Жұма, 29 наурыз, 18:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Санкция салқыны тимесін десек

11.03.2023

1112 0

АҚШ пен Еуропа тарапынан Ресейге салынған санкция аз емес. Көршілес елдер арасындағы геосаяси шиеленістің салқыны тек екі елге ғана әсер етпегені белгілі. Соғыс ашқан күннен-ақ Ресей әлем елдері тарапынан санкцияға ілінді. Импорттық, экспорттық тауар тасымалы шектеліп, рубль құн­сызданды.

Көрші болған соң біздің де экономикамыз Ресеймен байланысты. Өз кезегінде көршіге салынған тыйымның бізге де әсері бар.

Қолда бар дерек көздеріне сенсек, соғыс басталған әуелгі күннен-ақ Ресей валютасымен бірге теңге де құлдыраған. Осылайша еліміздің қор биржасындағы доллар бағамы 452 теңгеге бағаланып, айырбастау пунктеріндегі сатылым көрсеткіші 470-472 теңгені құрады. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені алғашқыда 13,5 пайызға дейін көтерді.

Еліміз сырттан келетін тауарлардың үштен бір бөлігін көршілес елден алады екен. Бұдан бөлек экпорттық өнімдердің тасымалы да Ресей арқылы жүр­гізіледі. Мәселен, мұнай, газ құбыры, теміржол қатынасы тікелей осы елмен байланысады. Сыртқы сауда байланысымыз тығыз қалыптасқандықтан бұдан Қазақстанға орасан зор зиян келетінін сарапшылар әуел бастан-ақ болжаған. Көрші елге алғашқылардың бірі болып АҚШ пен Ұлыбритания, Вашингтон, Лондон санкция салды. Олардың ізімен Аустралия, Канада, Жапония мемлекеті де бірқатар шектеу енгізді. Сондай-ақ Канверра орыс еліндегі 62 компания мен ірі банктерге, жеке азаматтар мен олардың отбасыларына шектеу енгізді. Бұл қатардан Оттава да қалыс қалмады. Олар Ресейге тауар тасымалдайтын барлық канадалық компаниялардың лицензияларының күшін жойды. Жапония мемлекеті ресейлік банктердің капиталын бұғаттап, виза беруді тоқтататындарын жариялады.

Иә мұндай қысымның салдарынан Ресейдің аз зардап шекпегені анық. Десе де сарапшылар отандық өндірісі дамыған көршілес мемлекеттің енді тек өз-өзін қамтамасыз етуге көшетінін айтқан. Ал жоғарыда айтқандай экспорттың үштен бір бөлігін Ресейден тасымалдайтын дамушы елімізге санкциялардың сал­қыны тигені бірден байқалды.

Қысымның қыспағы

қалай әсер етті?

Негізгі салқындық құрылыс саласында айқын сезілді. Қазақпарат ақпарат агенттігінде көрсетілген мәліметке сенсек, біздегі құрылыс материалдарының 54 пайызы отандық өнімді құрайды. Ал қалған 46 пайызы алыс-жақын шет елден тасымалданады. Алайда құрылыс саласындағы өндіріс елдегі қажеттілік пен сұранысты толық өтей алмағандықтан импортқа тәуелділік басым. Сол себепті елімізге сырттан келетін құрылыс материалы 60 пайыздан асқан. Мәселен, арматура, темір, ағаш, кафель, линолеум, плинтус секілді өнімдер көршілес елден әкелінеді. Шектеу нәтижесінде бұл өнімдердің бағасы 2-2,5 есеге дейін артқан. Қазіргі кезде сырттан келетін бұл өнімдер 10-15 пайызға дейін қымбаттаған. Кәсіпкерлер санкцияның салдарынан өнім бағасының қымбаттауына байланысты ішкі нарықтағы сату бағасында өсіруге мәжбүр болуда.

Расымен, жаз шықса үй салып, жөн­деу жұмыстарына белсене кірісетін қазақстан­дықтарды құрылыс материалда­рының тым шарықтап кеткендігі алаңдатып отыр. Де­генмен қымбатшылық деп тосылған ешкім болмады. Жаз бойы құрылыс та, жөндеу жұмыстары да бәсеңсіген жоқ.

Аталған өнімдердің қымбаттауы елімізде пәтер бағасының өсуіне алып келді. Несін жасырайық, жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің нарықтағы бағасы өсті. Жылжымайтын мүлік нарығындағы сарап­шылар бұл қымбатшылық тек  мемлекеттік тапсырыс аясында үй салатын мекемелерге ғана кері әсер еткенін айтады. Ал жеке компаниялар бағаның өсуінен айтарлықтай ұтыла қоймайды.

Мұнай тасымалдау мұңға айналмасын

Қазақстанның газ, мұнай құбыры Ресей арқылы өтеді. Бірден-бір табыс көзі саналатын мұнай тасымалындағы экспорттың шектелуінен ел экономикасына едәуір зиян келетінін барлығы жақсы біледі. Бұл ретте көршілес елге жасалған қысымның қаттылығынан Қазақстан зардап шегуші елге айналуы әбден мүмкін. Шикізатпен қамтамасыз етуші ел ретінде бізге бұдан келер қауіп көбірек. Иә, еліміз мұнайға тәуелді. Еліміздегі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов егер мұнай бағасы са­лыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақ­талатын болса, Ұлттық банктің жағдайды бақылауда ұстай алмайтынын, қымбат баға девальвация емес, ревальвация қаупін арт­тыратынын айтқан. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы күрестің пакетін дайындау керектігін жеткізген еді. Бұл ретте экономиканың осал тұсын анықтап, басы артық шығындарды шектеу керектігі де сала мамандары тара­пынан айтылды.

Мұнай шикізатын тұтынушы мемлекет ретінде Германия Ресейден келетін тасымалға тосқауыл қойған болатын. Ал Ресейдің экс­портқа шығаратын мұнайы біздің елімізден жеткізілетіні осы тұста анық байқалып жат­ты. Алайда немістер қазақ жерінен келе­тін мұнайды қабылдауға еш қарсылық жоқ екенін білдірген. Осылайша жыл сайын 5 млн тонна қара алтын экспортына тап­сырыс берген. «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев экспортты тапсырыс түс­кеннен кейінгі айда жеткізу керектігін, дегенмен бірнеше мәселе барын жеткізген. Оның ішінде мұнай бағасы мен оны басқа порттардан жеткізу мәселесі өзекті болған. Бұған дейін қара алтынды еліміз Новоросийск теңіз порты мен Балтық теңізіндегі Усть-Луга арқылы жеткізген. Сондай-ақ мұнай экспортының жаңа бағыты Каспий құбыр желісі консорциумымен салыстырғанда ана­ғұрлым тиімді болмақ.

Қаңтар айында жеткізілуі тиіс шикізат Қазақстан тарапынан ақпан айының алғашқы жартысында экспортталатыны белгілі болды. Бүгінде қара алтын экспортындағы мәселелер шешіліп, алғашқы тасымал жүргізілген. Енді Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Усть-Луга порты бағытында жылына шамамен 10 миллион тонна мұнай жөнелтеді. Бұл туралы sputnik.kz агенттігі жариялады.

Ауыл шаруашылығындағы ахуал

Қазақстандық шаруалар санкцияның сал­дарын былтыр көктемде-ақ сезінген. Көктемгі дала жұмыстары басталар тұста диқандар ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалғы бөлшектердің қымбаттағанын және уақытылы жетуінде кедергі туындағанын айтып, дабыл қаққан еді. Ризығын жерден тап­қан шаруалар қажетті техниканың көбіне шетел­ден келетінін, оның сол кездің өзінде 30 пайызға қымбаттағанын айтқан.

Ресейге салынған шектеулер елімізде өндірістің кенжелеп тұрғанын тағы бір дәлелдеп берді. Бір қызығы, жыл сайын ет, сүт бағытындағы төрт түлік малды экспортқа шығаратын елімізге ет өнімі де Ресейден келетіні осы тұста байқалды. Оған дәлел ретінде әлемдік франшиза «McDonald`s» бренд мейрамханасының Қазақстандағы жұмысын тоқтатуын айтуға болады. Көрші мемлекеттен ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілген мейрамхана желісі осы­лайша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Санкция сансыратпасын десек…

Ресей Украинамен геосаяси шиеленіс жасап, қысымның қыспағына түскен тұста еліміз «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай» бейтарап саясатты ұстанды. Санкция ел экономикасында қанша жыл қалыптасқан қалыпты бұзды. Мемлекетіміз оның салқыны мен салдарын сезінді. Әлемде санкцияға көп іліккен ел ретінде Ресейдің иммунитеті қалыптасқан деуге болатын шығар. Бірақ бұл қысым бұрынғыдан өзгерек.

Ал өндірісі жоқ, отандық өнімі аз, тек ши­кізатпен күн көріп отырған Қазақстанға бұл тәжірибе әрі сабақ болуы тиіс. Көршілес елдің қысымның қыспағында қалуы бізге ар­тықшылығымыз бен кемшілігімізді айқындап берді. Енді елімізге  осы тұста көрінген кем-кетіктің орнын толтыру міндеті тұр.

Осы орайда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда отандық өнімдерді көбірек өндіруге, өндіріс ошақтарын ашуға басымдық беру қажеттілігі туындап отыр. Дүкен сөресіндегі әрбір екінші тауар Ресейден келетін болса, онда импортқа деген тәуелділікті жою қажет. Сондай-ақ елімізге белгілі экономист Марат Каирленов мұндай санкциялардың салдарын болдырмас үшін Еуразиялық экономикалық одақтан шығу керектігін айтады.

Қалай десек те әлемдегі ахуал, көрші елдегі жағдай Қазақстаннан айналып өтпейтінін көрсетті. Өзгеге тәуелділіктен гөрі, өзін-өзі қамтамасыз еткен қандай жақсы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: