Жаз мезгілінің басталуымен өңірде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе, шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін сақтау басты назарда. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.
-Суға шомылуға тыйым салынған қауіпті 63 аймаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылып, 20 мобильді бақылау бекеті қойылған. Сонымен қатар, қауіпті орындарға орнатуға ыңғайлы, өзіндік құны төмен тыйым салу белгілерінің жаңа түрлері қолданылуда. Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп тәулік бойы рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 448 рейд ұйымдастырылып, 13 954 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы – жасөспірімдер. Бұл жұмыстарға 168 ерікті жұмылдырылған. Балалардың жазғы демалыс кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі, – деді Бекболат Қайырбекұлы.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, облыс әкімінің қаулысына сәйкес өңірде 9 жағажай белгіленген. Алайда биыл оның тек 7-еуі ғана жұмыс істейді. Қызылорда қаласындағы «Сыр самалы» және Жаңақорған ауданындағы «Борықты» жеке жағажайлары бұл маусымда ашылмайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
