Жұма, 27 желтоқсан, 03:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қарыз бен өсімпұл

15.02.2024

271 0

Сурет: aqmeshit-zhastary.kz

Бүгінде банкте несиесі жоқ адам некен-саяқ. Онда болмаса жедел ақша беретін мемлекеттік емес ұйымдардан қарыз алады. Оның ішінде онлайн компаниялар да бар. Осындай жедел ақша беретін мекемеден қарыз алған танысым жақында тапқан таянғанын әлгі мекемеге берді. Жетпегенін таныстарынан сұрап, қарызданып-қауғаланып әрең жапты. Бір қызығы ол осыдан бір жыл бұрын алған кредитті айналдырған екі айда төлеп тастаған. Бірақ тура бір жылдан соң жаңағы мекеме танысымның қарыз екенін айтып, өсім пұлымен көлемді қаржы қайтарып алды. Осыған қарап бұлардың жұмысын ешкім қадағаламайды-ау деп қаласың. Оларға құзырлы органдар да бақылау жүргізбейтін секілді.

  Қазіргі таңда аяқ астынан байып шыға келуді ойламайтындар кемде-кем. «Аңқау елге арамза молда». Бизнес-тренингтер де осының қатарында. Соңғы бес жылдықта елімізде қаптап кеткен бизнес-тренингтерге маңдаған қатысушылар дәлел. Осыдан бір ай бұрын мен де алты сағаттық тренингке қатысып қайтым. Әрине ол өзге мақсатта.

Тақырыпқа ойысайық. Қараңызшы, бүгінде айлығы азық-түлігіне, жүріп-тұруына жетпейтіндердің көпшілігі амалсыз онлайн-қарыз беретін ұйымдардың көмегіне жүгінеді.

  Рас, аталған екеуіне де жұрт жетіскеннен жүгініп жүрген жоқ. Олардың сұранысқа тым ие болып кетуі елдің тұрмысының төмендігін көрсетеді меніңше. «Заманына қарай – адамы, адамына қарай – амалы» дегендей, бәрінің тренингшіл һәм үстеме ақымен қарыз бергіш болуы – халықтың көп нәрсеге мүмкіншілігінің жоқтығынан туындап отырғандай. Былайынша айтқанда адамдардың шарасыздығын һәм кейбіреудің ақымақтығын пайдаланып отыр.

  Шынымен, қызметте жүріп не бір тіршілік бастап қарық қылмаған адамның біразы бүгінде бизнес-тренинг өткізіп пайдаға кенелуде. Олардың әр жерден шұқып-шұқып оқыған әлемдік бизнеске қатысты екі-үш кітабы айтарлықтай пайда да бермейді. Шындығында берген ақыл-кеңесі еліміздегі өндірісті, әйтеуір экономиканы өрге сүйремесі анық. Оның расында біреуге пайдасы болсайшы. Соны кейде біле тұра, жалақымыздан алып қалған ақшаны төлеп, сол жаттанды сөзді естуге жазыламыз. Билет аламыз. Маужырап отырып тренинг тыңдап, сөйтіп үйге қайтамыз. Бітті. Тіпті, төлеген ақшаңның нәтижесін көрмесең де, сондай ақыл-кеңесті келесі де әлеуметтік желіден көріп отырамыз. Әйтеуір әуеспіз. Ал енді мотивациялық не нақты жоспарға құрылған, нәтижесі әп дегеннен байқалатын семинар-тренингтердің жөні бір бөлек.

  Тақырыпқа оралайық. Қарызды алғанда оңай болғанмен қайтарғанда әбден зорығасың. Шынымен онлайн-қарыз дегендер дер кезінде көмек қолын созғанмен, ақшасын үстемелеп қайтарғанда жылауға шақ қаласың. Олардың «Айлықтан айлыққа дейін», «Мол мүмкіндік» дегендей жарнамалары көшеде қаптап кеткен. Бәрінің де ойлағаны бір. «Мен жүз теңге берем, сен мың теңге қылып қайтар!». Оның өзіне дос-жараныңның нөмірі беріп, жақындарыңды түгендеп, анкета толтырып барып қол жеткізесің. Өзі әрең дегенде қаншама пайызбен алған қарызыңды белгіленген уақыттан кешіктірсең сот орындаушылар арқылы еселеп өндіріп алады. Сосын оны құтылам деп екіншісіне ұрынасың. Сөйтіп анаған да мынаған да жем болып өмірің өтеді. Себебі жұмысың көп. Ал бір ай бойғы еңбегіңе алатын айлығың аз. Алған қарызыңды өтесең сол-ақ. Оған тұрмыстық қажеттілікті араластырмай-ақ қояйық.

  Айта кетейін, жақында қарызға байланысты бір уағыз тыңдадым. Қарыз алуға және оны беруге дінде де рұқсат етілген. Бірақ қалай? Құран Кәрімде өсімсіз және үстемесіз қарызға ақша беруге «көркем қарыз» деген мағынаға келетін алты аят келтірілген екен. Ол бойынша қарызды біреудің жағдайын жеңілдету үшін, яғни көмектесу және Жаратқанның ризалығын алу мақсатында беру қажет. Ал пайызға қарыз беру өсімқорлық болып табылады. Бұл айналып келгенде күнә жақындау амал болады. Міне солай.

Аружан АМАНТАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: