Сенбі, 27 шiлде, 06:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59-2069
27.07.2024
PDF мұрағаты

Сырдариядағы су деңгейі: алаңдауға негіз жоқ

07.02.2023

503 0

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте су мамандары алаңдауға негіз жоқ екенін және бақылау, дайындық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жалпы, көршілес Түркістан облысында болған су тасқынынан кейін Қызылорда халқы да табиғи апаттан үрейленіп отырғаны жасырын емес. Осы мәселеге орай Арал-Сырдария бассейні инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнолла Қазтоғанов пен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысанының пайдалану бөлімінің

басшысы Айдос Асанбаев баспасөз жиынына жиналды.

− Қазіргі таңда Шардара су қой­масындағы су көлемі 4633 млн текше метр, қоймаға түсіп жатқан су көлемі секундына 1453 текше метр және төменге тасталып жатқан су көлемі секундына 900 текше метрді құрап отыр. Ал Қызылорда облысы шекарасындағы Көктөбе су бекеті арқылы секундына 645 текше метр су келіп, Қызылорда су торабынан өзеннің төменгі ағысына 416 текше метр су жіберілуде. Одан әрірек Әйтек су торабына 370 және Қараөзек арнасына 42 текше метр су жіберілуде, − дейді Арал-Сырдария бассейні инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнолла Молдағалиұлы.

Маманның айтуынша, қазіргі кезде Қызылорда облысында су деңгейі бір­қалыпты. 3 ақпанда Арыстан Көксарайға келетін су көлемін есептеп, суды облыс аумағындағы тораптарға қауіпсіз рет­тестіру жобаларын есептеп қойған. Сонымен қатар су шаруашылығының жағдайына да күнделікті жергілікті ат­қарушы орган, төтенше жағдай мамандары және су шаруашылығы ұйымдарымен үздіксіз бақылау жүргізілуде.

− «Қазсушар» республикалық мемле­кеттік кәсіпорнының әр ауданда өн­дірістік бөлімшелері бар және ондағы мамандар үздіксіз жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда қауіптің алдын алу мақ­сатында барлық ауданда іс-шара жос­пары бекітіліп, 24 сағаттық бақылауға алынды. Су тораптары пайдалану ере­же­леріне сәйкес транзиттік режимде жұмыс істеуде, − дейді  «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруа­шылығы нысанының пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.

Айдос Әлібекұлы өз сөзінде Сырдария өзеніндегі ахуал тұрақты екенін және өзеннің әр учаскесі мамандар бақы­лауында екенін айтты. Ал көршілес аймақтағы жағдай туралы бөлім басшысы: «Түркістан облысындағы жағдай біздің өңір халқын алаңдатпай қойған жоқ. Бірақ ол жағдайдың су деңгейінен емес жауын-шашынның әсерінен болғанын ескеру қажет. Ал келетін судың мөлшері  Көксарай су торабы арқылы реттеліп отыр», − деп жауап берді.

Тағы бір айта кетерлігі, Су ресурстары комитеті тарапынан штаб құрылып, 15 қаңтардан бастап «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалында тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік пункт ашылған. Яғни өңір тұрғындары кез келген уақытта «23-36-68» байланыс нөмі­ріне қоңырау шалып, аймақтағы су деңгейі және оған қатысты мәселеге ресми, толыққанды мәлімет алуына мүмкіндік бар. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: