Жұма, 19 сәуiр, 22:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Су тапшылығы: Жол картасы әзірленді

01.02.2022

1187 0

Дария жағасындағы елдің бар үміті Сырдарияда. Тура бір айдан соң Жер-Анаға дән себуге дайындықты бастайтын диқандар бүгінде алаңдаулы. «Биылғы дария жайы қалай болар екен, егін еге аламыз ба?» деген сұрақтар көп көкейінде. Оның үстіне биыл су жайы өткен жылғыдан да қиын болады екен деген желдей ескен ақпарат алаңдатып қойды. Өткен жылдың оңай болмағаны онсыз да белгілі.

Судың жайын ойлап, жаңалыққа елеңдеген елге кешелі бері су тапшылығы биыл да сезілетіні айтылуда. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Сырдария бойындағы елді мекендер үшін биылғы жаздың да оңай болмайтынын жасырмады. «Сырдария өзенінің суы мол жылдарда Тоқтағұл су қоймасы толып кететін. Бұл – өзеннің ең жоғарғы бөлігінде орналасқан су қоймасы. Оның сыйымдылығы – 19,5 млрд текше метр. Жазда экологиялық жағдай қалыпты болуы үшін сәуір айына қарай осы қоймаға 15 млрд текше метр су жиналуы керек. Өкінішке орай кейінгі 4 жылда Тоқтағұл қоймасына мұнша су жиналмады», – деді ол.

Өңірде сенбі-жексенбі күндеріне қарамастан Сырдария жайын талқылаған басқосулар өтуде. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровпен кездесті. Басқосуда өңірдегі су тапшылығын болдырмау үшін бірлескен Жол картасын қабылдауға қажетті ұсыныстар ескеріліп, талқыланды.

Аймақ басшысы өткен жылы вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өткенін атап өтіп, Шардара су қоймасына түсіп жатқан су көлемі егіншілерді алаңдатып отырғанын жеткізді.

– Егер Шардараға келетін судың көлемі көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасын ғана толтыру мүмкіндігі болады. Ал Көксарай су реттегішіне мүлдем су жиналмайтын қауіп бар. Бұл жағдайда күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Қазір шаруашылықтар егін егуге дайындық жұмысына кірісті, тұқым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқаптарын жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістігін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінде су тоспасын салу мәселесі өзекті болып отыр. Жалпы су тапшылығының алдын алу үшін Жол картасында қаралған жобаларды іске асыруға министрлік көмек береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Басқосуда аймақ басшысы қашыртқы суды қайталама пайдалану үшін «Қазсушар» мекемесіне 67 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлу шұғыл шешілу қажеттігін жеткізіп, облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаржы қарастырылып жатқанын айтты. Яғни биыл қазынадан 20 канал тазалау мен елді мекендерге 23 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлінеді.

Комитет төрағасы вегетациялық кезең қиын жағдайда өтетінін айтып, шаруашылықтар суды үнемдеп пайдалану қажеттігін айтты. «Судың тапшы болуының бірінші себебі климаттық факторларға байланысты. Болжам бойынша биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады. Бұл үшін каналдарды тазалау, насостық станцияларды орнату ісіне мән береміз. Күрделі кезеңнен шығу үшін облыста арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Бүгінде арнайы техникалық кеңес өткізіп, вегетациялық кезеңде атқарылатын іс-шараларды талқылаудамыз. Сондықтан шаруашылықтар қалыптасқан жағдайға түсіністік танытып, егін көлемін бар суға есептеп, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек», – деді Нұрлан Алдамжаров.

Сондай-ақ басқосуда Президент тапсырмасымен су қоймаларын салу мәселелері де сөз болды. Өңірде 775 млн текше метр су жинайтын Қараөзек арнасында су қоймасы салынады. Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Республикалық бюджет есебінен жобаның жоба сметалық құжаттамасы әзірленген. Енді мемсараптаманың қорытындысынан кейін құрылысы басталмақ.

Облыс әкімі салалық басқарма басшыларына шаруаларға суды үнемдеп пайдалану жайын түсіндіру қажеттігін және нақты іске уақыт оздырмай кірісуді тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: