Бейсенбі, 28 қараша, 21:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Солтүстікке 80 мың қазақ көшіп барады

21.04.2021

2830 0

2017 жылдан бері Қазақстанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша тұрғындарының саны көп оңтүстік өңірлерден солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару жүзеге асырылуда. Солтүстүкке көшіп келушілерге әлеуметтік көмек беріліп, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету қолға алынған. Ал өткен жылы қазақстандықтарды көшуге ынталандыру үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір реттік әлеуметтік төлемді екі есеге арттыруды ұсынған еді. Жалпы, қазіргі күні бағдарлама қалай жүзеге асырылуда? Халық қандай қиындықтармен бетпе-бет келуде? Президенттің тапсырмасы қашан жүзеге асырылады? Stan.kz тілшісі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғындарды жұмыспен қамту департаменті басшысының орынбасары Руслан Тілеубаевтан сұрап білді. 

– «Еңбек» бағдарламасы аясында халықтың солтүстікке оңтүстіктен қоныстандырылуы жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Бағдарламаның маңызы неде?

2014 жылдан бастап Қазақстанда халықтың көші-қон қозғалысы едәуір өсуде және ішкі көші-қонның (өңірлік, сол сияқты өңіраралық) абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштерінің тұрақты өсу үрдісі тіркелуде. Статистика органдарының деректері бойынша 2019 жылы ішкі көші-қон процесттерімен 1,1 млн.адам немесе ел халқының 6,1%-ы қамтылды.

Ішкі өңіралық көші-қонның негізгі ағыны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Маңғыстау облысына келеді.

Ішкі көшіп-қонушылардың негізгі шығу өңірлері Түркістан және Жамбыл облыстары болып табылады, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында сәл азырақ.

Ұлттық сарапшылар жүргізген болжамды бағалауға сәйкес еліміздегі тұрғындардың саны 2050 жылға қарай 24,5 млн адамды құрайды. Бұл ретте ағымдағы үрдістер сақталғанда солтүстік өңірлердің тұрғындары 0,9 млн адамға азайып, ал оңтүстік өңірлердегі тұрғындардың саны 5,3 млн адамға өседі деп күтілуде. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы солтүстіктен төрт есеге артық болады. 

Ішкі көші-қонды дамытуға жәрдемдесу және халықтың ұтқырлығын қолдау Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2017 – 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылады және еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын арттыруға, экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес азаматтарды рациональды орналастыруға бағытталған.

Жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды ынталандыру шаралары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көзделген. 

Өңіраралық қоныс аударудың маңыздылығы жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуге, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жоюға бағытталуы болып келеді. 

– Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша қанша адам оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды?

– «Еңбек» бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылуда. 2017 жылдан бастап 2021 жылғы 1 сәуірге дейінгі аралықта жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге барлығы 26 мыңға жуық адам қоныс аударды. 

–  Қоныстанушыларға берілетін жәрдемақының екі есе көтерілетіні айтылған еді. Бұл бастамадан қандай нәтижелер күтілуде? 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы» тиісті Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. 

Қазіргі уақытта қаулының жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында. 

Аталған өзгерістің қабылдануы қоныс аударушылардың жаңа тұрғылықты жерінде орналасуына, бейімделуіне өз септігін тигізеді. 

Сонымен қатар, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес 5 жылда елімізге 80 мың этникалық қазақтардың келуі жоспарлануда. 

Көшуге субсидия мөлшерін арттыру Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келуге тілек білдірген отандастардың солтүстік өңірлерге қоныстануын ынталандырады. 

Өз кезегінде, бұл бастама қоныс аударудың тартымдылығын және оған деген қызығушылықты артырады деп күтілуде. 

–  БАҚ беттерінде солтүстікке жайлы өмір іздеп барғандар жұмыстың жоқтығы мен берілген үйдің сапасыздығына шағымдануда. Бұл туралы не айта аласыз? 

«Еңбек» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру тетігі жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері жалпы оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге 26 мың адам қоныс аударды. 

Еңбекке жарамды қоныс аударушылардың 97%-ы жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Солтүстік өңірлерге көшіп барған азаматтардың басым бөлігі бұрын жұмыссыздар болған. 

Қазіргі таңда солтүстік өңірлерге көшу үрдісін күшейту мақсатында кешенді шаралар қабылдануда. Оның ішінде жұмыспен қамту шараларынан тыс тұрғын үймен қамтамасыз ету, балаларды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту (мектеп, балабақша, т.б.) кіреді. Тұрғын үй мәселесі жергілікті атқарушы органдар арқылы шешілуде. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің сұранысы бойынша 2019 жылдан бастап қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлер сатып алуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінуде. 

Жалпы, осы кезеңде облыста 1 мыңнан астам тұрғын үй сатып алынды. 

Дей тұрғанмен, кейбір үйлердің сапасы қоныс аударушылардың көңілінен шықпады. Осы олқылықты жою мақсатында құрылысшы-мердігер компаниялар кепілдік мерзімнің ішінде берілген үйді қайта жөндеп, қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарды. 

–  Жаңа орынға үйренбей кері қайтқысы келгендер не істеуі керек? Оларға қатысты қандай шаралар жүзеге асырылады?

–  Қазақстан Республикасының Констутициясының 21-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. 

Дегенмен «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушылармен Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы әлеуметтік келісімшарты жасалады. 

Әлеуметтік келісімшарттың шарттарына сәйкес қоныс аударушы қоныстану жерінен 5 жыл ішінде кеткен жағдайда көшуге алған субсидиялардың және тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялардың сомаларын бюджетке өтеуге міндетті екені көрсетілген. 

Осы ретте, қоныстану өңірінен бекітілген мерзімнен бұрын кеткісі келетін азаматтар алынған субсидияларды толық қайтаруға тиіс. 

– Солтүстік Қазақстан тұрғындары көбіне орыс тілінде сөйлейтіні айтылады. Жаңа тұрғындар тіл жағынан қиындықтарға кезікпей ме? Басқа қандай қиындықтар болуы мүмкін?

–  Қоныс аударушылардың басым бөлігі жаңа тұрғылықты жерінде тастай батып, судай сіңіп, жергілікті халықпен тіл табысып кетеді. Қазіргі уақытта қоныс аударушылар тіл, дін мәселесі бойынша ешқандай түсініспеушілікпен кезікпейді. Осы жерде көшіп барғандардың арқасында солтүстік өңірлерде мемлекеттік тілде тәрбие беретін, оқытатын балабақшалар мен мектептер ашылуда. 

Сараптамалық талдаудың нәтижесі бойынша қоныс аударушылардың еліне кері қайтуының басты себебі бұл – климаттық өзгешелік (қыстың суықтығы және ұзақтығы), жеткіліксіз инфрақұрылым (табиғи газдың жоқтығы) және отбасылық жағдайлар. 

– Солтүстікке көбіне қай мамандықтың өкілдері көшеді және қандай мақсатта? 

–  Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығының мамандары болып келеді.  Қоныс аударудың негізгі мақсаты тұрақты жұмысқа орналасу болып келеді. 

–  Қоныстанушыларға жаңа орында үйренісуіне қалай көмек беріледі? Кімдер көмектеседі және олардың жаңа жұмысқа орналасуына қанша уақыт кетеді? 

–  Қоныс аударушылардың жаңа тұрғылықты жері бойынша үйренісуіне жәрдемдесу мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мынадай субсидиялар беру көзделген: 

  • көшуге – әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (102,1 мың теңге) мөлшерінде; 
  • отбасыға 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге 15-тен
    30 АЕК-ке (43,7 мың теңгеден 87,5 мың теңгеге дейін) дейін беріледі.

Қазіргі уақытта елдің өңірлерінде қоныстану өңірлеріне бейімделуді қамтамасыз ету мақсатында Бейімдеу және интеграциялау орталықтары, сондай-ақ Оралмандар мен қоныс аударушыларды уақытша орналастыру орталықтары жұмыс істейді. 

Бұл орталықтардың негізгі міндеттері қоныс аударушылар мен оралмандардың уақытша тұруын және олардың жаңа тұрғылықты жерде бейімделуін қамтамасыз ету болып табылады. 

Бұдан бөлек, орталықтарда аталған адамдарға ақпараттық-анықтамалық қызметтер, аударма бойынша қызметтер, жұмысқа орналасуда, кәсіптік даярлауда, қайта даярлауда және біліктілік арттыруда, шағын бизнес ашуда көмек, құқықтық көмек, қазақ азаматтығын алу және құжаттау мәселелерінде жәрдем, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға жәрдем және өзге де іс-шаралар көрсетіледі. 

Сонымен қатар, қоныс аударушылардың жаңа тұрғылықты жерінде тез үйренісуін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

– Қалай ойлайсыз, неліктен бағдарлама бойынша тұрғындардың солтүстікке қоныстану қарқыны әлі де төмен? 

«Еңбек» бағдарламасы аясында еңбек ұтқырлығын арттыру тетігі қоныс аударушыларды қабылдаудың бекітілген өңірлік квотасына сәйкес жүзеге асырылады. 

Бұл ретте, өңірлік квота қабылдау өңірлерінің еңбек ресурстарына тапшылығы және әлеуетті қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту мүмкіндіктеріне сәйкес айқындалады. 

stan.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: