай өсірумен айналысатын мамандарынан көмекші құрал  алдым. Кітапта жемістің түрлі ауруымен күрес жолдары айтылған. Алғашқы тәжірибем жаман емес. Бірақ бұл жемістерді көктемде еккен тиімді болып шықты. Ал мен оларды күзде еккен болатынмын. Алайда жеміс беріп тұр. Екі мәрте жинап алып төмен бағада сатушыларға өткіздім. Әлі де қателіктер болса келер жылы еккенде ескеремін деп ойлаймын. Жарық сөнген жағдайда күннің қызуын беретін жарық шамдар алып орнаттым. Құдай қаласа жылыжайды кеңейтіп, жемістерді көбірек ексем деп ойлаймын. Өйткені жерім жеткілікті, – дейді кәсіп иесі.

Кейпкеріміз жерді тыңайтудың да жолын тапқан. Қоршаған ортаға еш зияны жоқ әрі шығыны аз болғандықтан қазақстандық жас ғалым Дәулет Егембердиев ұсынған биомелиорант тыңайтқышын пайдаланып жүр.  Өзінің айтуынша, дәстүрлі әдіс бойынша қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды 500 келі биомелиорант алмастыра алады екен.  «Ізденген жетер мұратқа» деп дана халқымыз айтқандай бағбан ізденісі мен еңбек етуге ерінбегенінің арқасында ауласындағы жылыжайда дәмі тіл үйірер құлпынай мен қияр өсіріп, елге үлгі көрсетуде. Кәсіпкердің бақшасынан жергілікті жерді жерсінген қызылорданың құлпынайының дәмін таттық. Базардағы өзге өңірден тасымалмен келген құлпынайдан дәмді  екенін байқадық. Туған жердің топырағында жайқалып жеміс берген құлпынай да, қияр да әрине дәмді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА,

Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: