Жұма, 22 қараша, 09:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сүмбіленің тууы

20.08.2022

2276 0

Бірде ысып, бірде күннің көзі шарбы бұлттармен тұмшаланған қоңыр күз де келіп қалды. Қыр­күйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суық күндер, жауын-шашын басталады. Бұл сүмбіленің тууы деген амалмен байланысады.

Сүмбіле бұл – жұлдыз. Халық та­нымында жарқырап, көкжиекке ең жақын тұратын жасылдау жұлдыз солай деп аталады. Ғылым тілінде ол «Үлкен Арландағы жұлдыз» ретінде саналады. Ежелгі гректер сүмбіленің тууын  «ит күні» деген көрінеді. Ежелгі римдіктер болса,  күшік деп те атау берген. Кейбір елдерде бұл жұлдызды садақ пен жебеге ұқсатады.

Ертеректе егін жиналатын қыр­күйек айында күн айналасына жи­налған топ жұлдыздарды картаға түсіріп, оны бау бидайды құшқан бойжеткен бейнесімен таңбалаған. Осы жұлдыздар тобы парсы тілінде «сүмбіл» деп аталған. Сондықтан ғалымдар осындай науқан кезінде түн ортасына дейін жарқ етіп көрінетін жұлдызды Сүмбіле атауды жөн көрген. Қазақ арасында ол суық жұлдыз деп те айтылады. Себебі, күзде көтеріліп, қыс бойы жоғарылай береді. Бұл амалдың туғаны – қоңыр күздің белгісі. Жаз аяқталып, мал семіреді. «Сүмбіледе сорпа майлы», «сүмбіле туса су суыр» деп жоритын қазақ халқы осы кезден қысқа қамданып, отын-суын дайындауға кірісе бастайды. Демек, бұл жұлдыздың да жыл мезгілін айғақтайтын белгілері бар. Оны ата-бабамыз дәл бағамдай білген.

Қазекең сүмбілені ешкі малына теңеген. Оның алғашқы жартысын «лақ сүмбіле», екінші жартысын «теке сүмбіле» деген екен. Зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, екеуінің туу арасы 10-15 күн. Алдымен  лақ сүмбіле туады. Өзі – жылтылдаған, кішірек ақ жұлдыз. Ал, теке сүмбіле үлкен, ол кейінірек пайда болады.

Бұл жұлдыз туған шақтан бастап өзен-көлдердің суы салқындайды. Амал өте жайсыз әрі тұрақсыз. Ауа райында көп өзгеріс болады. Демек,  осы кезде суық күндер бой көрсетіп, жаңбыр жауып, күз келеді. Мал тыны­шын алады, шыбын-шіркей жоғалады.

Мал шаруашылығымен айналыс­қан ата-бабамыз оның тууы мен жерге түсуін ерекше белгі деп санаған. Осы құбылыстар кезінде «Жаңбыр жауып өткен жердің көдесінің түбі көк, мал­ға от болады» деп қазекең қыста жылқыны сол жерге тебінге салған. Ұзақ жыл мал баққан әкем бұл амал жайында үнемі айтып отыратын. Мәселен, түлігінің қыр-сырын білетін шаруалар сүмбіле тумай, тау етегіне түспейді. Себебі, түйе жылы су ішсе, қараөкпе ауруына шалдығады. Ал сүмбіле туса, су салқындайды, ол кезде жануар өкпе ауруына ұрынбайды. Табиғаттың осы мезгілінде тау етегі салқын тарта бастайды. Яғни құбылыстарды жұлдыз арқылы бақы­лап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған.

– Сүмбіле туғанда болатын ерек­шелікдің бірі – малдың семіру бел­гісі. Жаз бойы жайылымда көк шөпке қарық болған төрт түлік күн салқындай бастағанда түлеп, бойына қуат жинайтыны белгілі. Әсіресе, жылқы ерекше қуаттанып, семіретін мезгіл – осы шақ. Сондықтан халық арасындағы «Сүмбіле туар жылтиып, Ат семірер құнтиып» деген қағида мақалға айналды. Жылқы тұқымы – жарық түнде, самал желмен жайыл­ғанды ұнататын жануар. Сүмбіле туғанда жаз бойы ауырған, бозөкпеге шалдыққан малдар қырыла бастайды. Күн астында көп жайылған ұсақ малдарда күн өткеннен өкпеде қан болмайды. Сонымен қатар «Сүмбіледе су суыйды» деп айтылуының себебіне келсек, түні бойы тұрған суға мұз қатады, зіл түседі. Мұздай суды ішкен малдың өкпесі көтермейді. Сол үшін бұл амал кезінде төрт түліктің де бабын жасай білген жөн, – дейді ұзақ жыл мал баққан әкем Батырбай Айтжанов.

Сүмбіленің өзіне тән белгісінің бірі – тосыннан жарқ етіп жарқылдап туады. Сондай-ақ мал бағып тіршілік еткен қазаққа түрлі құбылыстарын да байқатып отырған. Алайда ауа райының болжамын әртүрлі пайым­даған есепшілер құбылмалы мезгілден де аман-есен өтудің қамын жасаған. «Күзгі аспан жеті рет құбылады» деп бекер айтылмаған. Бұл қытымыр қыстың жақындағанын білдірсе керек-ті.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: