Конституция

Сенбі, 04 шiлде, 01:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50 (2262)
04.07.2026
PDF мұрағаты

Бір пәтерге сыйған тағдырлар

04.07.2026

24 0

«Театр – адам жанының айнасы» деген тағылымды сөз бар.  Ондағы өмірдің сан қилы бояуы, адамның қуаныш-қайғысы, арманы мен өкініші көрерменнің көз алдында қайта тірілгендей әсер қалдырады. Қалалық «Жастар» театры осындай әсерлі кештердің бірін көрерменге ұсынды. Жаңа маусымда жастардан құралған театрдың «Жалғыз куәгер» атты драмалық спектаклінің премьерасы көпшілікке жол тартты.

Қазыбек Аманжолдың «117 пәтер» шығармасының желісімен сахналанған қойылым алғашқы сәттерден-ақ көрерменді өз әлеміне жетелеп әкетті. Сахна шымылдығы түрілген сәттен-ақ көрерменді өзіне баурап алған «Жалғыз куәгер» қойылымы – тар кеңістікке сыйған үлкен өмірдің айнасы іспетті. Қоюшы ұжым бір ғана жалдамалы пәтерде қаншама тағдыр мен қоғамның ащы шындығын көрерменге әсерлі жеткізді.

Қойылым ерекшелігі сол оқиға Исмайл Омаров есімді «домовойдың» көзқарасы арқылы өрбиді. Ол жылдар бойы осы шағын пәтерге қоныстанып алған. Көрінбейтін адам кейіпіндегі Исмайл адамдардың қуанышы мен қайғысына үнсіз куә болып, әр тағдырды жүрегінен өткізіп, күнделігіне жазып отырады. Жаңа тұрғындар келген сайын көрермен де сол күнделіктің парақтарын бірге ақтарып, әр отбасының ішкі әлеміне саяхат жасайды.

Спектакльде қоғамдағы өзекті мәселелер көрініс тапқан. Жалдамалы пәтердің тар бөлмесіне сыйған үлкен өмірдегі сүйіспеншілік пен сатқындық, үміт пен өкініш, жалғыздық пен жан жылуы, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, перзентке деген сағыныш секілді тақырыптар қозғалды.

Әсіресе бір-біріне ұқсамайтын әр отбасының тағдыры арқылы көрермен кейіпкерлердің бірінен өзін көріп, қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасты. Қойылымдағы юмор көріністері өмірдің ауыр салмағын жеңілдетіп, ал драмалық сәттер жүрекке ерекше әсер қалдырады. Қойылым үміт пен өкінішті табиғи үйлестіріп, көрерменді терең ойға жетелейді.

Режиссер Рамазан Үсенов шығарманың идеялық мазмұнын сахна тілі арқылы әсерлі жеткізе білген. Ал театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Оңталап Нұрмахановтың шығармашылық ұстанымы спектакльдің мазмұндық тереңдігіне өз ықпалын тигізгені байқалады.

– Сахнада көтерілген мәселелер әрбір көрерменнің басында кездесе бермейтін шығар. Бірақ бұл бір қазақтың басынан өтетін шынайы жағдай. Ал қазақтың тағдыры, мұң-мұқтажы біздің жанымызды ауыртпай қоймайды. Бұл тақырыптарға қайта-қайта тоқталып, жиі қозғап жүргеніміздің басты себебі де осы. Бүгінгі таңда театр көрермені арзан күлкі мен жасанды комедиялардан, хандар соғысынан шаршады. Олар сахна төрінен өз бейнесін, күнделікті өмірдегі таныс жағдайларды көргісі келеді. Сондықтан бұл туынды қазіргі талғампаз көрерменнің көңілінен шығады деген үмітіміз зор, – деді режиссер Рамазан Үсенов

«Жалғыз куәгер» қойы­лымы бүгінгі қоғам­дағы әлеуметтік және отбасылық мәселелерді көтеріп қана қоймай, адамды өз өміріне сырт­тай көз жүгіртіп, өт­кеніне есеп беруге, жақын­дарының қадірін баға­лауға үндейді.

Көрермен залынан шыққан дүйім жұрт спектакльден өзіне таныс бір тағдырды, өз өмірінен бір үзінді көргендей әсер алды. Өйткені уақыт өзгергенімен, мекен ауысқанымен, адам жүрегіндгі махаббат, сағыныш пен үміт өзгермейді. Ал «Жалғыз куәгер» дәл осы өмір ақиқатын шынайы әрі әсерлі жеткізе алған тағылымды туынды ретінде театр сүйер қауымның жүрегінен орын алды.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: