Мемлекет басшысы елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыруда «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Ремводпроект» өндірістік учаскесі маңызды рөл атқаруда. Биыл су алу науқанына дайындық шеңберінде өндірістік учаске су шаруашылығы нысандарының сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс–шараларды толық көлемде орындады.
2010 жылы құрылған өндірістік учаске бүгінде гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, мелиоративтік іс-шараларды жүзеге асыру, металл конструкцияларын дайындау мен орнату, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында тұрақты жұмыс атқаруда.
Қазіргі таңда өндірістік учаскеде 127 қызметкер еңбек етеді. Кадрлық әлеуетті нығайту және білікті мамандарды тарту мақсатында жыл басынан бастап қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға дейін көбейді. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек жағдайларын жақсартуға көңіл бөлінуде. Мамандар маусымдық арнайы киімдермен қамтамасыз етілген, ал далалық жұмыстарға тартылған қызметкерлер арнайы жабдықталған вагондармен қамтылған.
Еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында өндірістік учаскеде фельдшердің штаттық бірлігі қарастырылып, іс сапарға шығатын қызметкерлер мен механизаторлар тұрақты медициналық бақылаудан өтеді.
Су алу науқанына дайындық аясында механикалық тазарту жұмыстарының жоспарына сәйкес жалпы ұзындығы 52,7 шақырым суару каналдары тазартылып, белгіленген тапсырмалар толық орындалды. Сонымен қатар су өткізу қабілетін арттыру және шаруашылықтарды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоспардан тыс қосымша 34,2 шақырым канал механикалық тәсілмен тазартылды. Нәтижесінде су беру маусымына дейін жалпы ұзындығы 86 шақырым канал тазартылып, өңірдегі ирригациялық жүйелердің тиімді жұмыс істеуіне және ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасалды.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да бірқатар маңызды жұмыс жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 29 гидротехникалық нысанда ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, олардың пайдалану сенімділігі мен техникалық жай-күйі жақсартылды. Алдағы уақытта су ресурстарын есепке алу мен басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу жұмыстары жалғасады. Су алу науқаны аяқталғаннан кейін Шиелі ауданы аумағында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы өлшеу станцияларын қайта жаңғырту жобасын іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар Жаңақорған, Шиелі және Қармақшы ауданы аумақтарында стационарлық сорғы станцияларының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл жобалар өңірдегі су ресурстарын тиімді басқаруға және суармалы жерлердің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өндірістік әлеуетті күшейту мақсатында арнайы техникалар паркі де жаңартылды. Бүгінде өндірістік учаскенің теңгерімінде 94 бірлік арнайы техника мен автокөлік бар. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі қолдауымен 2025 жылы «Өнеркәсіптік қолдау қоры» арқылы 48 жаңа техника мен автокөлік сатып алынды.
Заманауи техникалардың іске қосылуы су шаруашылығы нысандарындағы жұмыстардың өнімділігі мен сапасын арттырып, шаруашылықтарға су жеткізу үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік беруде. Су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық нысандарды сапалы күтіп ұстау және ирригациялық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – өндірістік учаскенің негізгі стратегиялық міндеті. Алдағы уақытта да ұжым су шаруашылығы саласын дамытуға, су инфрақұрылымын жаңғыртуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға өз үлесін қоса береді.
Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бекіткен индикативтік жоспарға сәйкес биыл облыс көлемінде 185,8 мың гектар егіс алқабы орналастырылып, оның ішінде 70,0 мың гектарға күріш дақылы егілді. «Ремводпроект» өндірістік учаскесі мамандарының мүлтіксіз қызмет атқаруының арқасында тұтынушыларға каналдар арқылы су беру жұмыстары жүйелі түрде орындалуда.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су ресурстарын тиімді пайдалану мен су тұтынушыларды сапалы қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары жалғаса береді.
А.Б.ЕШНИЯЗ,
«Қазсушар»РМК Қызылорда филиалының «Ремводпроект» ӨУ басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!