Жұма, 19 сәуiр, 22:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ресейлік көлік

10.02.2022

715 0

Соңғы кездері машинасы барлардан маза қашты. Әсіресе, ресейлік көлік тізгіндеген жүргізушілер «сең соққан балықтай» мең-зең күйге түсіп отыр. Елімізде былтыр Армениядан әкелген көліктердің проблемасы біраз ушығып еді. Биыл ресейлік нөмір таққан автокөлік мәселесі басталды. Бүгінде аспаған ресейлік көліктер айып алаңына қамалуда. Осы мәселеге байланысты елдің түкпір-түкпірінде наразылық акциялары жүріп жатыр.

Қараша айы басталғалы республика бойынша Ресей мемлекетінде тіркелген автокөліктерді жаппай тексеру, айыппұл салып, автотұраққа қамалуда. Себебі Қазақстан заңына сәйкес, мұндай автокөліктердің жолда жүруіне тыйым салынған. Бұған бір жағынан  ел аумағында іздеу салынған көліктердің шектен тыс көбейіп кетуі себеп болып отыр. Ал мұндай іске шетелдік көлікті тізгіндеген жүргізушілер біраз наразылық танытуда.

Бір айта кетерлігі, ресейлік көліктерді қаншама жыл ел төңірегінде еркін жүргізіп, енді ғана тексергені көпшіліктің көкейінде күдік пен сауалды қатар туғызды. Міне осы жайтқа кеңінен тоқталайық.

Жалпы ел аумағында шетелдік автокөліктерді жаппай тексеру шарасының қолға алынуына тамыз айында ІІМ-нің Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ресейлік көліктерді тексеруі себеп болған. Тексеру барысында елімізде, оның ішінде Қызылорада да қылмысқа қатысы бар көліктер әкелінгені туралы фактілер анықталған. Әрі жалған құжат арқылы әкелу бойынша да деректер ашылған. Тіпті Ресейде тіркеу тізілімінен шығарылған көліктердің  Қазақстанда қолданыста жүргені белгілі болған.

– Ішкі істер министрлігі Қазақстанда шетелде тіркелген барлық көлік бойынша сақтандыру компанияларына сауал жолдады. Бұл ақпарат Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігіне тексеруге жіберілді. Нәтижесінде Қазақстанда ресейлік нөмір таққан 210 мыңдай көлік жүргені белгілі болды. Оның 88 мыңы еш жерде тіркелмеген. Яғни автокөліктің Ресейдегі иесі темір тұлпарын сатқаннан кейін мемлекеттік тіркеуден шығарған. Ал Қазақстандағы иесі темір тұлпарын рәсімдемеген. Техникалық байқаудан өткізбеген. Ал ел заңы бойынша тіркелген көліктер ғана жол қозғалысына қатыса алады, – деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Бұл автокөліктер біздің елдің де, Ресейдің де құзырлы органдарының есебінде жоқ деген сөз. Ал мұндай темір тұл­пармен жолда жүру ел ережесіне қайшы. Сырттан әкелінген автокөліктерді кедендік тіркеуден өткізу қажет емес. Алайда Қазақстан ішінде есепке қою үшін утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу сомасын төлеу қажет. Әйткенмен ресейлік нөмір таққан автокөліктер тіркеуі болмаса да ел аумағында бір жылға дейін ғана жүре алады. Алайда белгіленген уақыт өткен соң кемінде 1 ай ел шекарасынан шығарылуы керек. Міне, содан соң бұрынғысынша Қазақстанда қайтадан пайдалана беруге болады.

Қаламызда жүргізушілер жол ережесін бұзбаса да жол сақшылары тоқтата беретінін көп айтып жүр. Бұл турасында ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Ресейде тіркелген, жол ережесін бұзбаған көліктер тоқтатылмайтынын айтты.

– Ресей мемлекетінен келген 120 мыңға тарта көлік жол қозғалысы туралы заңның талаптарына сай қолданылады. Оларға қатысты ешқандай шағым жоқ. Олар Қазақстан жолдарында бір жылға дейін емін-еркін жүре алады. Ресейлік нөмірлі көліктердің жүргізушісін жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатуға болады», – деді Серік Түсіпов.

Жалпы бұл мәселеге такси болып, күнделікті нан-пұлын айырып отырған ресейлік көлік иелері айтарлықтай наразылық танытты. Жол полициясы ресейлік нөмір таққан автокөліктерді тоқтатып, айып тұрақтарына қамай бастауы жүргізушілердің шымбайына тиген. Себебі қаламызда алғашқы екі күннің өзінде айып тұраққа 28 көлік қамалған.

Сейіт Алдабергенов, ресейлік автокөлік иесі:

– Осы ай басталғалы әр бағдаршамның тұсынан полиция себепсіз тоқтатып, тексере беретін болды. Тіпті тәртіп бұзбасаң да солай. Мұны ресейлік нөмір таққан таныстарым да растай алады. Егер Ресейден келген көліктерге айыппұл салып, айып тұраққа қамап, алдағы уақытта жүргізбейтін болса, үкімет ресейлік нөмірлі көліктерге тыйым салатын болса, онда шекарадан неге өткізді? Егер елді ойласа үкімет Армениядан әкелінген көліктерге берілетін сары нөмірді бізге де берсін немесе тіркеуді адамның қалтасы көтеретіндей етіп арзан етсін, – дейді ол.

Қанат Файзуллаев, ресейлік автокөлік иесі:

– Қараңызшы, мен көлігімді осыдан бір жыл бұрын 1 млн 300 мыңға алдым. Енді оны тіркеу, техникалық байқаудан өткізу, салығымен қосқанда 1-2 миллион теңге ақша жұмсайды екенмін. Ол ақшаны қайдан табам? Қалтаға ауырлық салмас үшін әдейі қолжетімді ресейлік көлік алдым. Өйткені қазақстан­дық көліктер бағасы аспандап тұр. Бала-шағамды такси болып, әрең асырап жүргенде мынадай мәселе шықты. Енді тіркемей, тәртіп бұзсаң, айып тұраққа қамап, тіпті көлі­гіңді қайтармай қояды дегенді де естіп жатырмыз. Өз басым ел саясатын түсінбедім, – деді ашынған көлік иесі.

Бүгінгі жағдай міне осындай. Республика көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткелі ресейлік автокөлік иелерінің мазасы қашты. Профилактикалық іс-шара барысында жүргізушілерге құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов мәлімдеді.

– Жалпы ҚР Ішкі істер министрлігімен жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, автокөліктер екі елде де тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санатына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынады», – деді Айбек Қалдыбекұлы.

Иә, бүгінде Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде.

Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынған талап «Жол жүрісі туралы» Заңының 63-бабында көрсетілген. Яғни елге әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көлікті алғаш тіркеу құны 729 теңге, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145850 теңге, ал 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1458500 теңгені құрайды екен.

Жалпы ресейлік нөмір таққан автокөліктерді тізгіндеген жүргізушілердің басым бөлігі көліктерінің көрші елде және біздің елде де тіркеуде жоқ екенін біледі. Себебі темір тұлпарды сатып алғанда бұрынғы иесі салық төлемес үшін тіркеуден шығарып береді. Ал бірақ сатып алған көлігін елге әкеліп тіркетейін десе, оның құны көліктің өзінің бағасынан екі есе көп. Елдің қиналған тұсы да осы жер. Ендігі мәселе, автокөлікті тіркеуді шынымен біржақты етіп, халықтың қалтасына ауырлық салмайтындай ету. Алда бұл мәселенің қалай шешілетін уақыт көрсетеді.

Айта кету керек, бүгінде ел ішіндегі көлік мәселесі базар бағамына  әсер етіп, кешеге дейін айы оңынан туып келген ресейлік көлік сатушылардың жағдайын күрт қиындатып жіберді. Бұған келтірер дәлел көп. Мәселен, соңғы аптада Ресей көліктерінің арзан бағада сатылуы жиілеген. Бұған жаңа заң аясында көлікті тіркеу үшін кететін қомақты қаржы себеп болып отыр. Мәселен, қазір машина базарда құны 5 млн теңге тұратын ресейлік көлікті 3 миллионға, тиісінше 3 млн тұратын көлікті 1 миллионның айналасында сатып жатқандар жетерлік. Тіпті «Olx», «kolesa.kz» сияқты сайттарға үңіле қалсаңыз,  ресейлік көлігін арзан бағада сатамын деушілердің қатары көбейген. Әрине, жерлестеріміз бұл тиімсіз саудадан ұтылатынын жақсы біледі. Алайда әзірге қыларға айла жоқ болып тұр емес пе?

Әлібек ЕРМАҒАЛИЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: