Сейсенбі, 24 желтоқсан, 00:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Самаурынның шәйін сағындым

22.03.2022

2406 0

«Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап» бұл бүкіл үлкен кісілердің арманы шығар. Таңертең ерте есік алдында түтінін будақтатып самаурынға шәй қою да ауылдың сәні еді. Бүгінде шәйнекті газға не токқа қоя салатын келіндер бұл сәннің мәнін кетірді. Несін жасырамыз, қала түгіл ауылдық жердің өзінен де самаурынның түтінін көру азайып барады.

Осы тақырыпты бастамас бұрын таныстарыма «Самаурынның шәйін кім сағынды?» – деген сұрақ жолдадым. Қуанғаным, көбі сағыныпты. «Самаурынға шәй қойып шақырсай» дегендер де болды. Қазақы иістің әлі де жастар арасында бар екені көңілге қуаныш ұялатты.

Тақырыпқа тұздық болу үшін таңертең ерте тұрып ауыл ішін көріп қайтайын дедім. Тым-тырыс. Таңғы жетіде жұрт ұйқыда жатқан болар, бәлкім. Мүмкін емес, ең болмаса ауылда самаурынмен шәй ішетін бірлі-сарынды үй бар шығар. Үмітім алдаған жоқ. Серікбай ағамыздың үй жағынан түтін будақтап тұр екен. Сонымен, үйге қарай беттедім. Ауылдық жердің ерекшелігі ешқашан есік ілінбейді ғой. Таң атысымен көрші-көршіге кіріп жүре береді.

Есік алдында кернейінен түтіні будақтап, сексеуілдің шоғына сақылдап шәй қайнап тұр екен. Екі иінінен дем алып әрең тұр. «Шіркін қою күрең шәйді ішіп алсам» деген ойға батып кеттім. Ой үстінде тұрғанда Құрманкүл апа «таңғы астан ауыз ти» деп үйге шақырды. Мұның өзі қазақы қонақжайлылықтың көрінісі еді.

Самаурын шәйі да дастарханға келді. Ызылдай шыққан үні де біздің әңгімемізге мән беріп тұр.

– Қазіргі уақытта көпшілік шәйді газға қойып немесе электрлі самаурынның тетігін қоса салады. Бес-он минутта шәй да дайын. Дегенмен бұл заманауи самаурынның шәйін шоқтағы самаурынмен салыстыруға мүлдем келмейді. Кішкентай кезімізден ата-анамызбен самурынмен шәй ішетінбіз. Бұл – ата-бабамыздан қалған үрдістердің ізі. Біз соны жалғастырушы ұрпақпыз. Келер ұрпаққа қалдыру да бізге міндет саналады. Сондықтан ұлттық үрдісті насихаттап келеміз, – деп бастады әңгімесін Құрманкүл апа.

Жұрт қонақ келгенде самаурын таппай әбігерге түссе, апаның үйінде 4-5 самаурын дайын тұр. Онымен күнделікті 3-4 мезгіл шәй ішеді. Арасында газға қоя салу деген болмайды. Үлкендердің ұстанымы тек шоқпен қайнатылған самаурын шәйі. Келіндері де осы әдетке үйренген. Ата мен ененің көңілін тауып, ыстық дәмін дайындап отырады. Қолдарында тұратын Қымбат келіннің күнделікті ісі таңертең ерте тұрып, самаурынға шәй қоюдан басталады. Бұл – ата мен ененің қалауы.

– Күнделікті шәйді самаурынмен ішеміз. Қыста да келіндер ерінбей қояды. Қыста сексеуілдің шоғын салады, тез қайнайды. Жаздың күндері сексеуілдің отынымен қайнатады. Отынды тұтата білсе, шәй қайнату түк те қиын емес. Ерінбей өзім де қойып ішемін. Баптап самаурынмен шәй ішкен отбасымызға ұнайды. Шәйнектің шәйі тез суып қалады. Сосын дастарханнан тез тұрып кететін секілді адамдар. Самаурынның шәйі шаршағанды басады, шөліңді қандырады. Шоқтың өзі қызуы ұрып тұрғанда вирусты жойып жібереді. Ауадағы артық вирустар шоқ арқылы жойылып, үйде тұмау секілді аурулар болмайды. Сексеуілдің шоғы суды сақырлатып қайнатып тұрады. Әрі электр, газ үнемделеді. Отбасында көңіл-күйіңді шаттыққа бөлеп отыру келінге байланысты. Келіндерім осы үрдіске үйренген. Қалада тұратын үш келінім де біз барған кезде «атаенеміз келді» – деп, самаурынға шәй қайнатады. Жер үйде тұрғандықтан бұл аса қиын емес. Сексеуілді апарып дайындап қойған. Бұл да ата-енеге, үлкенге деген құрмет деп түсінемін. Сонысына ризамын. Ал біз отбасымыз түгел жиналып, әңгіме дүкен құрып, ыстық шәйді асықпай ішеміз. Отбасы құндылығы дастарханнан басталады, – дейді Құрманкүл апа.

Серікбай аға мен Құрманкүл апаның отбасында қазақтың дәстүрлері берік қалыптасқан. Төрт келіні де қазақи салтқа жақын. Балаларын да осы бағытта тәрбиелеуде. «Тәрбие қалай берілсе, ұрпақ солай жалғасады. Ұлттық салт-дәстүрді сақтап қалу, ұрпаққа аманат ету бізге берілген міндет» – деп түсінеді отбасы мүшелері. Мереке күндері қаладағы балалары жиналып, Наурыз мерекесін атап өтпек. Отбасы мүшелері бірге түгел жиналып, бас қосқанда ерекше ғанибет қой шіркін… Үлкен отбасының осындай сәттеріне қарап қызығасың.

Сыйлы кісісіне көңілінің өлшемін білдіретін қазақтың пейілі әрдайым ерекше. Қонақ шақырса сексеуілдің шоғына сақылдатып шәй қайнататын тірлігі де ерекше. Қазақ мәдениетінде ойып тұрып орын алған самаурынды қолданатындар жоқтың-қасы. Сондай-ақ самаурынды жасайтын шеберлер де жоқтың қасы. Оны өндіретін зауыттар да жұмысын тоқтатқан.

Самаурын қазақ даласына ХІХ ғасырда келген. Ұлтымыздың табиғатымен біте-қайнасып кеткен тұрмыстық бұйым. Қазақтардың төл бұйымына айналып кетті. Самаурын – қазақтың қонайжайлылығы мен кеңпейілдігінің, берекелі дастарханы мен байлығының белгісі болып отыр. Сондықтан болар аса бағалы. Бар кезде бағасын білмейтін әдетіміз бар ғой, қазіргі уақытта самаурын бағасы да құнын түсірмей тұр. Ескі самаурындардың бағасының өзі 30 мыңнан басталады.

Бүгінде самаурынды қалай тұтату керек екенін білмейтін жас келіндер де бар. Сары самаурын көпшіліктің сағынышына айналды. Түтінін будақтатып самаурын қайнатып, суытып шәйін ішетін кездерді мен де сағындым. Жанды жадыратып, дастарханның сәнін келтіретін бұл көрініс аңсатпай қоймайды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: