Жұма, 04 қазан, 07:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Шылымқор

05.04.2022

862 0

Қандай үлкен аю деген… Аңшы жігіт мылтығын кезей ұстап тұр. Неге атпайды енді? Қазір аю бас салса ғой… Менің тұла бойым шы­мырлағандай. Жарқыраған шылым­сауыт бетіндегі суретке еліге қараймын.

Менің де осындай шылымсауы­тым болса, шіркін! Мәжит ағай берер де еді. Танысқанымызға бір апта өтпесе де екеуміз доспыз. Бір рет киноға да ертіп барды… Мынау шылымсауыт бетіндегі аңшы туралы да айтып берген.

Бірақ оны сұрауға болмайды. Анам басқа адамнан бір нәрсе алуға рұқсат етпейді. Қанша жақсы дос болғанмен, Мәжит ағай басқа кісі ғой. Кітап оқудың қызық екенін білемін. Сондықтан келер жылдың тезірек болуын күтіп жүрмін. Келер жылы мектепке барамын. Содан кейін Мәжит ағайға ұқсап…

Міне, ол бір шылымды тартып бітіріп екіншісін тағы тұтатты. Ағайдың танауынан көк бурыл түтін будақтайды. Мен де дәл солай будақтатсам деп қызығамын. Алдымдағы шылымсауытқа бір, Мәжит ағайға бір қараймын. Қолым еріксіз қатар-қатар тізіліп тұрған шылымдарға жақындайды. Біреуін суырып алып аузыма салдым.

– Ау, батыр, мұның қалай?

Оқыс шыққан дауыстан селк еттім.

– Шегейін… – дедім сасқаным­нан.

– Жарамайды, жаман болады.

– Неге жаман болады?

– Түтінге уланып қаласың, ауы­расың.

– Сіз неге ауырмайсыз?

– Өйткені мен үлкенмін, үй­ренгенмін…

Ағай көзінде жылы шырай күлкі нышаны сезілгендей. Алдап тұрған сияқты. Сірә, жаман болатыны бекер шығар. Жаман болса өзі шеге ме? Оған күдіктене қарап, шылымды қайта орнына қойдым.

Біраздан кейін ағай киініп, жұ­мысына кетті. Шылымсауытын ұмыт қалдырыпты. Қаз-қатар тізілген шы­лымдар…

Үлкен адамдарға қандай жақсы. Қанша шексе де ауырмайды. Сонда балалар неліктен ауырады? Әлде Мәжит ағай әншейін айта салды ма? Қазір біреуін шегіп көрсем қайтеді? Ауыра бастасам, қоя салармын…

Енді оттық табуым керек. Үй ішін шо­лып шықтым. Көзім қып-қы­зыл шо­­ғы жайнап жатқан пешке түсті. От!

Ошақ аузына жайғаса отырып, жұмысқа кірістім. Шылымсауыт қа­сымда, сексеуілдің қызыл шоғына біреуін тигізіп, демде-ақ тұтатып алдым. Сорып байқаймын. Түтін сыз­дақтап әзер келеді. Әрлі-берлі сор­ғыштай бастадым. Демімді іші­ме қаттырақ тартып қалып едім, ащы түтін қолқамды қапты. Қақа­лып, көзімнен жас шығып кетті. Қолымдағы темекіні отқа тастай салдым.

Базарға кеткен анам әлі кешігіп жатыр. Далаға шығуға рұқсат жоқ. Біраздан кейін көзім шылымға тағы түсті. Мәжит ағайға ұқсап будақ-будақ түтінді шығарып көрмекке тағы бір шылымын алдым. Алғашқыдан батылырақпын. Біраз қақалып-ша­шалып отырып мұрнымнан түтін шығаруды да үйреніп алдым.

Енді Мәжит ағайдан айнымай қал­­ған сияқтымын. Түтін аузымнан бұрқ-бұрқ шығады. Осылайша үшін­шісін бастадым. Қызық бір өнер тап­қандай қуаныштымын. Әт­тең, осы шылымды қалай-қалай бұр­қы­рат­қа­нымды үйдегілер көрсе екен-ау.

Бір уақытта басым айналған сияқты ма, тұтатып алған төртінші шы­лымым қолымнан түсіп кетті. Жү­регім айнып, буыным құрығандай. Қолыммен жер тіреп, лоқсып қал­дым. Қатты булығып, қисайып құлап барамын…

Шошып ояндым. Әлдекім аяғыма ине сұғып алғандай. Алақтаған кө­зіме бешпентімнің тұтанып жатқан етегі түсті. Алақандай жері ойылып түсіп, қып-қызыл шоққа айналыпты. Ащы көк түтін бұрқырайды. Өрт! Орнымнан қалай қарғып тұр­ғанымды білмеймін. Далаға тұра қаштым. Есік алдында шешем қарсы ұшырасты.

– Өрт!.. – дейді ол, дауысы шаңқ етіп. Менде әл жоқ, шешемнің жай­ған құшағына құлап түстім.

Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді бір ашқанда үй толы адам екен. Өзімді кереуетке жатқызып қойыпты. Бейтаныс ақ халатты әйел бетіме төне қарайды, дәрігер…

– Анашым, – деймін әлсіз дауыстап.

Біреу басымнан сипайды. Жұмсақ анамның қолы.

– Нешеуін тауысыпты? – деді ақ халатты дәрігер.

– Төрт шылымның тұқылын тап­тық.

– Міне, шылымқор.

Кенет Мәжит ағайдың дауысын танып, анамның кеудесіне бетімді тасалаймын. Тынысым тарылғандай, демімді ішке тартқым келіп аузымды аша беремін.

– Немене, дем алу қиын ба? – дейді дәрігер. – Никотинмен улан­ған. Бірақ сіз қорықпаңыз. – Ол ана­ма қарайды. – Ешнәрсе етпейді. Қазір дәрі жазып беремін. Бір-екі күн демалып, таза ауа жұтса жазылып кетеді.

Анамның көзінде жас мөлдірейді. Мәжит ағайдың екі қолы артында, маған салқын қарап қалыпты. Алда­мапты. Ауыратыным рас екен. Енді шылымды өмірі ұстамаспын деп сөз бердім өзіме-өзім.

Рахат НАУРЫЗБАЕВА,

балалар жазушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: