Шығыс Қазақстан облысында девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатынан төрт жасөспірім қашып кеткен. Олар қатты аязда сырт киімсіз дәретханада жасырынып, тоңып қалған. Айтуларынша қашуға мекемедегі әлімжеттік себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желідегі ақпаратқа сай, жасөспірімдер қатыгездік көргендіктен мекемеден қашып кеткенін айтқан. Прокурорлар мен полиция тексеруді қолға алды. Ал мектеп басшылығы мұндай жағдай алғаш рет емес екенін айтқан.
«Серебрянск қаласында арнайы мектептің балалары бірнеше рет қашып, өздеріне үлкен қауіп төндіруде. Мұның себебі – бұл мектептегі жағдай қорқынышты. Балалар әлімжеттіктің, физикалық зорлық-зомбылықтың және қорлаудың құрбаны болып жүр. Салдарынан олар қашып, көшедегі қоғамдық дәретханаға тығылып, аязда үсіп жүр. Бұл үшін кім жауап береді?»- делінген Instagram-да жарияланған хабарламада.
Айта кетейік, бүгін түнде Серебрянск орналасқан Алтай ауданында ауа температурасы 35 градусқа дейін төмендеген. Пайда болған видеода төрт жасөспірім қысқы киімсіз жейдеде ғана болған.
«Міне, қолдары қатып қалған. Өтінемін, көмектесіңіздер. Балалар жейдемен отыр», – делінген видеода.
Арнайы мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Сарқыт Давлетова оқушылардың қашқанын жоққа шығармады.
«Балалар түнде табылды. Барлығын бірден ауруханаға жібердік. Екеуі жазылды», – деді Сарқыт Дәулетова.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта балалармен бірге жауап алынып жатқанын айтты. ШҚО білім басқармасы іске байланысты әзірге нақты түсініктеме бермеді.
Ресми ақпарат бойынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері әлі расталған жоқ. Сонымен қатар олар «үнемі қашатындар» санатында болған.
Бұл мекемеде 50-ге жуық тәрбиеленуші бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!