Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі жөнінде кеңес өтті. Келелі кеңеске мақала соңында тоқталамыз. Алдымен елдің қаржысы мен мүлкін заңсыз иеленгендердің ісімен кім немесе қай орган айналысатынын және қанша қаржы қайтқанын баян етейік.
Активтерді қайтарумен қай орган айналысады?
Қазақстан Президентінің тапсырмасынан соң Бас прокуратура құрылымында өзгерістер болып, халықаралық құқықтық ынтымақтастық қызметі құрылды.
Бас прокуратураның ресми сайтында: «Мемлекет басшысының елге заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару, сондай-ақ экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде осы бағыттағы барлық мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 қазандағы №1029 Жарлығымен Бас прокуратурада Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі құрылды» деп ақпарат берілген.
Сондай-ақ Бас прокуратура құрылымындағы бұл өзгерістер елден капиталдың кетуіне және шығарылған активтерді қайтаруға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауға мүмкіндік беретіні жазылған.
Арнайы қызметтің негізгі міндеттері экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және тауар нарықтарын монополиясыздандыруға, сондай-ақ шетелден заңсыз активтерді репатриациялауға ықпал еткен жағдайларды анықтау бойынша жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру болып табылады.
Қайтқан қаржының көлемі қанша?
Негізі заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару үдерісі басталғаннан кейін жемқорлардан қайтарылған қаражатты жинақтайтын арнайы қор құрылған болатын. Ескендір Зұлқарнайдың egemen.kz-те биыл 18 тамызда жарық көрген «Қайтқан қаржының қайыры» атты материалында өткен жылдың желтоқсан айынан бері қорға 151,6 миллиард теңге түскені туралы дерек келтірілген.
Үкіметтің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, бұл қаражат мектептер құрылысына жұмсалып жатыр. Яғни Президент тапсырмасы жүзеге асырылуда деген сөз. Қолда бар деректерге қарағанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 76 мың орынға шақталған (екі ауысымдық) 62 мектеп құрылысы қаржыландырылған.
Еске сала кетейік, осы жылдың 12 мамырында Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған бас прокурор Берік Асылов қатысты.
Ведомство мәліметінше, бүгінде мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 миллиард теңгеден аса сома активтері қайтарылған, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар қайтқан.
Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 миллиард теңге активтерін қайтаруды қамтамасыз еткен, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар.
Берік Асылов кулуарда бұл қаржының бір бөлігі бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды zhasalash.kz. Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден аса сұрау хат жолданғаны айтылды. Ол бойынша 100 миллион АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынған.
Бас прокурор активтер Лихтенштейн, Австрия, Біріккен Араб Әмірліктері және Гонконг сияқты елдерден қайтарылғанын мәлім еткен. Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 миллиард теңгеден аса салық өндіріп алды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтары компанияларына 7 миллиард теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 миллиард теңгеге санкциялар қолданған. Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан аса жер қайтарылған. Сондай-ақ нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылып отыр.
Бұл мамыр айындағы дерек екенін айта кетейік. Одан беріде қаншама қаржы қайтып жатыр. Толыққанды ақпарат болмаған соң нақты суммасын айта алмай отырмыз. Осы жылдың 15 қыркүйегінде inbusiness.kz-ке жарияланған материалда Қайрат Боранбаевтың өзі мемлекетке 90 миллиардтың мүлкін қайтарып, мемлекет қорларының біріне 30 миллиард теңге аударғаны туралы дерек келтірілген.
Заң не дейді?
Жалпы заңсыз иемденген актив дегеніміз не? Жауапты заңнан іздейік. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының заңында: «Заңсыз иемденілген активтер – соттың осы заңда көзделген негіздер бойынша пайда болуы түсініксіз активтер деп тануына байланысты мемлекетке қайтарылуға жататын активтер», – деп көрсетілген. Заңда пайда болуы түсініксіз активтерге де тоқталған. «Пайда болуы түсініксіз активтер – тиісті тұлға активтер құнының өзінің заңды кірістерінің не осындай активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшеріне сәйкес келуін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа дәлелдей алмаған, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтері», – деп жазылған.
Заң тіліндегі мәтінді бірнеше мәрте қайталай оқымаса, күйбең тірлікпен жүрген адамның бірден түсінуі қиын. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрын заңды белден басып, мемлекет мүлкін өз атына аударғандарға тықыр таяды деген сөз. Олардың өздері түгілі туыстары да тексеріледі. Әйтпесе кейбір пысықайлар інісінің, әйелінің, баласының немесе әке-шешесінің атына бүкіл мүлкін тіркеп, өзі дымы жоқ адамдай жүруі мүмкін. Өмір болған соң ондай да кездеседі. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының заңында ол жағына да мән берілген. Заңда: «Туыстық қатынастары бар адамдар – ата-аналар (ата-ана), балалары және олардың жұбайлары (зайыптары), бала асырап алушылар және олардың жұбайлары (зайыптары), асырап алынған балалар және олардың жұбайлары (зайыптары), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар) және олардың жұбайлары (зайыптары), ата, әже, немерелер, шөберелер және олардың жұбайлары (зайыптары), арғы ата, арғы әже», – деп жазып, үрім-бұтағына дейін тексерілетінін айқын көрсеткен. Тіпті күдікке ілінгендердің әйелі не күйеуі болса, олардың туыстары да тексерілуі бек мүмкін. Енді қалталылар дүние мүлкін өзінің туысы түгілі, жұбайының туыстарына да тіркей алмайды.
Мақаламызға негіз еткен заң осы жылдың 12 шілдесінде бекігенін де айта кеткен жөн.
Квазисектор да тексеріледі
Жаңа заң квазимемлекеттік секторға да қатысты. Демек олардың да жауапкершілігі қаралады деген сөз. Бұл туралы azattyq-ruhy.kz-те жарияланған «30 жыл бойы мемлекетті қанаған, тонағандарды жазалайтын заң қабылданды» атты мақалада баян етілген. Мақалаға Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сөзін тақырып етіпті. Сондай-ақ мәжілісмен Дәулет Мұқаевтың пікірін берген.
Халық қалаулысы заңсыз иемденгендер тізімінде квазимемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік әкімшілік құрылымдарда жұмыс істеп, мемлекеттің байлығын заңсыз иемденгендер болатынын айтқан. Дәулет Мұқаев: «Бұл заң осы уақытқа дейінгі 30 жыл ішінде сыбайлас жемқорлықпен айналысқандарға, яғни квазимемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік әкімшілік құрылымдарда жұмыс істеп, мемлекеттің байлығын заңсыз иемденгендерге қолданылады», – деген ойын жеткізген.
Ал квазимемлекеттік сектор дегеніміз не? Ол – мемлекеттің қатысуымен, тіпті ықпалымен құрылған құрылым. Біздің жағдайда ол жауапкершілігі шектеулі серіктестік не акционерлік қоғам болуы мүмкін. Бірақ жеке дейін десең жеке емес, мемлекеттік дейін десең мемлекеттік емес мекеме.
Ақордадағы кеңес
Мақаланың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі жөнінде кеңес өткенін жазғанбыз. Президенттің ресми сайтындағы ақпаратта Ақордада өткен жиынға Премьер-министр Әлихан Смайылов, Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Бас прокуратураның басшылығы қатысқаны баян етілген.
Ақордадағы әріптестердің мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысына заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі бойынша қабылданып жатқан шаралар мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері баяндалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге және мемлекетке қайтарылған активтерді елімізді дамыту үшін пайдалануға бағытталған бұл жұмыстың маңыздылығын атап өткен. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы іске жұмылдырылған барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жандандыру қажет екенін айтып, бірқатар тапсырма берген.
Мақалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдап, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды жүзеге асыруға қатысты заңға тәуелді актілерді жедел қабылдау үшін Бас прокуратурамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырғанын қоса кеткенді жөн санадық. Бұл дегенің мемлекеттің мүлкі мен қаржысын заңсыз иеленгендермен күрестің күшейетінін білдіреді. Демек, мемлекет мүлкі мен қаржысын жекесіндей көретіндерге тықыр таяды. Осы уақытқа дейін ұрса да таяқ батпайтындай жүрді. Енді оларда екі-ақ жол бар: заңсыз жиған дүние мүлкін мемлекетке өз еркімен қайтару не заң алдында жауап беру.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!