Жексенбі, 28 сәуiр, 11:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

«Сыр өңірінің зергерлік өнері» Ақтау халқына таныстырылды

30.05.2023

7260 0

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі ынтымақтастық байланыстар аясында Ақтау қаласына музей қорындағы зергерлік бұйымдар коллекциясынан «Сыр өңірінің зергерлік өнері» атты этнографиялық көрме ұйымдастырды.

Ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алатын қазақ қолөнерінің бір түрі – зергерлік өнер. Көрмеге сақ дәуірінен (б.з.д. 4-2 ғ.ғ.) мәлімет беретін Шірік-Рабат мәдениетіне жататын Бәбіш-Мола қалашығынан табылған алтын әшекейлер, ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған (14-15 ғ.ғ), Алтын Орда дәуірімен мерзімделетін алтын әшекей бұйымдар, ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырдың басымен мерзімделетін Сыр бойында пайдаланылған күміс зергерлік бұйымдар қойылды. 

Қазақ ұлтының зергерлік өнері, ою-өрнегі –ғасырлар қолтаңбасы, ата-бабалар тіршілігінің куәгері, солардан қалған өшпес мирас, өлмес мұрасы. Сыр бойы халқының өнер қазаны ешқашан ортайған емес. Ерекше қасиет дарыған Сыр бойы халқының ішінде асылдың сынығы, тектінің тұяғы зерделі зергерлер көп болған. Көрмеге сырдариялық елге белгілі зергер Мизам Төлегеновтің, Арал топырығанын шыққан атақты зергер Құдайберген Құлманбетовтің, шиелілік зергер-ұста Бекзат Жақыповтың туындылары және Сыр халқы арасында жинақталған зергерлік бұйымдар орналастырылды. Сыр бойындағы халық шеберлерінің өнерін насихаттау, көркем қолөнер бұйымдарын қазіргі заманға сай қолдана білу, халқымыздың бай, өзіндік ерекшелігі бар мұраларымен таныстыру – қасиетті міндет болып отыр. 

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында қазіргі таңда екі мыңнан аса зергерлік бұйым сақталуда. Этнографиялық көрме Сыр елі нақышында жасалған, жасалу техникасында өзіндік ерекшелігі бар қазақ халқының гигиеналық бұйымдары, той-думандарда тағынған салтанатты әшекейлерді, күнделікті тұрмыста қолданған зергерлік бұйымдарды қамтиды.

Зергерлік бұйымдардың басты материалы – алтын, күміс, пайдаланған асыл тастары – ақық /сердолик/,  көгілдір ақық /бирюза/, коралл /маржан/, жемчуг /інжу/, шыны. Сыр өңірінің зергерлік бұйымдарын жасау технологиясы – қаралау, шекіме, сымкәптеу, безеу, нүктелеу т.б. 

Ақтау халқына – қала қонақтары мен тұрғындарына Сыр өңірінің зергерлік өнері туралы ақпарат беру, әр әшекейдің атқаратын қызметін, қолдану ерекшелігін баяндау, жастарды сұлулық пен әсемдікке, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелеу, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар насихатталды. Соның нәтижесінде екі өңірдің зергерлік өнері салыстырылып, зергерлік бұйымдардың жасалу техникасындағы ерекшіліктер анықталды. Маңғыстау жұртшылығына Сыр өңірінің зергерлік өнері насихатталып, Сыр зергерлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар, ою-өрнек түрлері халық назарына ұсынылады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: