Шиелі ауданында спорт кешендері, көпірлер, газ және электр желілері, әлеуметтік нысандар құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалы пайдалануға беріліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар жолдарды қайта жаңғырту, елді мекендерді газдандыру және электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков баяндады.
Тұрғын үй саласында соңғы жылдары жүздеген пәтер халық игілігіне берілсе, биыл тағы да жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталады. Аудан халқы сапалы ауыз сумен толық қамтылған.
«Білім саласында үш ауысымды мектеп жоқ. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа көрсеткіші өсіп, аудан облыс бойынша үздік үштіктің қатарына енді. Денсаулық сақтау саласында магниттік-резонанстық томография аппараты іске қосылып, медициналық мекемелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыру бағытында «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалық, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді көркейту жұмыстары күшейтілді. Белсенді тұрғындар мен еріктілердің еңбегі арнайы марапатталып келеді. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру біздің негізгі міндетіміз. Сондықтан құрылыс, жол, тұрғын үй, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтауға ерекше мән береміз», – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
